ЛЕПТОСПИРОЗ, ЛИСТЕРИОЗ, НЕКРОБАКТЕРИОЗ Лептоспироз(Leptospirosis) – табиғи ошақты, дене қызуының көтерілуі, несепте қан мен гемоглобин болуы, кілегейлі қабыкқтар мен терінің сарғайып, өліеттенуі, ішек-қарынның қимылы нашарлап, буаз малдын іш тастауы, төлді шалажансар тууы арқылы ерекшеленетін зооантропонозды ауру. Ауруды адамда ең алғаш рет өзінше жеке ауру екенін Германияда Weil /1886/, ал ресейде Н.П. Васильев сипаттады. Қоздырушысын 1914 жылы жапондықтар ашты /Inado мен Ido/ және 1916 жылы осы елдің ғалымдары /Мапі, Idо, Нoki/ адамға егетін вакцина жасап шығарды. Иттерде Штудгарт ауру деп аталды.Жалпы бұл ауру жер шарының барлық елдрінде кездеседі, әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі ұшырасады. Қазақстан бұл ауру бойынша бірінші ондықта тұр, және барлық облыстарда кездеседі. Қоздырушысы Spirochetalis (спирохет) тұкымдастығының Leptospira туыстастығына жатады /Lepto - нәзік, spira – иір, спираль/. Бұл екі түрден тұрады, паразитарлық – L.Interogans және сапрофиттік - L.Biflexa. Негізгі жиі кездесетін /қазақстандағы/ лептоспиралар төмендегідей: L.grippotiposa, L.pomona, L.Tarassovi, L.Hebdomanis, L.Ichterohcemmorrhagia, L.Kasahstaniка. Бұл аурумен барлық ауыл шаруашылық малдары мен қоса көптеген жабайы жануарлар ит, мысық, әртүрлі кемірушілер, соның ішінде құстар да ауырады. Табиғи жағдайда лелтоспирозбен шошқа және сиыр жиі ауырады. Ит пен салыстырғанда мысық анағұрлым төзімді, күзен де сирек ауырады, үй және жабайы кұстар төзімді келеді. Лептоспирозбен адам да ауырады. Бірақ адам бұл ауруға бейім болғанмен, оның қоздырушысын ары қарай тарата алмайды яғни "биологиялық тұйықтық" болып есептеледі де, індеттенуде оншама маңызы болмайды. Зардапты лептоспиралардың бастауы мен қоймасы-ауылшаруашылық және жабайы /әсіресе кеміруші/ жануарлар. Олардын денесінен ауру қоздырушысы сыртқы ортаға несеп, нәжіс, сүтпен, танау мен жыныс мүшелерінен аққан сора, шәует арқылы шығады. Ауру негізінен алиментарлық жолмен жұады. Сиыр мен қойда, әсіресе шошқада лептоспироз жатыр ішінде де жұғады. Сонымен қатар жарақаттанған тері /сызат, жаракат, жәндіктердің шағуы/ және жарақаттанбаған тері арқылы да әсіресе суға түскен кезде, әртүрлі кілегейлі қабықтар /ауыз, кеңсірік, көз, жыныс және асқорыту жолдары/ арқылы енеді және қоздырушының жыныс жолымен берілуі де мүмкін. Берілу факторына ластанған су, жемшөп, жайылым, топырақ, төсеніш және басқа сырткы ортадағы заттар жатады. Ал осылардың ішіндегі ең негізгі берілу факторы - су арқылы жұғу. Ауру жылдың кез келген маусымында, бірақ жайылымдағы малда жаз-күз мезгілінде жиірек байқалады. Қазақстанда аурудың шыңы июнь-июль айларына тұспа-тұс келеді. Сондықтанда вакциналауды ертерек жүргізеді. Лептоспиралар организмге енгеннен соң өте жылдам қозғалуының нәтижесінде тез арада қанға және ішкі ағзаларға өтеді. Организм жағынан жауап ретінде оларға қарсы 4-5 күндері антиденелер (лизин және агглютинин) түзіледі. Олар лептоспираларды жаппай зақымдай бастайды, сол кезде лептоспиралар эндотоксин бөліп шығарады, ал олар өз кезегінде эритроциттерді ерітіп анемияның пайда болуына және гемоглобиннің көп бөлінуіне әкеп соғады, оның нәтижесінде несепте гемоглобин пайда болуы және билирубиннің көбеюі салдарынан кілегейлі қабықтардың сарғаюы байқалады. Бүйрек закымданғанда несепке гемоглобин ғана емес қан да араласады. Аурудың инкубациялық кезеңі 2 күннен 20 күнге дейін. Ауру жіті, жітілеу, созылмалы түрде өтеді, сонымен қатар лептоспироз симптомсыз, кәдімгідей және кәдімгідей емес түрде өтеді. Жіті түрі дененің ыстығы көтерілуі, кілегейлі қабықтарының сарғайып, несепте гемоглобин мен қан болуы арқылы білінеді. Мұндай симптом кешенін бір сөзбен "иктерогемоглобинурия" деп атайды және бұл атау кейде аурудың қосалкы синонимі ретінде қолданылады. Ал созылмалы, әсіресе симптомсыз кәдімгідей емес түрде өткенде аталған белгілері байқалмайды. Аурудын жіті өтуі 3-10 күнге созылып, егер дер кезінде ем көрсетілмесе онда өлім көрсеткіші 50-70%, ға дейін жетеді. Ересек ірі қарада ауру негізінен жеңіл өтіп белгілері көзге оншама түспейді. Бастапкы кезде ыстығы аздап қана көтеріліп, жануар сәл күйзеліп, денесі шамалы сарғайады несебінің түсі қызғылттанады. Лептоспироздың жіті түрінде де, созылмалы түрінде де нефрит байқалады. Лептоспироздың созылмалы түрі сирегірек кездеседі және малдың аруымен, кілегей қабықтарының бозаруымен, өліеттенуімен шаптағы сөл түйіндерінің үлкейюімен, қайта-қайта дене қызуының көтерілуімен қоса