ПОЗНАВАТЕЛЬНОЕ Сила воли ведет к действию, а позитивные действия формируют позитивное отношение Как определить диапазон голоса - ваш вокал
Игровые автоматы с быстрым выводом Как цель узнает о ваших желаниях прежде, чем вы начнете действовать. Как компании прогнозируют привычки и манипулируют ими Целительная привычка Как самому избавиться от обидчивости Противоречивые взгляды на качества, присущие мужчинам Тренинг уверенности в себе Вкуснейший "Салат из свеклы с чесноком" Натюрморт и его изобразительные возможности Применение, как принимать мумие? Мумие для волос, лица, при переломах, при кровотечении и т.д. Как научиться брать на себя ответственность Зачем нужны границы в отношениях с детьми? Световозвращающие элементы на детской одежде Как победить свой возраст? Восемь уникальных способов, которые помогут достичь долголетия Как слышать голос Бога Классификация ожирения по ИМТ (ВОЗ) Глава 3. Завет мужчины с женщиной 
Оси и плоскости тела человека - Тело человека состоит из определенных топографических частей и участков, в которых расположены органы, мышцы, сосуды, нервы и т.д. Отёска стен и прирубка косяков - Когда на доме не достаёт окон и дверей, красивое высокое крыльцо ещё только в воображении, приходится подниматься с улицы в дом по трапу. Дифференциальные уравнения второго порядка (модель рынка с прогнозируемыми ценами) - В простых моделях рынка спрос и предложение обычно полагают зависящими только от текущей цены на товар. | Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 20 страница Сонымен қатар, қазіргі таңда минералды заттары аз суды қабылдау, сұйықтың бөлінуін күшеюіне әкеп соғатын, гомеостаздың механизміне және ағзадағы су мен минералды заттардың алмасуына зиянды әсер ететіні дәлелденген. Бұл жасуша ішілік және жасуша сыртындағы иондардың биологиялық сұйықтардан бөлінуімен және олардың теріс балансымен байланысты. Бұнымен бірге, ағзадағы судың жалпы мөлшері және су алмасудың реттелуіне қатысатын кейбір гормондардың функционалдық белсенділігі өзгереді. БДДҰ сарапшыларының адам ағзасына жүргізген тәжірибелерінің (1980) нәтижесі осыған ұқсас көріністі анықтады, бұл минералдану дәрежесі 100 мг/л дейін судың су мен минералды заттар алмасуына әсерінің негізгі механизмін сипаттауға мүмкіндік берді: 1. диурездің (қалыпты деңгеймен салыстырғанда, 20%-ға); ағзадағы сұйықтың және сарысудағы натрийдің концентрациясының жоғарылауы 2. сарысудағы калийдің концентрациясының төмендеуі; 3. ағзадан натрий, калий, хлоридтер, кальций мен магний бөлінуінің жоғарылауы. Ресей ғалымдарының зерттеулері, құрамында минералды заттары аз суды пайдаланатын тұрғындардың түрлі ауруларға шалдығу қаупі жоғары болатынын көрсетті. Бұл гипертензия (артериялық қысымның жоғары болуы) мен коронарлық қан тамырларындағы өзгерістер, асқазан мен он екі елі ішектің жарасы, созылмалы гастрит, зоб, жүктілік кезеңіндегі туындайтын асқынулар, жаңа туылған нәрестелер мен сәбилерде пайда болатын сары ауру, анемия, сүйектің сынуы мен өсу үрдістерінің түрлі проблемалары (Мудрый И.