Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 17 страница Адамның толық ашығуы, бірақ, су ішіп отырған кезде ғана, 40 - 45 күнге созылады. Бұндай жағдайда адамның дене салмағының азаюы 40% дейін жетуі мүмкін. Ағза 1,0-1,5 литр су жоғалтқан кездің өзінде-ақ, жоғалған судың орнын толтырудың қажеттілігі туындайды. Егер, адам судың жетіспеуінен дене массасының 6-8% жоғалтатын болса, онда оның температурасы жоғарылайды, тыныс алуы және жүректің соғуы жиілейді, қанның тұтқырлығы артады, терісі қызарады, бұлшық еттің әлсізденуі, селқостық, бас ауруы мен бастың айналуы байқалады. Тері мен бұлшық еттердің тонусы едәуір төмендейді. Судың тапшылығынан адамның дене массасы 10% азайған кезде, аурудың клиникалық көріністері күрт нашарлайды: көз алмасы шүңірейіп, теріде сызат, есінің қарауытуы пайда болады,. Егер, ағзадағы сұйықтың мөлшері, ауа температурасы 30º С болған кезде, 15-20% азаятын болса, онда бұл құбылыстар қайтымсыз болуы мүмкін. Ал, ағзадағы сұйықтың 25% азаюы, адамның өліміне әкеп соғады. Ауру құбылыстары адам ағзаға қажетті мөлшерден артық су қабылдаған жағдайда да пайда болуы мүмкін. Сілекей бөліну, жүрек айну, құсу, зәр шығаруының көбеюі сияқты, судан уланудың белгілері дамиды: Бұлшық еттің әлсіреуі, тырысу, бас ауруы пайда болады. Сонымен, суды пайдалануда кез келген шектен шығушылық адам денсаулығына, кей кезде түзелмейтін де, зиян келтіруі мүмкін. Міне, сондықтан да ауыз суды пайдаланудың тәртібін сақтау керек. Климаттың ерекшеліктеріне байланысты, адамның суға тәуліктік қажеттілігі 2,5- 6 л құрайды. Егер, адамның суға тәуліктік қажеттілігін 2,5 л, ал өмір сүру ұзақтығын - 70 жыл деп алатын болсақ, онда ағзаның қабылдайтын суының жалпы мөлшері шамамен 60 мың л болады. Су – бұл, біздің планетамыздағы, басқа заттармен алмастырылмайтын, жалғыз ғана табиғи байлық болып табылады. Тірі ағзаларда су келесі қызметтерді атқарады: 1. Су ортасы, жасушалардағы молекулалардан бастап, тіндер мен мүшелерге дейін, ағзаның барлық бөліктерін бүтіндей біріктіреді. 2. Су – аса маңызды еріткіш және ағзадағы барлық биохимиялық реакциялардың жүру үшін өте маңызды орта. 3. Су – ағзада қоректік заттарды тасымалдайды және түрлі тіршілік үрдістерінің соңғы өнімдерін жасушадан шығарады. 4. Су – жасушалардағы құрылымдардың реттелуіне қатысады. Ол белок молекулаларының құрамына кіріп, олардың конформациясын анықтайды. Спирт көмегімен немесе высаливанием арқылы суды белоктан бөліп алу, олардың коагуляциялануына және тұнбаға түсуіне әкеп соғады. Белок молекулаларының гидрофобты бөліктері мен липопротеиндердің құрылымын сақтап тұру үшін, олардың құрамындағысудың рөлі маңызды болуы мүмкін. 5. Су – зат алмасу үрдісінің нәтижесінде пайда болатын зат және биохимиялық үрдістердің негізгі компоненті. Мысалы, фотосинтез кезінде су электрондардың доноры болып табылады. Тыныс алу үрдісінде, мысалы Кребс циклында, су тотығу үрдістеріне қатысады. Су гидролиз үшін және басқа көптеген синтез үрдістері үшін қажет. 6. Су – жылу реттегіш фактор. Ол, жылу сыйымдылығының және бу түзудің меншікті жылуының жоғары болуына байланысты, тіндерді температураның күрт ауытқуларынан сақтайды. 7. Су – ағзаға түсетін механикалық әсерлерден қорғайтын, жақсы амортизатор болып табылады. 8. Су, осмос және тургор құбылыстары арқасында тірі ағзалардың жасушалары мен тіндерінің серпімділігін қамтамасыз етеді. 