бір уақытта несепте қанның болуымен сипатталады. Лептоспироздың сиырдағы ең басты белгісі - буаз кезінде іш тастауы, бұзауды өлі немесе шалажансар тууы, сонымен қатар аурудың салдарынан малдың бедеу болып қалуы мүмкін. Ит пен терісі бағалы андар лептоспироз кезінде ыстығы көтеріліп (41С дейін), күйзеліп, тамаққа карамайды, құсып, катты шөлдейді, артқы аяғынан ақсайды. Қан аралас іші өтіп, кейде іші катады. Кілегейлі қабықтарының сарғаюы итте сирек, ал түлкі мен қарсақта жиі кездеседі. Несеп жиі және аз мөлшерде бөлініп, оның кұрамында белок ұшырасады, түсі сарғыш немесе коңыр болады. Аузының іші қолдырап, қабыршақтанып тұрады, жағымсыз иіс шығады. Мойнындағы, шабындағы сөл түйіндері ұлғаяды. Кейде көзінен ірің ағады. Ауру 2-12 күнге созылып, көбінде өліммен аяқталады. Өлім көрсеткіші 50-90%. Өлер алдында жүйкенің закымданған белгілері байқалады. Паталогоанатомиялық өзгерістер әр түрлі болады, жануарлардын әрбір түліктерінде негізінен ұқсас келеді де, дененін сарғаюы, анемия, геморрагиялық диатез, тері мен кілегейлі қабықтарының өліеттенуі, үлпершекті ағзалардың дегенеративті қабынуы аркылы сипатталады. Бірақта жануарлардың түрі мен жасына, ннфекцияның өту ерекшеліктеріне байланысты бұл белгілердің басымдығы мен ара қатынасы әртүрлі болады. Ең бір айқын өзгерістер бауыр мен бүйректерде ұшырасады. Бауырдың негізінен көлемі ұлғайып, келбеті өзгеріп кетеді. Түсінің реңі бозғылт сарыдан кызыл күреңге дейінгі аралықта болады, консистенциясы тығызданып немесе болбырап, тіпті үгітіліп тұруға дейін жетеді. Кейде паренхимасында өліетенген немесе қанталаған ошақтар ұшырасады. Өт кабы ұлғайып, коймалжың, желімше созылған қара-коңыр яки бозғылт жасыл түсті өтке толы болады. Кейде кілегейлі кабығының әрбір жері немесе түгелдей қанталайды. Ұшасы сарғыш тартып кетеді, яғни сау ұшадан бөлектеніп көзге түсіп тұрады. Бүйректерінің көлемі ұлғайып, болбырап тұрады, қан толуына, дегенеративтік өзгерістер мен пигменттенуіне байланысты түсі бозғылтым кызыл, қызыл күрең, кейде аздап жасыл ренді болып келеді. Лептоспирозды айқындау үшін жан-жақты індеттанулық (эпизоотологиялық және эпидемиологиялық), клиникалык, патанатомиялық талдаумен қатар мұқият бактериологиялык, серологиялык және гистологиялық тексерулер жүргізіледі. Лептоспироздың серологиялык диагностикасы ретінде микроагглютинация (МАР) (РМАЛ- реакция микроагглютинации и лизиса) немесе макроагглютинация (АР) реакцияларын қолданады. Емдік шараларды іске асырғанда лептоспироздың жіті, жітітілеу және симтомсыз өтіп, оның барлығы да лептоспира алып жүрумен аякталатынын ескеру қажет. Жіті және жітілеу өткен кезде иктерогемоглобинурия және гематурия байқалады да, ең нәтижелі шара - гипериммунді қан сарысуын қолдану болып табылады. Мұндай симптом байқалғанда антибиотиктер айтарлыктай нәтиже бермейді. Лептоспирозбен ауырып жазылған жануарда өзіне тән иммунитет қалыптасады. Ол бастапқыда стерильсіз, кейіннен стерильді түрінде байқалады да, ұзақ мерзімге сақталады. Лептоспираның бір сероварынан ауырып жазылған жануар сол серовардан қайталап ауырмайды. Дауалаулық препарат ретінде әртүрлі сероварлардан екі вариантта шығарылатын ВГНКИ-дің поливалентті деполандырылған вакцинасы қолданылады. Дауалау және күресу шаралары.Барлық жаңадан келген малды 30 күн карантинде ұстап, лептоспирозға тексереді. Қан сарысуы лептоспирозға МАР немесе АР беретін аталық малдарды шағылысқа қосуға тиым салынады. Малдың іш тастауы, төлді шала тууы, ауруға шалдығуы мен өлімге ұшырауы үнемі катаң есепке алынып, себебі анықталып отыруы керек. Лептоспирозға күдік туғанда патматериал алынып, лабораторияға жіберіледі. Лептоспироз байкалған жағдайда шаруашылыққа шектеу койылып, жануарларды малдану мақсатымен әкетуге, лептоспирозға қарсы егілмеген малды әкелуге, мал дәрігерінің келісімінсіз малды араластыруға, лажсыз сойылған малдын қасаптық өнімдерін сатуға, ашық су көздерінен малды суаруға, лептоспирозға қарсы егілмеген сау малды лептоспирозбен ауырған мал жайылған жайылымға жаюға болмайды. Листериоз (Listeriosis) – орталық жүйке жүйесі, жыныс мүшелері, желін зақымданып, өлітию ретінде өтетін жұқпалы ауру. Бірінші рет бұл ауруды үй қоянында Лисет (1892) сипаттады, ал Д.А.