В., 1999). Дегенмен де, осы аурулардың барлығы да дәл кальцийдің, магнийдің және басқа да маңызды элементтердің жеткіліксіздігіне байланысты ма әлде басқа факторларға байланысты ма, бұл әлі соңына дейін толық анықталмаған. Кейде ағзаға заттардың жеткіліксіз деңгейде түсуінің салдары ұзақ жылдардан кейін ғана белгілі болады, бірақ жүрек-қан тамыр жүйесі кальций мен магнийдің жетіспеушілігіне едәуір жылдам жауап қайтарады. Кальций және/немесе магний жетіспейтін суды бірнеше ай пайдалану, бұған жеткілікті мерзім болып табылады (Е.Рубенович және басқалар., 2000). Г.Ф. Лютайдың (1992) мәліметтері бойынша, Ресейдің Усть-Илим аймағындағы минералдануы төмен суды қабылдайтын тұрғындар зоб, гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, асқазан мен он екі елі ішектің жарасы, созылмалы гастрит, холецистит және нефрит сияқты аурулармен жиі ауыратыны анықталды. Жас балалардың дамуының баяулауы, бойларының өсуінде кейбір ауытқулар пайда болуы, жүкті әйелдерде – ісіну мен анемия және жаңа туылған сәбилердің жиі ауыратыны байқалды. Аурушаңдықтың ең төменгі деңгейі судағы кальций мөлшері 30-90 мг/л, магний – 17-35 мг/л, ал жалпы минералдануы – 400 мг/л шамасында (гидрокарбонаттар бар суда) болатын аймақтарда байқалған. Автор, осындай су адам ағзасы үшін физиологиялық нормаға жақын деген қорытындыға келген. БДДҰ бір топ зерттеушілері (1980), ауыз су мақсатына минералдануы 100 мг/л кем емес суды қолдануды үсынады. Хлоридті-сульфатты сулар үшін судың қолайлы минералдануы – 200 - 400 мг/л, ал гидрокарбонатты сулар үшін - 250-500 мг/л құрайды. Суда азот қышқылы тұздарының (нитраттардың) жоғары мөлшерде болуы, қанда, әсіресе, жас балалардың қанында метгемоглобиннің түзілуіне әкеп соғады, оның салдарынан, гипоксиямен сипатталатын, өте ауыр ауру –уытты цианоз (метгемоглобинемия) пайда болады. Суға өндірістік ағынды сулармен бірге әр түрлі уытты заттар: мышьяк, қорғасын, сынап, кадмий, диоксиндер, фенол, т.б. түсуі мүмкін. Бұндай жағдайда су бірқатар жұқпалы емес аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Су нысандарының уытты заттармен ластануының тірі ағзаларға зиянды әсер ететіндігі жөнінде келесі мәліметтер дәлел бола алады. Қазақстанда өнеркәсіптің қарқынды даму кезеңінде, Кеңестік өкімет кезінде – ақ, Балқаш көлі біртіндеп тартыла бастаған. 30-40 жылдың ішінде көлдің ауданы 2000 км2 аса қысқарды. Көлдің жағалаулары екі метрден артық шегініп кетті. Кейбір шығанақтардың орнында сор пайда болды. 60-шы жылдары жергілікті балықшылардың көлден аулаған ауына бүкіл денелері жаралармен және фибросаркомамен жарақаттанған көксерке балықтары түсе бастаған, бұны Балқаш тау-металлургия комбинатының іс-әрекетімен байланысты деп санайды. 30 жылдан кейін ауруға ұшыраған балықтардың санын ешкім санамайтын да болды. Ал қазіргі кездегі космостан түсірілген суреттермен дәлелденген, экологтар мен биологтардың қойған диагнозы қатты қапаландырады. Қазіргі кезде су гигиенасы саласында адам ағзасына ауыз сумен түсетін металдардың уытты әсерінің кейбір ерекшеліктерін анықтайтын ауқымды деректі материал жинақталды. Ағзаға ауыз сумен түскен металдардың улылығы туралы мәліметтер, бұл биологиялық белсенді химиялық заттардан уланудың, олардың мөлшеріне байланысты екенін дәлелдейді. Көптеген металдардың ағзаға уытты әсері өзіне тән және өзіне тәне емес те эффектілер түрінде байқалады. Металдардың аз ғана мөлшері әсер еткен кезде, өзіне тәне емес эффектілері жетекші рөл атқара бастайды. Г.