9. Қазіргі қөзқарастар бойынша, су рөлінің бірегейлігі, оның биологиялық реакциялар жүретін өзіне тән ерекше орта екендігінде ғана емес, сонымен қатар, ол биополимерлер макромолекулаларының, биологиялық мембраналардың және басқа да молекулалардан жоғары деңгейде тұрған күрделі құрылымдардың нативті құрылымының қалыптасуы мен тұрақты болуына тікелей әсер ететіндігімен білінеді. 10. Су, сол сияқты биологиялық реакциялардың нәтижелілігіне де тікелей әсер етуі мүмкін деген пікірлер бар, реакциялардың нәтижесінде пайда болатын белоктардың конформациясы мен жүйенің бос энергиясының өзгеруі, олардың компоненті болып табылатын, су құрылымының да бір уақытта өзгеруімен (судың күйінің өзгеруімен) байланысты. Судың адамның тіршілігі үшін маңызы өте зор. Су шаруашылығының негізгі мақсаты, тұрғындар мен шаруашылық кешендерін сапалы сумен қамтамасыз ету, экономиканың барлық салаларының жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Өзінің қасиеттеріне байланысты су, барлық технологиялық үрдістерге міндетті түрде қатысушы болып табылады, сусыз өнеркәсіп өндірісі, транспорт, ауыл шаруашылығы жұмыс істей алмайды. Су – өте сенімді және арзан жылу тасымалдаушы: сумен әрі жылытуға, әрі суытуға да болады. Су – энергия көзі мен жүк тасымалдаушы магистраль. Су – тұрмыста да өте қажетті зат: сусыз тамақ дайындау да, жеке бас гигиенасы сақтау және демалу мүмкін емес. Өнеркәсіп үшін су, таскөмір, мыс, темір және басқа да табиғи ресурстар сияқты, өте қажет. 1т шойынды балқытып, одан болат алу үшін, шамамен 300 м3, 1 т мыс өндіруге - 500 м3, 1 т никель өндіруге 4000 м3 су жұмсалады. Егер, дүние жүзінде жыл сайын пайдаланылатын барлық минералды ресурстардың мөлшері 7-9 млрд т болса, күн сайын түрлі мақсаттарға судың 7-8 млрд т шығын болады. Суды нысаналы қолдану түріне байланысты, оның қолданылуын көп жылдар бойы су пайдалану және су тұтыну түрлеріне бөлу қабылданған. Су пайдалану кезінде су, суаттар мен ағыстарында қалып, қалық шаруашылығы жұмыстарын жүргізетін орта және энергияның механикалық көзі болып саналады. Негізгі су пайдаланушылар: су транспорты, орманнан кесілген ағаштарды сумен ағызу арқылы тасымалдау, балық шаруашылығы және гидроэнергетика болып табылады. Су тұтыну кезінде суды суаттардан және ағыстарынан алады. Су тұтынушылар өте көп, олар – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық – тұрмыстық ұйымдар, қоғамдық өндіріс кәсіп орындары, темір жол транспорты, т.б. Су тұтынудың су пайдаланудан айырмашылығы, су тұтынушылардың біраз суды қайтарымсыз алуында ғана емес, сондай-ақ, олардан шыққан қайтарылатын ағынды суларымен табиғи суларды ластандыруында да. Бұнымен бірге, айта кету керек, «су тұтыну» және «су пайдалану» түсініктерімен бірге, қазіргі кәсіптік терминологияда соңғы жылдары суға, су көздеріне, су қоймаларына қатысты барлық жағдайларда жалпылама «су пайдалану» түсінігі жиі қолданылады. Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес су нысандарын пайдалану әдісіне қарай су пайдалану төмендегіше бөлінеді: 1. суды, су нысандарына қайтару шартымен, су нысандарынан су ресурстарын алу арқылы су пайдалану; 2. суды, су нысандарына қайтармай, су нысандарынан су ресурстарын алу арқылы су пайдалану 3. су нысандарынан су ресурстарын алмай су пайдалану. Су нысандары келесі мақсатта қолданылады: - халықтың шаруашылық- ауыз су қажеттілігі үшін; - коммуналдық-тұрмыстық шаруашылықта; - емдеу, курортта емдеу және сауықтыру макқсатында; - ауыл-шаруашылығы өндірісінде( жер суаруға емес); - суару үшін; - өнеркәсіптің түрлі салаларында; - гидроэнергетикада; - су транспорты мен ормандарда кесілген ағаштарды тасымалдау үшін; - балық шаруашылығында; - ағынды суларды ағызу үшін; - табиғат қорғау қажеттіліктеріне; - санитарлық мақсаттарға, - басқа да қажеттіліктер үшін. Сонымен, су тұрмыста, өнеркәсіпте, энергетика мен ауыл шаруашылығында, т.