Жилл (1931) бірінші рет қойдың ауыратынын анықтады. Кейінірек листериозбен құстың, сиырдың және басқа да жануарлардың ауыратындығы анықталды. Бұрынғы кеңес өкметінде 1936 жылы анықталды, ал Қазақстанда өзінше дербес ауру ретінде 1962 жылдан бастап тіркеле бастады. Қоздырушысы – Listeria monocytogenes грамтеріс, таяқша тәріздес бактерия. Листериялар сыртқы ортада ұзақ уақыт бойы сақталады және төменгі температурада әртүрлі субстрат пен сүрлемде өсіп-өне алады. Кебек пен сұлыда 105, ал шөп пен ет-сүйек ұнында 134 күнге дейін тіршілігін жоймайды, тұздалған етте төменгі температурада ұзақ уақыт бойы өлмейді. Листериозға қой, ешкі, сиыр, шошқа, жылқы, қоян, күзен, тауық, үйрек, қаз, күрке тауық бейім. Сонымен қатар ит, мысық және маймылдың да ауырған кездері байқалған. Жалпы алғанда листериялар 92 түрлі жабайы жануарлар, одан қала береді иксод және гамза кенелері, бит пен бүрге, бөгелектің балапан құртынан да бөлініп алынған. Бұның бәрі листриоздың үй жануарларына жұғуы үшін қауіпті. Қазақстанда және көршілес елдерде басқа малдармен салыстырғанда негізінен қой ауырады да, бүл түліктің ауруға шалдығу көрсеткіші де, өлім көрсеткіші де жоғары болады. Листериоздың қоздырушысының бастауы - ауырған және аурудан сауыққан малдар. Олар листерияларды сыртқы ортаға несеп, нәжіс, сүт және көзден, танаудан, жыныс мүшелерінен аққан сорамен бөліп шығарады. Листериоздың ең кауіпті таратушылары және негізгі табиғи қоймасы - тышқан тектес кемірушілер. Олардың бөлінділерімен жайылым, жемшөп, су мен топырақ ластанып, одан барып басқа жануарларға жұғады. Ал ауыл шаруашылық малдары үшім ең басты жұғу факторы сүрлем болып табылады. Әсіресе сапасы нашар, қышқылы аз сүрлемде ауаның температурасы төмен, 0°С-тан біраз ғана жоғары жағдайда листериялар зардаптылығын сақтап, өсіп-өне береді. Әдетте ауру қоздырушысы малдың денесіне негізіен ауыз арқылы, сонымен қатар тыныс жолдары, көз коньюнктивасы, зақымданған тері арқылы енеді. Қан сорғыш жәндіктер: кене, бүрге, бит, т.б. қатысуымен трансмиссивтік жолмен жұғуы да мүмкін. Листериялар денеге енген соң қан мен сөлге өтіп, бүкіл организмді жайлап, көбейеді де ми мен жұлынға енеді. Микроб эндо- және экзотоксиндер бөлуі арқылы әртүрлі ұлпаларды, қанның қыл тамырларын зақымдайды, қанның ақзаттық құрамы өзгеріп, моноциттер саны көбейеді. Инфекциялық процестің одан әрі өршуі қоздырушының уыттылығы мен мал организмінің физиологиялық ахуалына байланысты болады. Жасырын кезеңі 7-30 күнге созылады. Ауру жіті, жітіден төмен, созылмалы түрде өтеді. Клиникалық, белгілері бойынша өлітиген, жүйке жүйесін зақымдайтын, генитальдік және кәдімгідей емес түрлерге бөлінеді. Листериоздың өлітиген түрі жас малда, әдетте 1-3 айлық төлде кездеседі. Оның басты белгілері: дененің ыстығының көтерілуі, күйзеліске ұшырап, жемшөптен қалуы, іш өтуі /қатарлы энтерит/ көбінесе бұзау мен қозыда байқалады, шошқада енесінен бөлінген 2-4 айлық торайларда кездеседі. Осы жастағы және енесін еміп жүрген тораилардың жүйке жүйесі зақымданады. Өлітиген жануардың аузынан ак көбік ағып, тынысы жиілейді, басын кегжитіп шайқай береді. Ауру 7-14 күнге дейін созылып, көбінесе өліммен аяқталады. Жазылған төл жетілмей қалады. Листериоздың жүйке жүиесін зақымдайтын түрі өте жиі кездеседі. Қой мен ірі қараның негізінен орталық жүйке жүйесі зақымданады. Ауырған мал денесін дұрыс меңгере алмай, қозғалғанда тәлтіректеп, бір орында айнала береді. Тепе-тендігін сақтай алмай, тұла бойы тырысып, бұлшық еттері сіресіп, мойыны қисаяды. Сонымен біріге көздің, ауыздың кілегейлі қабықтары қабынады. Аурудың сонғы сатысында тұла бойы мен аяқ бұлшық еттері салданып орнынан тұра алмай жатып қалады. Ауру мөлшермен 10 тәулікке дейін созылып өліммен аяқталады. Гениталдық түрі буаз малда кездеседі. Негізігі клиникалык белгісі - буаздықтың екінші жартысында байқалатын - іш тастау. Әдетте түсіктен кейін ұзақ уақыт шуы түспейді. Жыныс жолдары, әсіресе жатыры қабынып, негізінен іріңді эндометрит, ал кейде желінсау байқалады. Листериозға тән ерекше патанатомиялық өзгерістер кездеспейді. Жүйке жүйесі зақымданғанда ми мен мид қабаттарының тамырлары қанға толып, мидың ұлпасы қанталайды, кейбір ішкі ағзаларда да қанталаған телімдер кездеседі. Өлітиген түрінде көк бауыр мен ішкі сөл түйіндері ұлғайып, ішкі үлпершек ағзалар қанталайды. Листериозды анықтау үшін індеттанулық деректер, аурудың клиникалық белгілері, өлекседегі патанатомиялық өзгерістер және зертханалық зерттеулердің қорытындылары пайдаланылады. Бұл ауруға тән індеттанулык деректер: барлық үи жануарлары, көптеген жабайы жануарлар ауырады, көбінде спорадия түрінде, кейде індет ретінде өтеді, белгілі бір аймақта орын тебуі және кемірушілерге байланыстылығы байқалады, қойда қыс пен көктемге келетін маусымдылығы, жас төл мен буаз жануаралардың бейімділігінің, жоғары болуы. Клиникалық белгілерден ескерілетіндері: жүйкені зақымдайтын және өлітиген түрлері, іш тастау, метрит және мастит. Түбегейлі диагноз бактериологиялық зерттеудің нәтижесінде қойылады. Листериозбен ауырып жазылған жануарларда иммунитет калыптасып, қан сарысуында антиденелер пайда болады. 