ПОЗНАВАТЕЛЬНОЕ Сила воли ведет к действию, а позитивные действия формируют позитивное отношение Как определить диапазон голоса - ваш вокал
Игровые автоматы с быстрым выводом Как цель узнает о ваших желаниях прежде, чем вы начнете действовать. Как компании прогнозируют привычки и манипулируют ими Целительная привычка Как самому избавиться от обидчивости Противоречивые взгляды на качества, присущие мужчинам Тренинг уверенности в себе Вкуснейший "Салат из свеклы с чесноком" Натюрморт и его изобразительные возможности Применение, как принимать мумие? Мумие для волос, лица, при переломах, при кровотечении и т.д. Как научиться брать на себя ответственность Зачем нужны границы в отношениях с детьми? Световозвращающие элементы на детской одежде Как победить свой возраст? Восемь уникальных способов, которые помогут достичь долголетия Как слышать голос Бога Классификация ожирения по ИМТ (ВОЗ) Глава 3. Завет мужчины с женщиной 
Оси и плоскости тела человека - Тело человека состоит из определенных топографических частей и участков, в которых расположены органы, мышцы, сосуды, нервы и т.д. Отёска стен и прирубка косяков - Когда на доме не достаёт окон и дверей, красивое высокое крыльцо ещё только в воображении, приходится подниматься с улицы в дом по трапу. Дифференциальные уравнения второго порядка (модель рынка с прогнозируемыми ценами) - В простых моделях рынка спрос и предложение обычно полагают зависящими только от текущей цены на товар. | Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 24 страница Топырақ пен өсімдіктер, таспа құрттардың жеке бунақтары бар адам нәжістерімен ластану салдарынан, топырақ сиыр мен шошқа цепеньдері туғызатын биогельминтоздардың тарауына себеп болады. Оларды ірі қара малдар мен шошқалар жұқтырады, ал осы гельминттердің личинкалары бар етті пайдаланған кезде – адам жұқтырады. Айта кету керек, алайда, ластанған топырақтан алынған азық-түлік өнімдері ас қорыту жолына түскенде, адам сиыр цепенінің аралық иесі де бола алады. Топырақтың, содан кейін көкөністердің, аскөктің, судың эхинококтердің жұмыртқаларымен немесе жетілген бунақтарымен ластануы адамның ауыр паразиттік ауруы – эхинококкоз пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Топырақтың эпидемиологиялық маңызы, сондай-ақ оның түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылар болып табылатын шыбын, бүрге, москиттер личинкалары дамитын орта екендігіне байланысты. Бұдан басқа, топырақта кенелер мен трансмиссивті инфекциялардың кейбір басқа тасымалдаушылары, сонымен қатар қауіпті антропозооноздардың – оба, туляремия, лептоспироз, құтыру ауруларын туғызатын кеміргіштер де мекендейді. 2.3. Топырақтың табиғи химиялық құрамының гигиеналық маңызы Топырақтың химиялық құрамы алуан түрлі, оған, жоғарыда көрсетілгендей, минералды және органикалық қосылыстар түріндегі барлық дерлік белгілі химиялық элементтер кіреді. Судағы, өсімдіктердегі және азық-түлік өнімдеріндегі белгілі бір минералды элементтердің құрамы, демек, адам ағзасының олармен қамтамасыз етілуі топырақтың химиялық құрамына байланысты. Сумен және мал шаруашылығы мен топырақта өсірілген егін шаруашылығы өнімдерімен бірге адам ағзасына күкірт, көміртек, азот, фосфор, кальций, натрий, калий, хлор, т.