ГИПЕРГИДРАТАЦИЯ НЕМЕСЕ СУЛАНУ. 4 страница Эндогендік себепкер ықпалдарға: ● организмнің тектік ерекшеліктері; ● оның қоздырғыштарға жауап қайтару қабілеті (реактивтілігі) мен дене бітімінің айырмашылықтары; ● жүйкелік және эндокриндік реттелулерінің бұзылыстары; ● иммундық жүйесінің өзгерістері; ● зат алмасу үрдістерінің бастапқы бұзылыстары т.б. жатады. Себепкер ықпал қоршаған ортаның көптеген ықпалдарымен және организммен өзара тығыз байланыста, өзара әсерлерде болады. Бұл кезде қандай да болмасын себепкер ықпалдың әсеріне организм қарсы әсер етеді Организм өзін-өзі реттейтін күрделі жүйе болғандықтан онда себепкер ықпалдың әсерінен біршама құбылыстар дамиды. Организмде әрбір дамитын жүйеге қарсы жүйелер болатыны белгілі. Мәселен, жүйке жүйесінде қозуға қарсы тежелу жүйесі, ауыру сезімін туындататын жүйеге қарсы оны азайтатын жүйе, иммундық сергіткіш және иммундық тежегіш жүйелер, стресс-дамытатын жүйеге қарсы стресті - шектейтін жүйе, оксиданттық жүйеге қарсы антиоксиданттық жүйе, қан ұю және ұюға қарсы жүйелер т. с. с. Сонымен қатар, организм олардың әсеріне икемделу-бейімделу тетіктерімен жауап қайтарады. Мәселен, ауада оттегінің жеткіліксіздігіне организм тыныс алудың, жүрек соғуының жиілеуімен, эритроциттердің өндірілуі көбеюімен т. т. жауап қайтарады. Себепкер ықпалдың әсерінен осы жүйелердің өзара қатынастарының өзгерістері болады. Сондықтан этиологияны ауру туындататын себептік байланыстарды зерттейтін ілім деп анықтау жөн. Себепкер ықпал әрдайым қоршаған ортаның және организмңің өзінің белгілі жағдайларында әсер етеді. Бұл жағдайлар дерт туындауына қолайлынемесе одан сақтандыратынболып ажыратылады . Ауру туындауына қолайлы жағдайларға: қатты қалжырап шаршау, асқа жарымау, суық тию, қоршаған ортаның иондағыш сәулелердің шамалы мөлшерімен немесе химиялық улы заттармен ластанулары, адамның қартаюы, тұқым қуалаушылыққа бейімділігі, алдында бір аурумен сырқаттанып тұруы т. т. жатады. Себепкер ықпалға қарағанда аурудың дамуында бұл жағдайлардың әрдайым болуы міндетті емес. Аурудан сақтандыратын жағдайларға: салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс қоректену, жұмыс пен демалу тәртібін сақтау, таза ауаға жиі шығып тұру, үй тұрмысының дұрыстығы т. т. жатады. Сайып келгенде аурудың этиологиясын адам тәнінің жағдайларынан жеке дара ажыратып қарауға болмайды. Себепкер ықпал мен организм өзара тығыз байланыста және әсерлерде болады. Осы өзара әсерлердің бұзылыстары ғана ауру туындауына әкеледі. Аурудың пайда болуындағы себептік байланыстарды ажырату арқылы емдік тәсілдерді тиімді қолдануға болады. Этиологияның негізінде аурудан сақтандыру және емдеу шараларының ұстанымдары. Аурудан алдын-ала сақтандыру немесе емдеу үшін оны туындатқан себептік байланыстарын, себепкер ықпалды анықтау қажет. Осы себепкер ықпалға қарсы бағытталған алдын-ала сақтандыру және емдеу шараларын этиотроптық (себепкер ықпалға бағытталған)профилактика немесе терапия деп атайды. Ол: ● себепкер ықпалды болдырмауға; ● себепкер ықпалға организмнің қорғану-икемделу мүмкіншіліктерін сергітуге немесе көтермелеуге - бағытталады. Бірінші жағдайда ауру туындататын қауіпті бактериялар мен оларды тасымалдаушы жәндіктермен күресу өте маңызды. Осы мақсатта: ♣ антисептикалық дәрі-дәрмектер хирургиялық операциялардан кейінгі жаралардың микробтармен асқынбауы үшін қолданылады; ♣ қауіпті індеттердің себепкер ықпалын білу арқылы олардың жер-жерге тарап кетпеуі қадағаланады; ♣ жұқпалы аурулардың (безгек плазмодияларының, обаның, бөртпе сүзек т. с. с.) қоздырғыштарын тасымалдаушы жәндіктерді жою ісшаралары қолданылады; ♣ жұқпалы ауруларды емдеуде бактериялардың өсіп-өнуін тежейтін дәрі-дәрмектер (антибиотиктер, сульфаниламидтік дәрілер) кеңінен қолданылады; ♣ салауатты өмір салтын сақтау да аурудың алдын алуға бағытталған. Екінші жағдайда ауру туындататын ықпалға организмнің қорғану-икемделу мүмкіншіліктерін сергіту үшін: ♣ жұқпалы аурулардан сақтандыратын екпелер пайдаланылады. Мәселен, күл ауруына, сіреспеге, іш сүзегіне, полиомиелитке, көкжөтелге, қызылшаға т. с. с. ауруларға қарсы қолданылатын екпелер. Кейбір аллергиялық ауруларды (поллиноз) емдеу үшін сол ауруды туындатқан арнайы аллергеннің өте аз өлшемдерімен екпелер жасалынады; ♣ организмді суық температураға, күнделікті дене шынықтыруға, гипоксияға машықтандырулар; ♣ тағамның құрамы бойынша тиімді қоректену, антиоксиданттық витаминдер қабылдау т.