1975 ж. бастап Қазан ветеринария институтында алынған АУФ (ультаркүлгін сәуле әсер еткен А варианты) штамынан даярланатын вакцина қолданылады. Литериоздың өзіне тән емдік биопрепараттар жоқ. Емдеу үшін антибиотиктер қолданылады. Ем неғұрлым ерте басталса, соғұрлым нәтижелі болады. Тіпті ауру жұғу қаупі туған кездің өзінде де, ем алдын ала жүргізілсе листериоздын алдын алуға болады. Листериоз шыққан фермада малдарды жаппай қарап, ішінара ыстығын өлшейді. Орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілері бар ауырған малдарды бірден союға жібереді. Сауықтырылған шаруашылықтан соңғы ауырған мал жазылған соң 2 ай өткенде қорытынды дезинфекция мен дератизация жүргізіп барып, шектеу алынады. Некробактериоз (Necrobacteriosis, Сарып) – негізінен сирақтың бақайы, кей жағдайда ауыз, желін, жыныс мүшелері, өкпе, бауыр, бұлшық еттер мен басқа да мүшелер мен ағзалардың іріндеуі және өліеттенуі арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру. Бұл індет барлық жерде тараған. Қоздырушысын бірінші рет бөліп, анықтаған Р.Кох (1881) болды, бірақ толығырақ сипаттап жазған Леффлер (1884). Қоздырушысы Васtеium nесrорhоrum - ауасыбағасыз, қозғалмайтын, спора түзбейтін, қауашақсыз, өте полиморфты микроб. Сыртқы ортада көп сақталмайды. Некробактериозбен барлық үй жануарлары, көптеген жабайы аңдар ауырады. Бұл ауруға әсіресе солтүстік бұғысы, қой, ешкі, сиыр, шошқа, жылқы, үй қояны, кұстардан тауық бейім. Ересек жануарлардан гөрі жас төлдер жиі аурады. Инфекция қоздырушысының бастауы - ауру және бактерия алып жүруші мал. Күйісті жануарлар аурып жазылған соң бактерия алып жүруші болып қалады. Некробактериоз таяқшасы организмнен сыртқы ортаға сілекеймен, нәжіспен, өліеттенген жердегі бөліндімен шығады. Бұл микроб мал қораларында, көңде, топырақта, жайылымда, тоқтау суларда жиі кездеседі, Қоздырушы жануар денесіне жарақаттанған тері немесе кілегейлі қабықтар арқылы енеді. Некробактериоз жануарларда шамалы ғана індеттік тұтану ретінде байқалып, жекелеген шаруашылықтарды, фермаларды немесе мал отарларын қамтиды. Негізінен жарақаттанған немесе қабынған тері, болмаса кілегейлі қабықтар арқылы жұғады. Қоздырушы енген жерінде қолайлы жағдай болғанда ғана өсіп-өнеді. Ұлпаның жарақаттануы (механикалық, физикалык, химиялық, биологияық әсерлер) нәтижесінде оған оттегінің келуі қиындайды, қан тамырлары үзіліп, гематома, тромба, флегмона пайда болады, ұлпалар өліеттенеді, яғни ауасыбағасыз микроб үшін қолайлы жағдай туады. Бастапқыда бактерия түскен ұлпа шағын ғана болып ойылады да, кейіннен айналасы қабына бастайды, тамырлары зақымданып, фибрин ұйып, көп мөлшерде заттар бөлінеді, тромба пайда болып, нәтижесінде ет, тарамыс, сіңір, шеміршектер мен саусақ сүйектері өліеттенеді. Инкубациялық кезеңі 1-3 күн. Клиникалық белгілері жануардың түлігі мен жасына, аурудың түрі мен өтуіне байланысты. Жас төлде сарып жіті, ал ересек малда жітілеу және созылмалы өтеді. Көбінесе дерт алдымен артқы аяқты қамтиды, бастапқыда бір аяғында болып, кейіннен екінші аяғына ауысады. Қойдың бір мезетте бірнеше аяғы зақымдануы мүмкін. Бастапқы кезде болмашы жарақат пен сызаттың манайы қызарып, домбығады. Мал ақсап, ауырған аяғын сілкіп, бей-жай күйге түсіп, жемшөптен қалады, денесінің ыстығы 40°С-қа дейін көтеріліп, 1-2 күннен соң қалыпына келеді. Қабыну процесі бақайдың арасы мен май өкшеден тілерсекке қарай өрбиді. Бұл кезде жануар аяғын баса алмай, жатып қалады. Ауру зілді өткенде қабыну флегмонаға айналып, бұлшық еттерді, сіңір мен тарамысты қамтиды. Содан кейін ойылып, жағымсыз исі бар ірің ағады. Қабынған телімдердің жаппай ойылып, өліеттенуі нәтижесінде тұяқ, көбесінен сыпырылып, түсіп қалады. Кейде тұяқ қана емес, тіпті тілерсегінен, саусақтың фалангалары буын-буынынан үзіліп кетуі мүмкін. Мұңдай күйге ұшыраған қой тұра алмай, тізерлеп қалады. Сиыр, қой, жылқы және бұғыда патологиялық өзгерістер негізінен сирағының бақайы мен тілерсек буыныңда шоғырланады. Дерттену басталғанда тері қызарып, домбығады. Кейіннен сыздануы тежеліп, іріңдеген флегмонаға айналады да, маңайындағы ұлпа өліеттенеді. Мұндай үлпаны тілгенде іріңдеген