б. сияқты биогенді макроэлементтер, эссенциалды, салыстырмалы эссенциалды және уытты микроэлементтер, сол сияқты ультрамикроэлементтер түседі. Эссенциалды микроэлементтер ағзаның тіршілігі үшін өте қажет, оларға темір, йод, мыс, хром, кобальт, молибден, марганец, мырыш, селен жатады. Салыстырмалы эссенциалды микроэлементтердің адам мен жоғары сатыдағы жануарлар үшін маңызы мен олардың басқа микроэлементтермен толық алмастырылмайтындығы әлі де толық анықталмаған мәселе. Бұл топқа фтор, никель, ванадий, мышьяк, кремний, литий, бор, бром кіреді. Улы әсері бар топырақ микроэлементтерінің үлкен бір тобын: алюминий, кадмий, қорғасын, сынап, берилий, барий, висмут, таллий және т.б. құрайды. Ультрамикроэлементтердің (индий, теллур, ниобий, алтын және тағы басқалары) биологиялық әсері толық зерттелмеген, олар да ағзаның тіршілігі үшін қажетті элементтер болуы мүмкін. Макроэлементтер ағза массасының 99% құрайды және ағзада 0,01%-дан артық мөлшерде кездеседі. Микроэлементтердің құрамы 0,001-0,00001% аралығында, ультрамикроэлементтер – 0,00001%-дан аз болады. Ағзадағы эссенциалды микроэлементтердің ролі зор. Олар, көмірсулар, белоктар және нуклеин қышқылдарының синтезделуі мен ыдырау реакцияларын қоса алғанда, тотығу-тотықсыздану реакцияларының реттелуі, жасушалық тыныс алу, т.б. түрлі зат алмасу үрдістеріне қатысатын көптеген ферменттер, гормондар мен дәрумендердің құрамына кіреді (VIII-тарау, «Минералды заттар»). Оның үстіне, олардың қолайлы әсері белгілі мөлшерлері аралығында ғана байқалады, ал артық және жеткіліксіз мөлшерде болса, керісінше, зиянды әсер етеді. Уытты микроэлементтердің әсері белгілі бір табалдырықтық дозадан асқан кезде байқалады, төмен деңгейілері биологиялық әсер етпейді. Әр түрлі аймақтардағы топырақтың химиялық құрамы бірдей болмайды, өйткені, бұл көрсеткіштер сол аудандардағы геологиялық және топырақ түзілу үрдістерінің ерекшеліктеріне байланысты қалыптасады. Осыған байланысты, кейбір аудандарда микроэлементтердің белгілі бір түрлері артық мөлшерде болса, ал екіншілерінде керісінше, олардың жетіспеушілігі байқалады. Осындай табиғи биогеохимиялық провинциялардың (IV және VIII тараулар) тұрғындарында топырақта және осыған байланысты қоршаған ортаның басқа да нысандыранда микроэлементтердің жетіспеушілігі немесе артық мөлшерде болуына байланысты туындайтын түрлі эндемиялық аурулар байқалады. Аномалиялық биогеохимиялық провинциялар туралы ілімнің негізін салушы академик А.П.Виноградов болды. Организмдердің химиялық құрамы мен жер қыртысының химиялық құрамы арасындағы тығыз байланысты дәлелдеген В.И.Вернадскийдің еңбектерін негізге ала отырып, ол жер шарының әр түрлі аудандарында химиялық элементтердің біркелкі таралмағандығын және сол территориядағы тұрғындарда спецификалық патологияның дамуында биогеохимиялық провинциялардың элементтік құрамының маңыздылығын анықтады. Адам ағзасына микроэлементтердің артық мөлшерде түсуімен байланысты классикалық табиғи эндемияларға селен токсикозы, молибден подаграсы, Кашин-Бек ауруы, флюороз, бор энтериті және тағы басқалар жатады. Селен токсикозы, немесе «сілтілі ауру», АҚШ, Канада, Ирландияның сілтілі топырақты жерлерінен алынған өсімдік текті өнімдерді пайдалану кезінде байқалды, бұл жерлерде өсімдіктердің бойында селеннің мөлшері 5000 мг/кг-ға дейін жинақталған. Адамдарда бауыр, нерв жүйесінің зақымдануымен, анемия, шаш түсуі, дерматит, тіс эмалінің зақымдануымен бірге улану жағдайлары байқалған. Молибден подаграсы (VIII тарау «Минералды заттар» бөлімі) Арменияның кейбір аудандарындағы эндемиялық ауру болып саналады. Топырақтағы молибденнің жоғары мөлшері подаграның дамуына ғана әкеп соқпай, сонымен қатар өңештің қатерлі ісігі ауруы мен репродуктивті функцияларының бұзылу қаупін арттыратынын көрсетеді. Бор, паратгормонның белсенділігін реттеуге қатыса отырып, кальций, магний, фосфор және холекальциферол алмасуына әсер етеді. Бордың мөлшері жоғары өңірлердегі (Батыс Сібір, Алтай өлкесі, Қазақстан) тұрғындарда энтериттер, сондай-ақ анемия мен өкпе аурулары байқалады. Эндемиялық флюороз судағы фтордың мөлшері жоғары табиғи аймақтарда кездеседі және тіс пен қызыл иектің зақымдануымен қатар (IV тарау) басқа да мүшелер мен жүйелерге: сүйек-буын, орталық жүйке, бауыр, бүйрекке әсерімен сипатталады, бұл оның Кребс циклы ферменттерінің белсенділігін тежеуімен түсіндіріледі. Кашин-Бек (Урова) ауруы (IV тарау) Забайкалье, Шығыс Сібір, Корея, Қытайдың кейбір аудандарында кездеседі және әсіресе бақайшақ аралық сүйектердің (аю табаны), ұршық буындары мен омыртқа сүйектерінің деформациялануы - остеоартроз түрінде өтеді. Бұл өңірлердегі топырақта кальцийдің төмен мөлшерімен бірге, стронций, темір, марганец, мырыш, қорғасын, күміс, фтордың мөлшері жоғары болып, бұл осы ауруды эндемиялық полигипермикроэлементоз деп санауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, селеннің төмен концентрациясымен бірге, құдық суындағы гумин қышқылдарының жоғары мөлшері Урова ауруының дамуына олардың әсері болатыны туралы болжамды да растайды. Микроэлементтердің тапшылығына байланысты туындайтын эндемиялық аурулардың арасында эндемиялық жемсау, гипофтороз (тіс жегі), селендік гипомикроэлементоз көп таралған. Топырақтағы йодтың төмен деңгейі, оның мөлшерінің өсімдіктер мен суда төмен болуына себеп болады, нәтижесінде рационда йод тапшы болады және эндемиялық жемсаудың дамуына әкеп соғады (VIII тарау). Субпопуляцияларда жемсаудың таралуы ересек адамдарда 30% және одан астам болғанда және балалар мен жасөспірімдерде 5%-ға жеткенде, эндемия жайында айтуға болады. Айқын йод тапшылығы эндемиялық кретинизммен, кереңдікпен және ақыл-ой дамуының артта қалуымен жүреді. Эндемиялық жемсаудың алдын алу үшін рационда 50 мкг йод болуы жеткілікті. Селен гипомикроэлементозы – Кешан ауруы - Қытай, Финляндия, Забайкалье, Удмуртия, Карелияның селенге тапшы аудандарында байқалады. Тамақ құрамында селеннің жетіспеуі аритмия түрінде миокардтың фиброзды өзгерістерімен жүретін, ювенильді кардиомиопатияның пайда болуына әкеп соғады. Өткен кездерде Кешан ауруынан болатын өлім 80%-ға дейін құрайтын, қазіргі уақытта селен препараттарымен емдеу кезінде, бұл көрсеткіш 13-40%-ға дейін төмендеді (Г.И.