б. кеңінен қолданылады. Егер, бір қала күніне 600 мың м3 су тұтынғанда, олардан шығатын ағынды судың мөлшері 500 мың м3 болады. Ағынды сулар дегеніміз, суды, адам тұрмыста және шаруашылықта пайдаланғаннан кейін шыққан, ағызып жіберілетін лас сулар. Су ағызу – ағынды суларды қабылдауды қамтамасыз ететін, одан кейін кәріздердің тазарту құрылыстарына жіберетін, технологиялық процесс. Түзілу жағдайларына байланысты ағынды суларды келесі түрлерге бөлінеді: - тұрмыстық; - атмосфералық; - өндірістік; - ауыл шаруашылық ағынды суларға. Ағынды сулардың ашық су көздеріне әсер ету дәрежесі суға түсетін ластаушы заттардың сипатына, мөлшерлік қатынастарына байланысты. Таза су қосылмаған ағынды су барлық уақытта да айқын уытты әсер етеді, ол адамның денсаулығына теріс әсерін тигізеді және әр түрлі жұқпалы да, жұқпалы емес те аурулар пайда болуының себебі болуы мүмкін. Өндіріс орындарынан шыққан ағынды сулардың құрамында болатын көптеген улы металдар мен олардың қосылыстары, мысалы, қорғасын, мышьяк, кадмий, сынап адам ағзасына ауыз сумен бірге түсіп, адамның улануына әкеледі және бұл, көбінесе созылмалы түрде болуы мүмкін. Сонымен, ластанулардың қандай түрі болса да, олардың барлығы да адамның денсаулығында, жануарлар ағзасында, ағзалардың даму үрдістерінде белгілі бір зиянды із қалдырып, ластанудың қауіптілігіне ерекше көңіл аудартады. 3. Адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде жер беті және жер асты сулардың ластануы. Қазіргі кезде әлемнің көптеген аймақтарындағы, олардың ішінде Қазақстандағы да су нысандарының жағдайы, жалпы алғанда, қолайсыз деуге болады. Соңғы жылдарда шиеленіскен көптеген проблемалардың ішінен ең маңыздыларын: су көздеріндегі су сапасының нашарлауын және шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерінің шиеленісуін бөліп көрсетуге болады. 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік Концепциясында көрсетілгендей, климаттың өзгеруі мен озон қабатының бұзылуы, атмосфералық ауа, топырақ жабындарының ластануы және басқаларымен бірге, су көздерінің ластануына байланысты мәселелер де Қазақстан Республикасының өте өзекті экологиялық мәселелері болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының ХХХV сессиясында планетамыздың миллиардтан аса тұрғыны ауыз су мен шаруашылыққа қажетті таза сапалы суға зәру болып отырғаны туралы мәлімдеме жасалды. Ал жер бетілік су көздерінің жаппай ластануына байланысты, орталықтандырып сумен қамтамасыз ету барған сайын жер асты суларын көбірек пайдалануға бағытталады. Еске сала кететін болсақ, Қазақстандағы су ресурстарының жағдайы, әлі күнге дейін жүріп жатқан ластануына және азаюына байланысты жалпы жеткіліксіздігімен бағаланады. Республика территориясындағы анықталған жер асты суларының қоры 16 км 3. Басқа да елдердегі сияқты, біздің елімізде де тұщы су проблемасы күннен күнге өте өзекті деген мәселелердің бірі болып