жасыл-сұр немесе қоңырқай түсті өліеттенген масса көзге түседі. Некробактериозға бастапқы диагнозды аурудың клиникалық белгілері бойынша, сирақ пен бастың терісінің, ауыз бен жыныс мүшелерінің кілегейлі қабықтарының зақымдануына қарап қояды. Аса бір көңіл аударатын белгі - іріңдеп, өліеттенген ағзалардың өзгеше жағымсыз иісінің болуы. Диагнозды растау үшін өліеттенген жағындыны қолданыстағы әдістердің бірімен бояп, микроскоппен қарайды. Егер аламыштанып боялған, жіпше созылған немесе ұзын жіңішке грамтеріс таяқшалар болса сарыпқа түпкілікті диагноз койылады. Емі. Ауырған малдарды бөліп алып, жауын-шашын өтпейтін асты құрғақ қорада ұстайды. Ең алдымен дертке шалдыққан ұлпаларды мұқият тазалап, жарақаттанған терінің манайындағы жүнді тақырлап қырқады. Өліеттенген ұлпаларды қабыршақтанып кеткен ірің мен сора бөлінділерін тазалап, антисептикалық ертіндімен жуып, сульфаниламид препараттары мен тетрациклин немесе пенициллин қатарындағы антибиотиктердің бірін қолданады. Некробактериозбен ауырып жазылған жануарда иммунитет қалыптаспайды. Дауалау және күресу шаралары. Некробактериоздың алдын алу шаралары малды қорада ұстағанда, жайғанда, айдағанда зоогигиеналық-санитариялық шараларды сақтауға негізделген. Некробактериоз байқалса ол шаруашылықты (ферманы, елді мекенді) бұл аурудан сау емес деп жариялайды да, шектеу қояды. Ауру жойылғанша ол жерден малдану (өсіру) үшін мал әкетуге тиым салынады. Барлық жануарларды клиникалық тексеруден өткізіп, ауруларын бөліп алып емдейді, қалғандарын бақылауға алып, дауалау шараларын жүргізеді. Емдеу нәтиже бермесе ауырған жануарларды санитариялық қасапханаға жібереді. Өлген малдын өлексесін, терісін алған соң өртейді не утильзаводка жібереді. Ең соңғы сарыппен ауырған жануар өлген соң, немесе жазылған соң бір ай өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып, шектеуді алады. Бақылау сұрақтары: 1 Лептоспироз кезінде байқалатын негізгі клиникалық белгілер. 2 Листериоз қоздырушысының негізгі қасиеттері. 2. Листериозға диагноз қалай қойылады? 3. Некробактериозды дауалау мен күресудің негізгі шаралары №14 дәріс ПАСТЕРЕЛЕЗ. МИКОЗДАР ЖӘНЕ МИКОТОКСИКОЗДАР. ШЕШЕК Пастереллез(Pasturellosis, геморрагиялық септицемия) жіті өткенде өлітиюдің белгілерімен, ал жітілеу және созылмалы кезінде негізінен өкпенің қабынуымен ерекшеленетін сүтқоректілер мен құстардың көптеген түрлері ұшырайтын жұқпалы ауру. Аурудың жұқпалы екендігін дәлелдеуге 1878 ж. Болингердің сиырдың пастереллезін сипаттауы негіз болды. Пастереллез дүние жүзіне кең тарған. Әдетте оқтын-оқтын байқалып, созылмалы түрде өтеді. Бірақ ауруды өршітуге ықпал ететін факторлардың әсерінен індет түрінде кең жайылады. Қоздырушысы – Pasteurella multocida – морфологиялық жағынан жануарлар мен құстардың пастереллездерінің бір-бірінен айырмашылығы жоқ, грамтеріс, қозғалмайтын, спора түзбейтін, жеке-жеке, кейде жұпталып, сирегірек қысқа тізбек түрінде орналасатын бактерия. Пастереллезге үй және жабайы сүткоректілер мен құстардың барлық түрлері бейім. Онымен адам да ауырады. Тауық пен үй қоянында ауру індет ретінде байқалады. Басқа жануарларда індет түрінде таралағанымен де, мұндай жаппай ауру онша жиі байқалмайды. Ауру қоздырушысының бастауы пастереллаларды алып жүретін аурудан жазылған жануарлар (жылдан астам болуы мүмкін). Пастереллездін індеттік ерекшелігі оның бір жерге орын теуіп, энзоотия ретінде байқалып, тұрақты індет ошағының қалыптасуы. Жануарлар мен құстар пастереллезді аэрогенді және алиментарлы жолмен жұқтырады. Дерттенуі. Енген орнында микроб өсіп-өніп, сөлмен қанға өтіп, септицемияны тудырады, соның салдарынан көп жағдайда жануар 12-36 сағат өткенде өледі. Дерттің өрбіп денеге жайылуы барысында пастереллалар фагоцитозды тежеп, улы заттар бөліп шығарады және оның нәтижесінде капиллярлардың жаппай зақымдануы байқалады. Бұлардың нәтижесінде тері асты және бұлшық еттер арасындағы шел ауқымды мөлшерде домбығуға шалдығып, геморрагиялық диатез пайда болады. Өтуі және симптомдары. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін. Жануарлардың әр түрінде пастереллез аса жіті, жіті, жітіден төмен және созылмалы өтеді. Сиыр мен буйволда пастереллездің аса жіті түрі кезінде дененің ыстығы кенеттен 41-42°С дейін көтеріліп, өлітиюдің белгілері байқалады. Кауырт өрбіген кезде жүрек қызметінің жетімсіздігінен, өкпенің домбығуы мен қан аралас іш өтуден жануар бірнеше сағат ішінде өліп кетеді. Тіпті бұл белгілер білініп үлгірмей-ақ малдың өліп кетуі мүмкін. Пастереллез жіті өткенде, ыстығы 40°С-ка жетеді, не одан да жоғарылайды. Қаңсары кұрғап, суынады. Күйіс қайыруы тоқталып, сүті қайтады. Аурудың бас кезінде ішек пен қарыннын қозғалысы, тезек тастауы баяулайды. Кейіннен нәжісі сұйылып, фибрин мен қанды жалқақтар араласады. Кейде танауынан қан ағып, көзі қанталап, жіті коньюнктивит өрбиді, несепте қан болады. Жануарларда өлі тиюдің айқын белгілері мен жүрек кызметінің жетімсіздігі байқалып, 1-2 тәуліктің ішінде өліп кетеді. Қойдың пастереллезі жіті өткенде бұл ауруға тән өлітиюдің клиникалық белгілері сирек байқалады. Дененің ыстығы көтерілуі мен жалпы күйзеліске ұшырауымен қатар алдыңғы тұла бойында тері астындағы шелі домбығып фибринді пневмония өрбиді. Мал әдетте 2-5 күн ішінде өліп қалады. Жітілеу және созылмалы өткенде баяу фибринді пневмониянын белгілері, кератит, ринит, артрит байқалады, мал тез арықтайды. Р.haemolytica қоздыратын пастереллез кезінде пневмония жиі байқалады да, мастит сирек кездеседі. Патанатомиялық өзгерістер аурудың ұзақтығы мен клиникалық түріне байланысты болады. Аса жіті және жіті өткенде өлген жануарлардың көптеген ағзаларында, кілегейлі және сірі қабықтарында геморрагиялық диатезге тән жаппай қанталаған өзгерістер кездеседі. Көк бауыр аздап домбығады. Сөл түйіндері ісініп, қара кошқыл түсті болады. Тері асты шелінде, әсіресе аурудың домбыққан түрінде, денесінің әр жерінде сарысулы-фибринді жалқақтар болады. Балау. Пастерелезді індеттанулық деректер, клиникалық белгілері, патанатомиялық өзгерістер негізінде, міндетті түрде бактериологиялық тексеру жүргізіп анықтайды. Зертханаға емделмеген малдың өлексесінен өлгенінен 3-5 сағаттан қалдырмай көк бауырдың, бауырдың, бүйректің, кесінділерін, өзгеріске ұшыраған өкпенің телімін сөл түйіндерімен қоса және жілігін жібереді. Емі. Ауырған жануарды бөліп алып жылы, құрғақ үйшікке орналастырып, жұмсақ төсеніш төсеп, кұнарлы жемшеппен қоректендіреді. Микробтарға қарсы ем ретінде антибиотиктер мен сульфаниламидтерді қолданады. Пастереллезбен ауырған құсты емдемейді. Пастереллезбен ауырып жазылған жануарларда 6-12 айға иммунитет қалыптасады. Бұл аурудың алдын алу үшін бірнеше өлтірілген вакциналар колданылып келді. Пастереллезді болдырмау үшін сау шаруашыпықтарды ауру қоздырушысын ауырған мал және пастерелла алып жүрушілер, жемшөп, т.б. арқылы әкелуге жол бермеу керек. Әсіресе малды бағып күтудегі санитариялық-зоогигиеналық талаптардың орнындалуына ерекше көңіл бөлінеді. Жануарлар мен құстардың қай түрінде болмасын пастереллез байқала қалған жағдайда шаруашылыққа шектеу шараларын енгізеді. Шаруашылықтан шектеуді ең сонғы ауру байқалғаннан кейін барлық малды еккен соң 14 күн өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып алады. Микоздар және микотоксикоздар Бұл топқа 12 ауру кіреді, олар: 1. Дерматомикоздар, оларға: Трихофития, микроспория және фавус аурулары жатады 2. Аспергиллез 3. Стахиоботриотоксикоз 4. Актиномикоз 5. Микотоксикалық дерматит немесе стрептотрикоз 6. Нокардиоз 7. Кандидомикоз /молочница деп атайды/ 8. Криптококкоз 9. Кокцидиоидомикоз /Калифорниялық ауру/ 10. Хлавицелетоксикоз /Бандала/ 11. Фузариотоксикоз 12. Індеттік лимфангит Трихофития(Trichophytia) – терінің суланып қабынуы нәтижесінде орны шектеулі, беті қабыршақтанып зақымданған ошақтардың пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру. Трихофития мен микроспория өте ұқсас болады және бұл екі ауруды қысаға (орысша-стригущий лишай) деп атайды. Бірақ екеуінің қоздырушысы екі бөлек. 1841ж. Груби микроспорияның, ал 1845ж. Малмстен трихофитияның қоздырушысын ашты. А.Х.Саркисов (1971) әлемде бірінші рет трихофитияға қарсы ТФ-130 вакцинасын даярлады. Қоздырушысы - жетілмеген саңырауқұлақтар Fungy imferfecti тобына жататын Trichophyton туыстастығының өкілдері. Ашатұяқтыларда аурудың негізгі қоздырушысы Тrісhорhуtоn verrucosum, жылқыда - Тr.eguinum, түйеде - Тr.sarcisovi, терісі бағалы аңдарда, қоян, теңіз тышқаны және басқа кемірушілерде Тr.mentagrophytes. Трихофитиямен барлық мал түліктері, құстар, терісі бағалы аңдар, тышқан, егеуқұйрық, жабайы аңдар ауырады. Жас жануарлардың сезімталдығы жоғары болады да, ауруға тез шалдығып, клиникасы көбінесе асқынған түрде кездеседі. Ауру жылдың барлық мезгілдерінде кездессе де, қыста жиі байқалады. Ауру қоздырушысының негізгі бастауы - ауырған жануарлар. Олардан инфекция тікелей жанасу немесе әртүрлі заттар арқылы беріледі. Трихофитондар тері мен жүннің эпидермисінің мүйізді қабатында