Румянцев, 2000). Ағзада селен тапшылығы атеросклероздың, гипертония ауруының пайда болу қаупін, түрлі эндокринопатиялар мен қатерлі ісіктердің түзілуін, СПИД пен вирус инфекциялары мен афлотоксиндер тудыратын ауруларға шалдықкыштығын жоғарылатады. Қазақстанның кең аумақтарында бор, марганец, хром, ванадий, қорғасын, мыс, кадмийдің мөлшері табиғи жоғары жерлер кездеседі. Құрамында бордың мөлшері жоғары топырақтар Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында, Орталық (Сарысу өзенінің орта ағысында) және Шығыс Қазақстанда бар. Ванадий мөлшері қалыптағыдан 20 есе және одан да жоғары артық болатын ванадийліпровинциялар Ишим өзені маңындағы далаларда және таулы-орманды далалы Алтайда (Тарбағатай, Ульба аудандары), сондай-ақ таулы қара топырақтарда кездеседі. Хромның мөлшері жоғары табиғи аймақтар Каспий маңы ойпатында, Ақтөбе облысында орналасқан. Никельдің мөлшері Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы қара топырақты жерлерде, сондай-ақ Торғай облысының талшын топырақтарында өте көп. Табиғи полиметалдық (қорғасын, кадмий, мыс) провинциялар полиметалл кен орындары бар аймақтарда, Өскемен, Лениногорск, Зыряновск, Шымкент қалаларының аудандарында, мысты провинциялар – мыс кен орындарының аудандарында (Балқаш, Жезқазған, Шемонаиха қалалары), темір провинциялары – Қостанай облысында орналасқан. Марганецтің жоғары мөлшері Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының топырақтарында, сондай-ақ ылғалдылығы жоғары жерлерде – Сырдария өзенінің аңғарларындағы шалғынды-батпақты, Зайсан, Алакөл көлдері алаптарының топырақтарында кездеседі (қалыптағыдан 2,5 есе жоғары). Қазақстанның көптеген аудандары йодқа тапшы аудандар болып табылады. Эндемиялық аурулардың пайда болуының алдын алу іс-шараларының қатарына топырақ пен жануарларды, оларда жетіспейтін микроэлементтермен үстемелеп қоректендіру, тұрғындардың тамақтану жағдайларын оңтайландыру, эндемиялық жерлерге азық-түлік әкелу, тұзға немесе нанға йод (немесе басқа микроэлементтерді) қосу, фторға немесе басқа микроэлементтерге бай су көздерін алмастыру, суды фторлау немесе фторсыздандыру және т.б. жатады. 2.4. Топырақтың химиялық заттармен ластануының гигиеналық маңызы. Ғылыми-техникалық үрдістің қарқындылығы, халық шаруашылығы мен тұрмысты химияландыру, минералды тыңайтқыштарды және ауыл шаруашылық дақылдарының зиянкестерімен күресудің химиялық құралдарын барынша көптеп қолдану, атом энергетикасының дамуы топырақтың химиялық және белсенді заттармен ластану қаупін арттырады. БДДҰ анықтамасы бойынша, топырақты ластаушылар деп саналатындар, тиісті емес жерде, тиісті емес уақытта және тиісті емес мөлшерде кездесетін химиялық заттар, биологиялық организмдер (бактериялар, вирустар, қарапайымдылар, гельминттер) мен олардың тіршілік үрдістерінің өнімдері. Топырақтың ластануы деп, адам нақты учаскенің топырағымен тікелей жанасқанкезде немесе топырақ-су-адам; топырақ-атмосфералық ауа-адам; топырақ-өсімдік-адам; топырақ-өсімдік - жануар-адам сияқты, экологиялық (қоректік) тізбектер бойынша топырақпен жанасқан орталар арқылы байланысқан кезде, адамның денсаулығына қауіп тудыратын топырақтың құрамындағы химиялық және биологиялық компоненттерінің мөлшерін ғана түсінеді (В.Т.Мазаев, т.