отыр. Біздің елімізде шаруашылық – ауыз суды тұтыну көлемі, 2002 жылы, 1995 жылмен салыстырғанда, екі есе төмендеді. Республикадағы әрбір тұрғынға шаққанда, шаруашылық – ауыз су мақсатына тәулігіне, шамамен 150 л су жұмсалады. Республикадағы ауылды елді мекендердің тұрғындары, қала тұрғындарына қарағанда, суды үш есе аз жұмсайды. Ашық су көздеріне жылына ағызылатын ағынды сулардың көлемі 5 млрд м3 болады, бұлардың көп бөлігі Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстарының үлесіне тиеді. Соңғы жылдары ластанған ағынды сулардың (тазартылмаған немесе жеткіліксіз тазартылған) көлемінің жылына 155 млн м3 деңгейде тұрақталғаны байқалып келеді. Қазақстандағы тексерілген 44 су нысандарының ішінде 9 өзен, 2 көл мен 2 жасанды су қоймасы «таза», ал 6 өзен және 1 жасанды су қоймасы –«лас» және «өте лас» деп танылды. Өте қатты ластанған – Елек, Нұра және Ертіс өзендерінің сулары болып отыр. Қазақстан Республикасының 2004-2010 жылдарға арналған ауыл аумақтарын дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасында келтірілген мәліметтер бойынша, республикада 637 ауылды елді мекендердің тұрғындары (8,3%) су сапасының нормативтеріне сәйкес келмейтін (құрғақ қалдық мөлшері 1,5 г/л), оның ішінде 176 елді мекенде, тұздылығы 2-3 г/л болатын, сапасыз ауыз суды пайдаланады. Бұндай елді мекендер, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында ең көп кездеседі. Жоғарыда айтылғандай, тұщы суды үш түрлі табиғи су көздерінен: атмосфералық жауын-шашыннан, жер бетілік ашық суаттардан және жер астылық сулардан алуға болады. Бұл су көздері, олардан алынатын судың мөлшері (дебиті) жағынан да, суының сапалық құрамы жағынан да түрліше болады. Жер асты сулары, жер бетілік суларға қарағанда, сыртқы орта факторларының әсерінен едәуір көп дәрежеде қорғалғандығына қарамастан, қоршаған ортаға техногенді әсерлердің барған сайын өсіп отыруына байланысты, олар да ластануға ұшырайды. Техногенді компоненттер, қазір тек топырақтың жоғарғы су тұтқыш горизонттарында ғана емес, сонымен қатар тереңдегі артезиан суларының құрамынан да табылады. Жер бетілік те, жер астылық та сулардың ластануы толып жатқан экологиялық және әлеуметтік салдарды тудырады. Суды ластаушы компоненттердің қоректік тізбектер арқылы таралу мәселесіне үлкен көңіл бөлу қажет. Бұл жағдайда улы заттар адам ағзасына ауыз сумен ғана емес, сонымен бірге, өсімдік және жануар текті тағамдар арқылы да түседі. Тіпті тұрғындар ластанған суды ауыз су ретінде қолданбай, тек оны тағам дайындауға, мал суаруға немесе өсімдіктерді суғаруға ғана пайдаланатын болса, осының өзі адамдардың өздерінің ғана емес, келешек ұрпақтарының денсаулығына да әсер етуі мүмкін. Судың сапасы - бұл, су пайдаланудың әр түріне (су пайдалану категориясы) жарамдылығын анықтайтын, судың қасиеттері мен құрамының сипаттамасы. Қазақстан Республикасындағы суаттар пайдалану мақсатына қарай екі категорияға бөлінеді. Бірінші категорияға - орталықтандырылған немесе орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су көзі ретінде пайдаланылатын су көздері жатады. Екінші категорияға - мәдени-тұрмыстық мақсатта, рекреация ретінде, спорт үшін қолданылатын, сол сияқты елді мекендердің аумақтарындағы су көздері жатады. Судың сапасын бағалау, суды пайдалану мақсатына қарай белгілі бір критерийлер мен көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Судың