болатын ақзат - кератинге әуес блып, сонда тез өсіп-өнеді. Бұл микроб әртүрлі токсиндер мен кератинді ыдырататын ферменттер бөліп шығарады. Олар терінің мүйізді қабатын жұмсартып, қабыну процесін тудырады, жүннің фоликуласына өтіп, кутикуланы, жүннің ішкі қынабын бүлдіріп, жүн талшығының қоректенуінің бұзылуына және оның түсіп қалуына әкеп соғады. Инкубациялық кезеңі 6-30 күн. Теріде шеті айқын жиектелген, беті ақ таңдақ, сұрғылт түсті дөнгелек дақтар пайда болады. Зақымданған жердің, түгі алғашында ұйпаланып, кейіннен қырқылып, тақырланады. Ондаи ошақтардың бетінде асбест түсті сұрғылт қабыршақтар пайда болады. Сиырда қабыршақтанған дақтар көбінесе басы мен мойынында, сирегірек тұла бойы мен арқасында, бауыры мен құйрығында кездеседі. Алғашқы дақтар мандайында, көзінің айналасында, езуінде, құлақтың түбінде байқалады. Ал ересек жануарларда қабырға үстінде пайда болады. Ит пен терісі бағалы аңдардың басы мен мойыны, сирақтарының терісі зақымданады. Бұл хайуандардың арасында иттің терісіне түсетін дақтардың қабыршақтары қалың болады. Балауды клиникалық белгілері мен індеттанулық деректердің негізінде қояды. Күдікті жағдайда микроскопия жасалынады. Қажет болғанда арнаулы ортаға сеуіп, өсін алып, микологиялық зерттеулер жүргізеді. Емі. Ауырған жануарды оқшаулап, бөліп алады. Қабыршақтарды жұмсарту үшін вазелин немесе балық майын жағып, 1-2 күннен кейін сыдырып алады. 5-10% салицил майын, 10% салицил спиртін, 10% йод тұнбасын немесе "Ям" сүртпе майын жағады. Жемге қосып 20 мг/кг/ ұсақ жануарларға 4 мг/кг /мөлшерде 10-15 күн бойы гризеофульвин береді. Өзіне тән препарат ретінде емдік мақсатпен трихофитияға қарсы вакциналар қолданылады. Вакцинаның емдік дозасы дауалық максаттағысынан екі есе жоғары. Ауырып жазылған жануарларда куатты белсенді иммунитет қалыптасады. Олар трихофитиямен сирек жағдайда ғана қайтадан ауырады. Өзіне тән дауалық және емдік мақсатпен келесі вакциналар қолданылады: сиырға - ЛТФ-130, ЛТФ-130 К, жылқыға - СП-1, қойға трихоовис, терісі бағалы аңдар мен үй қоянына - ментовак, түйеге - камелвак. Сонымен қатар кейінге жылдары КазНИВИ-де шығарылатын «Үш вак» атты вакцина шығарылып, өндірісте қолданылуда. Трихофитияның жалпы дауасы мал фермасында ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтау, малды дұрыс күтіп, азықтандыру, қора жайда ретті түрде дезинфекция, дератизация жұмыстарын жүргізуге саяды. Ауру шыға қалған жағдайда шаруашылықты сау емес деп жариялап, жануарларды бір табыннан екінші табынға ауыстыруға тиым салады. Шаруашылық соңғы ауырған мал жазылған соң 15 күн өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып, сау деп есептеледі. Микроспория (Мicrosporosis) – терінің қабынып, экссудат бөлініп, беті қабыршақтанып ошақтануы арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру. Қоздырушысы - Microsporum туыстастығына жататын саңырауқұлақтар. Микроспориямен мысық, ит, жылқы, терісі бағалы аңдар, шошқа, тышқан, егеуқүйрык, теңіз тышқаны ауырады. Қолда /зоопаркте/ ұсталған жабайы жануарлардың ауырғаны сипатталған. Сиыр, қой-ешкі өте сирек ауырады. Микроспория адамға жұғады. Ауру жылдың кез келген маусымында байқалады. Сөйтсе де терісі бағалы аңдарда көктем мен жазда, жылқыда, ит пен мысықта күз-қыс-көктем кезінде, шошқада көктем мен күзде жиі байкалады. Инфекция қоздырушысының бастауы - ауырған жануарлар. Жануарларға микроспория ауырғандармен тікелей жанасқанда немесе тарату факторлары арқылы /құрал-саймандар, жұмыс киімі, төсеніш, көң, қора-жайдағы заттар/ жұғады. Микроспорияның қоздырушыларының табиғаттағы қоймасын сақтауда әсіресе М.gypseum саңырауқұлағын алып жүруші кемірушілердің қатысы айтарлықтай. Инкубациялық кезеңі 22-47 күн. Ауру 3-9 аптаға, кейде одан да ұзаққа созылады. Зардаптың байқалу дәрежесіне қарай микроспорияның үстірт, терең, өшкін және жасырын түрлері болады. Сақа жануарларда көбінесе жасырын түрі, ал жас төлде барлық түрлері кездеседі. Зақымданған жері қатты қышынады. Үстірт түрі кезіңда дертке шалдыққан жердің жүні түбінен қырқылып, түсіп, тақыр, беті сыдырылған дөңгелек дақтар пайда болады. Экссудация белгілері /терінің сулануы/ оншама байқалмайды. Зақымдану ошақты және жайылған шашыранды болуы мүмкін. Аурудың үстірт түрі мысықта /әсіресе балаларында/, итте, жылқыда, терісі бағалы аңдарда кездеседі. Терең /фоликулалық/ түрі кезінде қабыну процесі күшті болып, терінің бетінде кепкен экссудаттан қабыршақ түзіледі. Ұсақ дақтар бір-бірімен қосылып, беті қабыршақтанған