б. 2005). Химиялық ластаушылар топыраққа агрохимикаттарды – минералдық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, топырақтың құрылым түзушілерін, өсімдіктердің өсуін ынталандыратын және тағы басқаларды жоспарлы түрде енгізу нәтижесінде топыраққа түседі. Олардың қауіпті әсері (VIII тарау) қолдану кезінде тиісті агрохимиялық және гигиеналық талаптардың орындалмауынан жиі байқалады. Минералдық тыңайтқыштар ретінде құрамына өсімдіктердің өсуін тездететін азот, фосфор, калий кіретін заттар пайдаланылады. Топыраққа енгізілген тыңайтқыштарды өсімдіктер пайдаланады, олар жер асты суларымен, жер бетіндегі су ағындарымен бірге ағып кетеді, ауға түсетін ұшқыш қосылыстар түзіп, топырақта ыдырайды. Адам денсаулығына шынайы қауіп тудыратындығына байланысты азот тыңайтқыштарына ерекше көңіл бөлінеді. Оларды артық мөлшерде қолдану топырақта, жер беті және жер асты суларда, өсімдіктерде нитраттар мен нитриттер концентрациясының едәуір жоғарылауына, сондай-ақ нитрозоаминдер түзілуіне әкеп соғады. Өсірілген өсімдіктердің қөректік құндылығы төмендейді, дәмділік сапасы өзгереді. Сумен және азық-түлік өнімдерімен адам ағзасына түскен кезде нитриттердің метгемоглобин түзетін әсеріне байланысты ағзаның улануы мүмкін, ал жоғары концентрацияларында нитраттардың да улы әсері байқалады. Айқын канцерогендік, тератогендік және эмбриотоксиндік әсер ететін нитрозоаминдер аса қауіпті болып табылады (VIII тарау). Фосфор тыңайтқыштары, азот тыңайтқыштарына қарағанда, топырақтан аз миграцияланады, осыған байланысты, артық мөлшерде қолданғанда, олар топырақтың өздігінен тазару үрдістерін тежеуге әкеп соғатын концентрацияда жинақталады. Фосфор тыңайтқыштарының топыраққа енгізілетін мөлшері 200 мг/кг аспауы керек. Олай болмаған жағдайда, өсімдік өнімдерінің органолептикалық қасиеттері күрт нашарлайды және қөректік құндылығы төмендейді. Фосфор тыңайтқыштары химиялық жағынан таза қосылыстар емес, өйткені оларды алатын табиғи шикізаттың (минералдар, апатиттер, фосфориттер) құрамында фтор, темір, стронций, селен, мышьяк, ауыр металдар, радионуклидтер (уран, торий) болады. Сондықтан тыңайтқыштармен бірге бұл қосылыстар да топыраққа түседі. Топыраққа фосфор тыңайтқыштарымен енетін фтордың мөлшері 20 кг/га-ға жетуі мүмкін, ал фтордың миграциялану нәтижесінде жер асты және жер бетіндегі суларда оның мөлшері рұқсат етілетін деңгейінен бірнеше есе асып кетуі мүмкін. Азот және фосфат тыңайтқыштарының ашық су көздеріне түсуі, «гүлдену» деп аталатын, олардағы өздігінен тазару үрдістерінің нашарлауымен, су биоценоздарының тіршілік үрдістерінің бұзылуымен сипатталатын судың эвтрофикациясын туғызады. Калий тыңайтқыштары топырақта өте баяу миграцияланады, бұл олардың топырақ ағзаларына және топырақтың өздігінен тазару қабілетіне теріс әсер ету мүмкіндіктерін төмендетеді. Алайда, топыраққа калий тыңайтқыштарын жоғары мөлшерде енгізу оның тұздануына әкеп соғуы мүмкін, өйткені калиймен бірге топыраққа хлор аниондары да түседі. Бұдан басқа, калийдің топырақта, содан кейін ауыз су мен азық-түлікте жиналуы есебінен, ағзаға калийдің артық мөлшерде түсуінен туындайтын теріс эффектілері байқалуы мүмкін. Пестицидтер өсімдіктерді насекомдардан, кенелерден, бактериялардан, вирустардан, саңырауқұлақтардан, арамшөптерден және тағы басқалардан қорғаудың химиялық құралы ретінде кеңінен қолданылады. Алғашқы кездері пестицидтер адамның шаруашылық қызметінде және жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылармен күресуде үлкен роль атқарды. 