Н.Красовский және авторластардың (1992) пікірінше, суда бірнеше металдар бір уақытта болған жағдайда, судың металдармен ластануының гигиеналық бағалауы, басқа химиялық заттарды да бағалау сияқты, эффектілердің қосылуын есепке ала отырып жүргізілуі тиіс. Бұл кезде судағы металдардың рұқсат етілген шектік мөлшері олардың санына сәйкес төмендетіліп, кей кезде бұл металдардың суаттардың ластанбаған учаскелеріндегі анықталатын концентрацияларынан да төмен болуы мүмкін. Металдардың кешенді және аралас әсерін зерттеу медико-биологиялық зерттеулердің аса маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Тек, деректі материалға негізделген, биологиялық белсенді химиялық заттардың ағзаға әсер етуінің маңыздылығын дұрыс ұғыну ғана, тұрғындардың денсаулығы үшін қауіпсіз су пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (Онищенко Г.Г., Новиков С.М., Рахманин Ю.А. және басқалар, 2000). Бірнеше ондаған жылдардан бері Қытайда, Тайваньда және басқа да Орталық және Оңтүстік Америка елдеріндегі тұрғындардың ауыз суы құрамында мышьяктың концентрациясы жоғары екені белгілі. Кейінірек, ауыз су құрамында мышьяктың концентрациясы жоғары, басқа да аудандар анықталды. Көп жағдайларда, құрамында мышьяк бар геологиялық жыныстардан мышьяк түсетін, жер асты грунт сулары ауыз су көздері болып табылады. Ауыз суда мышьяктың арсенаттар мен арсениттер түріндегі бейорганикалық қосылыстары басым болады. Ауыз судың құрамында мышьяк жоғары мөлшерде болатын аудандардағы тұрғындардың онкологиялық ауруларымен аурушандығын және өлім-жітімін зерттеу қуық, өкпе және терінің обырынан өлім-жітімнің жоғары болатынын анықтады. Бұл, ауыз судағы мышьяктың адам ағзасы үшін канцерогенді зат екенін қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Кадмийдің кез келген түрі қауіпті. Оның 30-40 мг мөлшерінің өзі, өлімге әкеп соғады. Бұл металл ағзадан өте нашар шығарылады,тәулігіне - 0,1 % ғана. Ағзаның кадмийдан улануының ерте белгілері бүйрек пен жүйке жүйесінің зақымдануы, зәрде белоктың болуы, жыныс мүшелері қызметінің бұзылуы (аталық жыныс бездеріне әсері), арқа және аяқ сүйектерінің қатты ауруы болып табылады. Сонымен бірге, кадмий өкпенің қызметінің бұзылуына әкеледі, канцерогендік әсері бар, бүйректе жиналады (бүйректің 1 г массасына шаққанда, Cd 0,2 мг тең мөлшері ауыр улануға әкеп соғады). Кадмийдің ағзаға артық мөлшерде түсуі қан аздықтың, бауыр зақымдануының, кардиопатияның, өкпе эмфиземасының, остеопороздың, гипертонияның дамуына және қаңқаның пішінінің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Ағзада темірдің жетіспеуі кадмийдің жинақталуын күшейтеді, ол Zn пен Se жетіспеген жағдайда тез жиналады. Кадмийдің артық болуы Zn пен Se жетіспеушілігін туғызады және күшейтеді. Қорғасын, тірі ағзаларға әсер ету дәрежесіне қарай, мышьяк, кадмий, сынап, селен, мырыш, фтор және бенз(а)пиренмен бірге өте қауіпті заттар тобына жатады. Қорғасынның адам үшін қауіптілігі, оның улылығымен және ағзада жинақталу қабілетімен анықталады. Қорғасынның түрлі қосылыстарының улылығы әр түрлі: қорғасын стеаратының улылығы - аз, бейорганикалық қышқыл тұздарының (қорғасын хлориді, қорғасын сульфаты, т.