ауқымды ошақ пайда болады. Микроспорияның бұндай терең түрі жылқыда, терісі бағалы аңдарда, шошқада кездеседі. Микроспорияға диагноз індеттанулық деректерді, клиникалық белгілерін, люминисценттік зерттеу мен микроскопияның нәтижесін ескеріп қойылады. Қажет болғанда ауру қоздырушысының өсінін бөліп алады. Зертханада тексеру үшін дененің зақымданған жерінің шетінен жүн талшықтарын немесе қабыршақтарды қырып алады. Микроспорияға шалдыққан жануарларға трихофитиядағыдай емдік дәрілер қолданылады. Арнайы өзіне тән дауалық дәрмек жоқ. Жалпы дауалық шаралар трихофитиядағы сияқты. Микроспорияны уақтылы анықтап, тиісті шара қолдану үшін терісі бағалы аң фермалары мен жылқы зауыттарында жануарларды жылжымалы люминисценттік шамдар арқылы тексереді. Ауру жануарлар бола қалған жағдайда трихофития кезіндегідей жалпы шаралар жүргізіледі. Шешек (Variola) - дененің ыстығы көтерілуімен және тері мен кілегейлі қабықтарда күлдіреген бөрткендер пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру. Бұл ауру өте ерте заманнан белгілі және бұл ауру адамдарға үлкен үрей, қорқыныш тудырған. Имуниттеттің зерттеліп оқыла басталуы да осы шешекпен байланысты. Л. Пастер өзінің вакцинасын алғанда Дженнер құрметіне вакцинациялау деп атады. Аурудың қоздырушысы вирус екендігін 1902ж. Маркс пен Штикер дәлелдеді. Шешек вирусы ДНК геномды, вирустардың ішіндегі ең үлкен вирус болып табылады (260-390нм). Шешек вирустары Poxiviridae (ағылшынша pox-шешек) тұқымдастығының Chordopoxovirinae тұқым тармағына жатады. Бұл вирустар 6 туыстастыққа бөлінеді. Шешекке қой-ешкі, шошқа, тауық (күрке тауық, көгершіндер) жиі, ірі қара, түйе, жылқы, қояндар сирегірек шалдығады. Жас төлдер ересектерге қарағанда тез шалдығады. Ауру қыста және көктемнің басында жиі байқалып, ауыр өтеді. Ауру қоздырушысының бастауы - ауырған жануарлар, олар вирусты сыртқы ортаға мұрынынан, көзінен аққан бөлінділермен, сілекейімен және шешек қабыршақтарымен (ең негізгі жолы) шығарады. Вирус организмге аэрогенді жол арқылы, терісі және кілегей қабықтары арқылы, сирек жағдайларда ас қорыту мүшесі арқылы жұғады. Денеге енгеннен кейін вирустың көбеюіне байланысты алғашқыда дене қызуы көтеріледі, кілегейлі қабықтары қызарып, танауынан сұйық бөлінеді. Одан кейін терісінде шешек бөртпесі пайда болады. Аурдың келесі түрлерін ажыратады: үзікті, тұтасқан және қанталаған немесе қара шешек. Қойда инкубациялық кезең 4-12 күн және басқа жануарларға қарағанда ауыр өтеді. 50% қой өлуі мүмкін. Дене қызуы 41-420С көтеріледі. Көзінің қабақтары домбығып, көзі мен танауынан сора ағады. Шешек (оспенки) денесінің жүні жоқ, тақыр жерлеріне (шап, қолтық, желін, құйрықтың асты, қошқардың ені) және басына, еріндеріне, мұрнына, көзінің айналасына шығады. Аурудың ең ауыр түрі, ол қанталаған, немесе қара шешек кезінде пустулалардың іші мен тері қанталап, жануардың танауынан қан кетіп, қан құсады, ішінен де қан кетіп, мал тез арып өліп қалады. Ауруға тән өзгерістер терісінде, және шешектің әр түрлі кезеңдері аузының кілегей қабықтарында байқалады. Ас қорыту және тыныс алу жолдары қанталап қабынған. Балау. Егер ауру өзіне тән белгілерімен өтсе, онда диагнозды індеттанулық-клиникалы белгілеріне сүйене отырып қоя береді, ал қажет болған жағдайда жағынды жасап, микроскоп арқылы зерттеулер жүргізеді. Жағындыны Морозов әдісімен бояп, сиырларда Пашен, ал қойлар мен құстарда Бореля денешіктерін табады. Серологиялық реакциялардан: ДПР, ГАР, ИФР қолданылады. Ауруға қарсы арнайы өзіне тән емі жоқ, тек симптоматикалық ем қолданады. Ауруы асқынып кеткен малдарды сояды. Сауыққан малда өмірлік иммунитет қалыптасады. Белсенді иммундеу үшін бірнеше вакциналар қолданылады. Вакцина ортопоксвирус қоздыратын ауруға қарсы сиырды, жылқыны түйені, шошқаны медициналық детрит вакцинасымен егуге болады. Шешек байқалған жағдайда қой ешкі, түйе, құс өсіретін шаруашылыққа карантин, ал сиыр, шошқа, жылқы және басқа мал түліктерін өсіретін шаруашылықтарға шектеу қойылады. Ауырған және күдікті малдар оқшауланып, емделеді. Шешектен өлген қой ешкі, түйенің өлексесін терісімен, жүнімен бірге өртейді. Карантин қорытынды дезинфекция және малдардың үсті зарарсыздандырылғаннан соң 20 күннен кейін алынады. Бақылау сұрақтары: 1 Пастереллездің негізгі клиникалық белгілері. 2. Пастереллездің дифференциалдық диагнозы. 3. Трихофитиямен ауру малдарды емдеу. 4. Трихофитияның спецификалык және жалпы сақтық шарасы. 5 Шешектің диагностикасы мен спецификалық сақтық шаралары. №15 дәріс |