сапасы негізінен, ондағы еріген және суға араласқан заттардың, биомассасының және микроағзалардың құрамымен және мөлшерімен анықталады. Табиғи сулардың сапасын бір жағынан, ортаны сипаттайтын көрсеткіштер (гидрохимиялық көрсеткіштер) бойынша, ал екінші жағынан, судағы биотаның жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер (гидробиологиялық көрсеткіштер) бойынша бағалау жүйесі тарихи қалыптасқан. Судың гидрохимиялық көрсеткіштері ластаушы заттардың құрамы мен концентрациясы бойынша табиғи факторлардың әсері және антропогендік әсерінің қарқындылығы жөнінде пайымдауға, ал гидробиологиялық көрсеткіштері – барлық антропогендік факторлар кешенінің әсеріне судағы биотаның жауап реакцияларын бағалауға мүмкіндік береді. Судын сапасы ҚР «Шаруашылық – ауыз су және мәдени-тұрмыстық су пайдалану пунктеріндегі су нысандарының су құрамы мен сапасына қойылатын гигиеналық талаптарына» (2004 ж.) сәйкес бағаланады: - суға араласқан заттардың (антропогенді және басқа) мөлшері бойынша: ауыз суға пайдаланылатын судағы араласқан заттардың мөлшері 0,25 мг/дм3 және мәдени-тұрмыстық мақсатта пайдаланылатын су үшін - 75 мг/дм3 аспауы керек; жыл сайынғы су деңгейінің ең азайған кезінде судың құрамындағы табиги минералды заттардың мөлшері 30 мг/дм3 артық болған суаттар үшін, суға араласқан заттардың мөлшері 5,0% дейін көбеюі рұқсат етіледі; ағысы бар суаттар үшін тұнбаға түсу жылдамдығы 0,4 мм/сек және жасанды су қоймалары үшін 0,2 мм/сек жоғары болатын қоспасы бар суларды су көздеріне ағызуға рұқсат етілмейді; - қалқыған қоспалары (заттар) бойынша– суаттардың бетінде қалқыған пленкалар, минералдық майлардың дақтары мен басқа да жиналған қоспалар болмауы керек; - кейбір органолептикалық көрсеткіштері бойынша (адамның сезу мүшелері арқылы анықталатын): исі – судың оған тән емес иістердің қарқындылығы 1 балдан аспауы керек, түсі – I санатқа жататын суаттар үшін биіктігі 20 см су бағанасында, ал IΙ санатқа жататын суаттар мен теңіздер үшін – биіктігі 10 см су бағанасында анықталмауы тиіс; кейбір физикалық көрсеткіштері бойынша: температура – ағынды суларды жіберу нәтижесінде, судың жазғы температурасы, соңғы 10 жыл ішіндегі жылдың ең ыстық айының орташа айлық температурасымен салыстырғанда, 3ºС артық аспауы керек; - бірқатар химиялық көрсеткіштері бойынша: минералдық құрамы – құрғақ қалдығының мөлшері бойынша 1000 мг/дм3 аспауы, оның ішінде, хлоридтердің мөлшері бойынша – 350 мг/дм3; сульфаттардың мөлшері бойынша - 500 мг/дм3 аспауы керек; химиялық заттардың (бірқатар улы заттардың) концентрациясы – шектік рұқсат етілген концентрациясынан (ШРЕК ) аспауы тиіс ШРЕК – адам ағзасына бүкіл өмірі бойына түсуі кезінде халықтың қазіргі кездегі және келешектегі ұрпақтарының, оның ішінде, өмірінің қартайған шағында да, денсаулықтарына тікелей немесе басқа орта арқылы әсер етпейтін, сондай-ақ, су пайдаланудың гигиеналық жағдайларын нашарлатпайтын, судаға заттардың ең жоғары концентрациясы. Судағы химиялық заттарға арналған ШРЕК зияндылықтың лимиттеуші белгісін (ЗЛБ): - санитарлық-токсикологиялық; - жалпы санитарлық; - органолептикалық белгісін ескеріп бекітеді. Судың органолептикалық қасиеттерінің өзгеру сипаты келесідей түсіндіріледі: иіс – судың исін өзгертеді; түс – түсіне әсер етеді; көбік – көбік түзеді; қабыршық – судың бетінде қабыршық пайда болуы; дәм – суға дәм береді). Суды ластайтын барлық