с.с.) – жоғары, ал алкилді қосылыстарының, атап айтқанда, тетраэтилқорғасынның («этилен сұйығы»), улылығы өте жоғары болады. Адам ағзасына қорғасынның көп бөлігі (әр түрлі елдерде және жас құрамына байланысты әртүрлі топтарда - 40 -70% дейін) тамақ өнімдерімен, сонымен бірге ауыз сумен, атмосфералық ауа арқылы және темекі шегу кезінде түседі. Әлемнің әр түрлі елдеріндегі ауыз су құрамында қорғасынның мөлшері 1-60 мкг/л арасында аутқиды және көпшілік Еуропа елдерінде 20 мкг/л аспайды. Қоршаған ортаның қорғасынмен ластануы жаңа туылған сәбилердің денсаулығына зиянды әсер етеді, олардың дене дамуының көрсеткіштері, бақылауға алынған аудандарға қарағанда, төмен болады. Металлургия өндірісі бар қалалардағы тексерілген әйелдердің арасында бедеулік, түсік тастау, токсикоздар саны көбейген, нәрестелердің өлі және әр түрлі кемтарлықтармен: сүйек-буын жүйелеріндегі дефектілер, туа біткен жүрек кеместіктері, т.с.с. аурулармен туылу жиілеген. Туа біткен даму кемістіктерінің жиілігі, ата-аналары металургия комбинатында жұмыс істейтін балалардың арасында жоғары болған. Сынап, белоктық қосылыстардың сульфгидрильді топтарын зақымдайтын, соның әсерінен тірі ағзалардың белок алмасу мен ферментативті қызметін бұзатын, тиолды улар қатарына жатады. Сынап тұзының 1 г ас қорыту жолымен ағзаға түскенде, өлімге әкеледі. Сынаптың өзіне есептегенде, бұл үшін металдың 150-300 мг жеткілікті болады; зиянды әсерінің белгілері «таза» сынаптың 0,4 мг мөлшерінде –ақ байқалады. Сынап әсіресе, адамның және басқа да тірі ағзалардың жүйке және зәр шығару жүйелерін қатты зақымдайды. Сынаптың әсерінен жедел (тез және айқын, әдетте, сынаптың мөлшері жоғары болса) және созылмалы (сынаптың аз мөлшері ұзақ уақыт бойына әсер ететін болса) уланулар болуы мүмкін. Жүкті әйелдерде сынап плацентарлық кедергіден өтіп, ұрықты зақымдайды. Жапония мен Ирактағы белгілі жаппай сынаптан уланудың зардаптарын талдау, бұл металдың органикалық қосылыстарынан жеңіл уланған аналардан сәбилердің ауыр церебралдық салданумен туылғанын көрсетті. 50 – ші жылдары Жапонияның Минамата қойнауы ауданындағы жергілікті тұрғындардың сынаптан жаппай уланғаны өте жақсы белгілі. Бұл қойнауға, винилхлорид өндіруде катализатор ретінде сынап металын қолданған фабриканың ағынды сулары түсіп отырған. Тұрғындардың улануы, осы шығанақтан ауланған, денелерінде жоғары мөлшерде метилсынап жинақталған балықтар мен басқа да теңіз өнімдерін тамаққа қолдануынан болған (бұл ауру осыған байланысты «Минамата ауруы» деп аталды). 1977 жылға қарай Минамата ауруына ұшырағандардың саны 2800 жеткен. Қазіргі кезде әлемнің көптеген – АҚШ, Канада, Швеция, Финляндия, Дания, т.б. елдерінде ластанған су көздерінен ауланған балық, т.б. өнімдерді тамаққа пайдалануға шектеу қойылған. Диоксиндер түрлі қауіпті аурулар, олардың ішінде - қатерлі ісіктер, психикалық аутқулар, оқуға қабілетілігінің бұзылуы, иммунитетінің төмендеуі, аталық гормондардың азаюы, сусамыр ауруы, белсіздік, эндометрит және т.