1948 жылы швейцариялық химик Пауль Мюллер инсектицид ретінде пайдалануға болатын ДДТ (дихлодифенилтрихлорэтан) ашқаны үшін Нобель сыйлығын алған болатын, оны пайдалану нәтижесінде бөртпе сүзегімен, маляриямен және басқа да жұқпалы аурулармен аурушаңдықты және олардан болатын өлім-жітім деңгейін күрт төмендетуге мүмкіншілік болды. Алайда 70-жылдардың басында-ақ, оны қолдану нәтижесінде байқалатын барлық қауіпті жағдайлар анықталып, бұл препаратты қолдануға тыйым салынды. Қолданылатын барлық дерлік пестицидтер жоғары дәрежеде уытты және қоршаған ортада ұзақ уақыт айналымда жүретін, өте баяу ыдырайтын қауіпті қосылыстар (VIII тарау) болып табылады. Топырақтан өсімдіктерге, атмосфералық ауаға, суаттарға тасымалдана отырып, пестицидтер адамға әр түрлі жолдар арқылы әсер етеді. Пестицидтермен өңделген топырақтан пестицидтердің белгілі бір мөлшері үнемі буланып отырады, ол ауаның ылғалдылығы жоғары кезінде ауыл шаруашылық егіс далаларында қатты уланулар туғызатын улы тұмандар түзілуіне себеп болады, өйткені, бұндай жағдайларда атмосфераның жер бетіне жақын төменгі қабаттарында пестицидтердің концентрациясы ШРЕК бірнеше ондаған есе жоғары болады. Адамның ластанған топырақпен тек басқа орта арқылы ғана емес, тікелей байланыста болуы да қауіпті. Пестицидтерді бақылаусыз қолдану топырақ микробиоценозының едәуір өзгеруіне де, топырақтың өздігінен тазару процестерінің тежелуіне де әкеп соғады. Қазіргі кезде дүние жүзінің барлық елдерінде 1- класты қауіпті пестицидтерді және тұрақты хлорорганикалық пестицидтерді пайдалануға шектеу қойылған, полихлорлы бифенилдерді өндіруге және пайдалануға тыйым салынған, пестицидтерді олардың жылжымалылығын төмендететін түрлерініде пайдаланады, химиялық қорғау құралдары биологиялық құралдармен алмастырылады. Алайда, қазіргі уақытқа дейін ДДТ және басқа да өндіруге және қолдануға тыйым салынған хлорорганикалық пестицидтер әр түрлі аймақтардың қоршаған орта нысандарынан табылуда. Мысалы, ШРЕК деңгейінен 2 есе және одан да артық ДДТ жоғары концентрациялары Қазақстанның мақта, күріш дақылдарын өсіретін, қаракөл мен бақша шаруашылықтары шоғырланған Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының топырағында анықталады. Агрохимикаттарға қарағанда, көптеген химиялық ластаушылар өнеркәсіп өндірісі процесінде немесе адамның тұрмыстық қызметі барысында топыраққа кездейсоқ түседі. Олар өнеркәсіп орындарынан, автокөліктен атмосфералық ауаға бөлінетін заттар (III тарау), шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік ағынды сулар (IV тарау), ластанған суаттар, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтардың жинақталған және көмілген орындары болып табылады. Атмосфераға түсетін өнеркәсіптік шығарындылар топырақты ластаушы көздердің ішіндегі ең маңыздысы болып табылады, өйткені, олардың құрамында улылығы мен қауіптілігі түрліше, химиялық табиғаты