химиялық заттар келесі түрде жіктеледі: I класс – өте қауіпті ΙI класс – қауіптілігі жоғары, ΙIΙ класс – қауіпті, IVкласс – орташа қауіпті. Бұл жіктелуінің негізіне, суды ластайтын химиялық қосылыстардың, олардың уыттылығына, ағзада жиналу қабілетіне, әсерінен біраз уақыт өткеннен кейін эффектілерін туғызатын қабілетіне, зияндылықтың лимиттеуші көрсеткіштеріне байланысты, адамға әр түрлі қауіптілік дәрежесін сипаттайтын көрсеткіштер қойылған. Заттардың қауіптілік кластары - судағы индикатор ретіндегі ең алдымен тексерілетін қосылыстарды таңдауда; - қосымша қаржы салынуды қажет ететін су ресурстарын қорғау іс-шараларының реттілігін анықтауда; - технологиялық үрдістерде қауіптілігі жоғары заттарды қауіпсіз заттармен алмастыру жөніндегі ұсыныстарды негіздеуде; - судағы заттарды аналитикалық анықтау үшін сезімтал әдістерінің дайындау кезектілігі. Су нысандарына қауіптілігі бойынша 1 және 2 класқа жататын, лимиттеуші зияндылық көрсеткіші бірдей, бірнеше заттар түскен кезде және, бұл су нысанынан жоғары орналасқан су көздерінен түсетін қоспаларды есепке ала отырып, олардың зияндылық әсерін қоса есептейді. Бұл жағдайда су нысанындағы әрбір заттың концентрацияларының (С1 , С2, Сn) осы заттардың ШРЕК- на қатынастарының қосындысы 1(бірден) артық болмауы керек: С1 / ШРЕК 1 + С2/ ШРЕК 2 + ....+ Сn/ ШРЕК n ≤ 1 Суаттардағы судың сапасы жоғарыда көрсетілген гигиеналық талаптарға сәйкес келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады: Суаттардағы судың сапасы жоғарыда көрсетілген гигиеналық талаптарға сәйкес келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады: - сутектік көрсеткіші (рН); - еріген оттек мөлшері; - оттегінің химиялық жұмсалуы (ОХЖ); - оттегінің биохимиялық қажеттілігі (ОБҚ); - түрлі аурулар тудыратын микробиологиялық және паразиттік көрсеткіштері бойынша: лактоза-оң ішек таяқшалары (ЛІТ), коли-фагтар, гельминттердің тірі жұмыртқалары (аскарида, қылбас, т.б.), патогенді ішек қарапайымдыларының цисталары Сутектік көрсеткіші (рН) – рН, 6,5-8,5 аралығында болуы керек. Еріген оттегінің мөлшері жылдың кез келген маусымында, күндізгі сағат 12 дейін алынған сынамада 4 мг/дм3 кем болмауы керек. Оттегінің химиялық жұмсалуы (ОХЖ)- судағы органикалық заттардың тотығуына жұмсалатын оттектің мөлшері.ОХЖ су пайдаланудың 1 категориясы үшін– 15 мг О2/дм3; II-категориясы үшін - 30 мг О2/дм3 аспауы керек. Оттегінің биохимиялық қажеттілігі (ОБҚ) – белгілі уақыт бірлігіндегі (1, 2, 5, 20 тәулік ішінде) судағы органикалық заттардың биологиялық ыдырауына жұмсалатын оттегінің мөлшері. Көптеген органикалық ластаушылардың тотығуы 20 тәулік ішінде жүзеге асады. 20 тәулік ішінде ластаушылардың толық биохимиялық тотығуына жұмсалатын оттегінің мөлшері толық оттегінің биохимиялық қажеттілігі (толық ОБҚ) деп аталады. 200С температурада толық ОБҚ: Суды пайдаланудың I категориясы үшін – 3 мг О2/дм3; Суды пайдаланудыңII категориясы үшін - 6 мг О2/дм3; рекреациялық аймақтар үшін - 4,0 мг О2/дм3 аспауы керек. Лактоза-оң ішек таяқшаларының (ЛІТ) саны, жер бетілік су көздерінің класына байланысты (орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су жүйелерінен басқа), елді мекендердің территориясындағы сулардың 1 дм3 1000 – 50000 артық болмауы керек, ал коли-фагтардың саны - 100 ден аспауы керек (орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су жүйелерінен басқа). |