б. туғызады. «Диоксинді» адамның ағзасы өте әлсіз: оның иммунитет жүйесі бұзылады, кез келген жұқпалы аурулар ауыр өтеді және көп түрлі асқынуларға әкеп соғады. Адам ағзасына бір рет түскен диоксин, онда біржола қалып қояды да, ұзақ уақыт өзінің зиянды әсерін тигізе береді. Диоксиндердің өте жоғары улылық қасиеті, бұл қосылыстардың молекулалық құрылысына, олардың өздеріне тән химиялық және физикалық қасиеттеріне байланысты. Диоксиндер катализаторсыз қышқылдар мен тотықтырғыштардың әсерінен ыдырамайды, сілтілер әсеріне өте төзімді, суда ерімейді. Диоксиндерге температура да әсер етпейді, олардың жартылай ыдырау кезеңі 10 нан 20 жылға дейін созылады, адам немесе жануар ағзаларына түскеннен кейін, олар ағзада жиналады, өте баяу ыдырайды және ағзадан шығарылады. Адам ағзасындағы диоксиндердің концентрациясы болмашы ғана - триллионның бөліктерімен есептеледі, бұл ағзада жиналған майдың 1 кг-на шаққанда, грамның миллиардтық бөлігіне тең диоксиннің мөлшері. Бұл деңгей адамның денсаулық жағдайына көңіл аударарлық әсері басталатын табалдырықтық немесе оған жақын деңгей деген пікірлер бар (Е.А.Мамонтова және басқалар., 2002; Б.А.Ревич және басқалар., 2006). Адам ағзасына су арқылы түсетін радиациялық жүктеме де ғылыми әдебиеттерде көрсетілген. Мысалы, үлкен адамдардың тіндеріне сіңірілген дозаны зерттеу кезінде, ағзаға тек тағаммен және сумен түсіп, оның құрамына енген (инкорпорацияланған) радионуклидтерден (137Cs и 90Sr) сіңірілген доза әр түрлі мүшелерде жылына 4,4 – 102 рад құрайтыны анықталды. Бірақ, БҰҰ АРӘҒК мәліметтері бойынша, тұрғындардың сәулеленуге ұшыраудан алатын жиынтық дозасына ауыз судың қосатын үлесі (кейбір жекелеген аймақтарды есептемегенде) басым емес, ол, негізінен, судағы уран мен торий қатарындағы табиғи радионуклидтерге байланысты. Ауыз суды пайдалану нәтижесінде, сәулеленуге ұшыраудан алатын дозаның қалыптасуына ең көп үлесті уран, радий, радон мен полонийдің изотоптары, азырақ мөлшерде – қорғасын- 210 мен торийдің изотоптары қосады. Ауыз суындағы калий–40, тритий мен көміртектің–14, сонымен қатар, жасанды радионуклидтердің - 137Cs және 90Sr- сәулеленуге ұшыраудан алатын дозаға қосатын үлесі ескерілмейтіндей аз деп санайды. Сумен қамтамасыз ететін су көздеріндегі табиғи радионуклидтердің мөлшері өнеркәсіп кәсіпорындарының (тау-кен өндірісі және өңдейтін кәсіпорындар, түсті металлургия, көмір өнеркәсібі, керамика өнімдерін, минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорындар және басқалардың) ағынды суларының суаттарға ағызылуы және шығарындыларының ауаға ұшуы нәтижесінде жоғарлауы мүмкін. Сумен қамтамасыз ететін су көздеріндегі жасанды радионуклидтердің мөлшері радиациялық апаттар, сондай-ақ, ядролық энергетика және басқа да кәсіпорындардың ағынды суларының суаттарға ағызылуы және шығарындыларының ауаға ұшуы нәтижесінде жоғарлауы мүмкін (В.Ф.Кириллов және басқалар, 2003; В.Н.Кудрявцев және басқалар, 2006; А.Б.