алуан түрлі заттар кездеседі. (III тарау). Ірі өнеркәсіптік қалаларда өнеркәсіптік шығарындылар есебінен топыраққа түсетін химиялық жүктеме қалыптағыдан 40 есе, ал ең жоғарғы деңгейі - 600 есе артық. Әдетте, топырақтағы химиялық қосылыстардың ең жоғарғы концентрациялары өнеркәсіп орындарына жақын жерлерде байқалады. Мысалы, Өскемен, Лениногорск, Зыряновск, Шымкент, Балқаш қалаларының түсті металлургия кәсіпорындарының өнеркәсіп аудандарында қорғасын, мырыш, кадмий, мыстың топырақтағы концентрациялары ШРЕК мөлшерінен 100-500 есе, санитарлық-қорғаныс аймағында (1,0 км-ге дейінгі) – 50-100 есе, 5 км-ден 40 км-ге дейінгі ара қашықтықта – 2-3 есе артық болады. Фторсутек пен фтордың басқа да қосылыстарын ауаға бөлетін Жамбыл суперфосфат зауытының маңындағы топырақтар фтор қосылыстарымен ластанған. Заводқа жақын жердегі топырақтағы фтордың ең жоғарғы концентрациясы ШРЕК мөлшерінен 2-5 есе артық. Шымкент қаласының және оған іргелес жатқан аймақтардың топырағы қорғасын және фосфор зауыттарының ауаға бөлетін қалдықтарымен ластанады. Топырақтың марганец, қорғасын, кадмий, кобальт, молибден, фтор, хроммен және мөлшері ШРЕК мөлшерінен 3 есе артық және одан астам болатын сынаппен едәуір ластануы Теміртау қаласының қара металлургия кәсіпорындары орналасқан ауданында байқалады. Сынап осы аймақта орналасқан синтетикалық каучук өндірісінің технологиялық үрдістерінде пайдаланылады. Мұнай-газ конденсаты кен орындарының кәсіпорындары (Батыс Қазақстан, Атырау облыстары) топырақты мұнай өнімдерімен, фенол, ванадий, бариймен ластайды. Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа, хром қосылыстары зауыттары және ЖЭО атмосфераға топыраққа сіңіріліп отыратын, хром мен бордың көп мөлшерін бөледі. Топырақты ластаудың айтарлықтай маңызды көзі жылу энергетикасының кәсіпорындары болып табылады. Ірі ЖЭО-да қатты отынды жағу кезінде топыраққа күл, күйе және улы металдар түседі. Бұлардан бөлінген күл мен басқа зиянды заттар жүздеген шақырым территорияларға таралады. Бұдан басқа, ЖЭО айналасында ауданы 2-3 км2 болатын жердің топырағын күл үйінділері – отынның жанғанынан қалған күлді жинаған жер учаскелеріндегі күл ластайды. Қалдықтардың өте көп мөлшерін, өнеркәсіптік қалдықтардың жалпы көрсеткішінің 75%-ын кен өнеркәсібі бөледі. Қайта өңдеуге қолданылмайтын бос жыныстар кеніш маңында тау жыныстары үйіндісі түрінде жинақталады. Кенді алғашқы өңдеу (байыту) барысында кейін өндірістік үрдіске қажетті минералдық компонентерді бөліп алады, ал кеннің қалған бөлігін қоймада сақтауға жібереді. Жыныс үйінділері мен сақтау қоймалары топырақтың орасан зор аудандарын алып жатады, ал қалдықтардың құрамында болатын, көбінесе уытты және қауіпті болып саналатын түрлі химиялық қосылыстар топыраққа, ауаға, суға өтеді. Қазақстан Республикасы үшін бұл мәселе аса өзекті болып табылады, өйткені оның территориясында темір рудасының (Қостанай облысы), түсті металдардың (Батыс Қазақстан, Жезқазған облыстары), тас көмірдің (Қарағанды, Павлодар облыстары), фосфордың (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары) және мұнайдың (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары) кен орындарын пайдаланады. |