Бигалиев және басқалар, 2007.). Үлкен адамдармен салыстырғанда, 90Sr – дің ең көп мөлшері, әсіресе, оның жерге қарқынды жаһандық түсуі кезеңінде, кіші жас топтарындағы балалардың сүйек тіндерінде жиналады деп есептейді. Ал ағзаға түсетін 137Cs ас қазан - ішек жолдарынан іс жүзінде толық сіңеді және оның 80% -ға дейінгі мөлшері бұлшық ет тіндерінде жеткілікті дәрежеде біркелкі жиналады. Радионуклидтің ағзадан биологиялық жартылай шығарылу кезеңі оның жасына байланысты болады (Марей А.Н. және басқалар, 1974; Василенко И.Я. және басқалар, 2002). Қазіргі кезде ғалымдар суды өңдеуде, атап айтқанда хлорлау кезінде, туындайтын қосымша өнімдердің рөлі туралы мәселені зерттеуде. Суды хлорлау нәтижесінде онда жанама өнімдер түрінде хлорланған көмірсутектер, олардың ішінде хлоралгидрат, дихлосірке қышқылы, үшхлорсірке қышқылы және 3-хлор-4- (дихлорметил)-5-гидрокси-2(5Н)-фуран түзілетіні анықталды. Алынған бірмағыналы емес, әрі статистикалық жағынан расталмаған мәліметтер, суды хлорлау адам үшін онкологиялық қауіп-қатер тудыратын фактор деп санауға жеткілікті дәрежеде негіз бола алмайды. Суды зарарсыздандыру үшін қолданылатын хлораминнің онкологиялық жағынан қауіптілігін анықтау мақсатында арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жануарларға жасалған тәжірибелер де хлораминнің канцерогендік қасиеті туралы нақты дәлелдер берген жоқ. 5. Су факторымен байланысты аурулардың алдын алу Су тұтынуға байланысты әр түрлі аурулардың алдын алу мақсатында, гигиена мамандары ауыз су сапасына қойылатын бірқатар талаптар дайындады.Біріншіден, ауыз су эпидемиялық және радиациялық жағынан қауіпсіз болуы тиіс, екіншіден, химиялық құрамы жағынан зиянсыз болуы керек, үшіншіден, органолептикалық қасиеттері (түсі, исі, т.б.) жағымды болуы керек. Бұл талаптар келесі іс-шаралар кешенін орындау нәтижесінде жүзеге асырылады: - заңнамалы гигиеналық шараларды орындау; - су көзін таңдау; - су көзінің санитарлық-қорғаныш аймағын (ЗСО) ұйымдастыру; - суды тазарту, зарарсыздандыру және өңдеудің арнайы әдістерін қолдану; - су құбыры жүйесін санитарлық қорғау. Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жүйесінің екі түрі бар: · орталықтандырылған жүйесі – бұл, су көздерінен механикаландырып су алуды, оның сапасын жақсартуды (тазарту, зарарсыздандыру және өңдеу) немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді қарастыратын, елді мекендерді сапалы ауыз сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге арналған шаралар мен құрылғылар, құрылыстар және су құбырларының кешені болып табылады. · орталықтандырылмаған (жергілікті) жүйесі – бұл, ауыз суды тұтынатын орындарына жеткізіп бермейтің, жалпы халық пайдалану үшін ашық немесе жеке адамдардың пайдалануындағы құрылыстардан тұрғындардың өз бетімен су алуына арналған жүйе. Сумен қамтамасыз етудің орталықтандырылған жүйесі су құбырларын орнату арқылы жүзеге асырылады. Су құбырлары деп, су көздерінен механикаландырып су алуды, оның сапасын жақсартуды (тазарту, зарарсыздандыру және өңдеу) немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді іске асыратын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге арналған инженерлік құрылыстар кешенін айтады. Қазіргі кездегі су құбырлары ашық және жер астылық су көздерінің суын пайдалана алады. Ашық су көздерінің суымен қамтамасыз ететін құбырлар: а) су алатын құрылыстан; б) суды жоғары көтеретін сору қондырғысынан; в) судың сапасын жақсартуға арналған құрылыстан; г) су құбырлары жүйесінен тұрады. Құрылыстардың су құбырлар жүйесіне дейінгі бұл кешенінің барлығы бас құрылыстар деп аталады. Суды су көздерінен алу үшін, өзен ағысының бойымен елді мекеннен жоғары ұйымдастырылатын арнайы су қабылдағышты қолданады. Жер асты су көздерінен орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі, негізінен, кішігірім ауылдық елді мекендер, қалалардың жекелеген аудандары, кейде жеке мекемелер үшін ұйымдастырылады. Оның артықшылықтары: бұл жердегі су барлық ластаушылардан сенімді қорғалғандықтан, суды тазартудың қажеттілігі, әдетте, туындамайды; су алатын орның елді мекеннің өзінде немесе оған жақын жерде орналастырады. Су алу үшін, жер астындағы су тұтатын горизонтқа дейін жететін вертикалды шахталар түріндегі, бұрғылағыш артезиан ұңғымаларын құрады. Бұрғылау кезінде алынған топырақ шахтаға түспеу үшін, шахтаның қабырғаларын бекітетін айналдыра сақиналар қойылады. Ұңғымадан суды тартып алу үшін, оған сорғыш орнатады. Бұндай су құбырларының санитарлық қауіпсіздігінің кепілдігі, жүйенің, әсіресе, айналдыра қойылған сақиналардың қосылған жерінде, жақсы герметизациялануы болып табылады. Орталықтандырылмаған ауыз су-шаруашылық мақсатында сумен қамтамасыз ету үшін жер асты сулары пайдаланылады. Тұрғындарды және шаруашылық- тұрмыстық нысандарды сумен қамтамасыз ету, су алатын құрылыстарға арнайы құрал-жабдықтарды (тарату жүйесі жоқ ұңғымаларды, шахталық және құбырлы құдықтарды, бастау каптаждарын) орнату арқылы жүзеге асырылады. Ұңғымалар, құдықтар мен бастау каптаждарын орнату үшін қажетті орындар геологиялық, гидрогеологиялық мәліметтер негізінде таңдалып алынады. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің су көздерін ластанудан қорғау мақсатында, Қазақстан Республикасының санитарлық заңнамасы бойынша сумен жабдықтайтын су көздерінің санитарлық қорғау зонасы (СҚЗ) орнатылған, СҚЗ су көзінің жанындағы, санитарлық режимі ерекше, аумақ болып табылады. СҚА үш белдеуден тұрады: - бірінші белдеу (қатаң тәртіптегі) су алатын орынды және су алу құрылыстарын ластанудан және зақымданудан қорғауға арналған, оған су алатын орындары мен су алу құрылыстары орналасқан аумақтар кіреді; - екінші және үшінші белдеулер (шектейтін) шаруашылық-ауыз су мақсатында сумен қамтамасыз ететін су көздерінің микробиологиялық және химиялық ластануының алдын алуға арналған аумақтарды қамтиды. СҚА белдеулерінің шекараларын орнату: - сумен жабдықтау көздерінің түріне (жер бетілік немесе жер астылық); - ластану сипатына (химиялық, микробтық); - жер бетілік ластанудан табиғи қорғалу деңгейіне (жер асты су көзі үшін); - гидрогеологиялық немесе гидрологиялық жағдайларына байланысты. Орталықтандырылған сумен жабдықтауда ауыз судың сапасы, су тарату жүйесіне берілер алдында, сонымен қатар, сыртқы және ішкі су құбырлары жүйесінің су алынатын жерлерінде, гигиеналық нормативтерге сай болуы тиіс. |