с.с. кеңінен қолданылады. ДЕРТ ТУЫНДАТАТЫН СЫРТҚЫ ОРТАНЫҢ ЫҚПАЛДАРЫ Дерт туындататын сыртқы ортаның ықпалдары механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік болып ажыратылады. Бұл ықпалдар жиі бірігіп әсер етеді. Мәселен, механикалық жарақаттардың нәтижесінде дамитын қан кетулер қоршаған ортаның температурасымен, оның химиялық заттармен немесе иондағыш сәулелермен ластануымен, организмнің өзінің жағдайларымен (жас мөлшерімен, жынысымен, эндокриндік, иммундық жүйелерінің ерекшеліктерімен) т. б. көптеген ықпалдардың бірігіп әсер етуімен қабаттасады. Әсіресе адам организміне дерт туындататын сыртқы ортаның ықпалдары әлеуметтік ықпалдармен бірігіп әсер етуінен, соңғылары алғашқыларының әсерін біршама өзгертуі мүмкін. Тұрмыстың немесе өндірістік жағдайларының нашарлығы кездерінде қалыпты жағдайларда әсер етпейтін әлсіз қоздырғыштардың әсерлерінен дерт дамуы ықтимал. Кейде әлеуметтік ықпалдар (ашығу, үй тұрмысының нашарлығы, қоршаған ортаның ластанулары, соғыс, ауыз суының сапасыздығы, киімнің нашарлығы, тұрмыста және жұмыста кездесетін өмір қайшылықтары т.с.с.) дерт дамуына себепкер бола алады. Оның үстіне адам үшін жаңа кәсіпқойлық әрекеттердің күрделіленілуі созылмалы ауыртпалық (стресстік) жағдай туындатып, көптеген дерттердің дамуына ықпал етеді. МЕХАНИКАЛЫҚ ЫҚПАЛДАРДЫҢ бүліндіргіш ӘСЕРЛЕРІ. Механикалық ықпалдар жалпы организмнің және жергілікті ағзалар мен тіндердің бүліністерін туындатады. Олардың бұл әсері күшінен (кг/см2), белгілі жылдамдықта қозғалып келе жатқан заттың кинетикалық қуатына байланысты. Сондықтан механикалық ықпалдың күшіне байланысты созылу, қысылу болса, оның кинетикалық қуатына байланысты соғылу, құлау, оқ тию т.с.с. жарақаттар дамиды. Сонымен бірге механикалық ықпалдардың бүліндіргіш әсері бүлінетін тіндердің төзімділігі мен тығыздығына байланысты. Механикалық ықпалдардан әртүрлі жарақаттар болады. Оларға: тіннің созылуы, жыртылуы, қысылып қалуы, жаншылып қалуы, соққы, шайқалуы т. с. с. құбылыстар жатады. Механикалық күштердің әсерінен тіндердің созылып кетуі, артынан жыртылуы мүмкін. Тіндердің тығыздығы мен серпімділігі олардың созылып кетуіне қарсы тұрады. Сондықтан сүйектер мен бұлшық еттердің сіңірлері созылатын әсерге біршама тұрақты болады. Бұлшықеттер мен қан тамырлары аз күштің өзінен жеңіл созылып кетуі мүмкін. Адамның жасы ұлғаюына байланысты тіндердің серпімділігі мен тығыздығы азая береді. Сондықтан қарт адамдарда жиі сүйектің сынуы, шытынауы, сіңір созылуы байқалады. Әртүрлі дерттік жағдайлар тіндердің серпімділігін төмендетіп, олардың созылғыштығын өзгертеді. Қабыну кезінде бұлшықеттердің, сіңірлердін, буын байламдарының серпімділігі азайып, олардың үзіліп, жыртылып кетулеріне қолайлы жағдай дамиды. Созылған тіндер семіп қалады, олардың атқаратын қызметтері бұзылады. Мәселен, ұзақ мерзім керіліп кеткен асқазанның шырышты қабығында атрофия дамиды, оның қимылдық және сөл шығаратын қызметтері бұзылады. Эмфизема, бронхиалық демікпе кездерінде өкпенің керіліп кетуінен, оның серпімділігі азайып, демді сыртқа шығаруы қиындайтын болады. Қысатын күштерге сүйектер мен тірек-қимылдық құрылымдар біршама қарсы тұра алады. Жұмсақ тіндер қысушы күшке өте сезімтал болып келеді. Бұл кезде қысылып қалудан жұмсақ тіндердің қанмен қамтамасыз етілуі және қоректенуі бұзылады. Осыдан қысушы ықпал ұзақ әсер етсе, тіндердің тіршілігі жоғалады. Өсіп келе жатқан тіндер қысылып қалса, олардың өсуі тоқтайды. Қысушы әсерлерден тіндердің атрофиясы дамиды. Дене мүшелері ауыр заттың астында қысылып қалуынан организм тіршілігіне қауіпті жағдай дамиды. Бұндай адамдарды ауыр заттан босатып алғаннан кейін дамитын дертті ұзақ жаншылу синдромы деп атайды. Бұл кезде организмнің ауыр уыттануы болады, бүйрек қызметінің жіті жеткі-ліксіздігі дамиды, несеп шығару қатты азаяды немесе тоқтайды. Осыдан адам тез жан тапсырады. Ұзақ жаншылу синдромының даму негізінде жаншылған тіндердің ыдырауынан пайда болған уытты өнімдер тұтас организмге қанмен тарап кетуі жатады. Олар бүйректің атқаратын қызметін бұзады. Содан жалпы организмнің уыттануы болады. Сондықтан ауыр заттың астында қалған мүшені босатқанда алдымен жаншылған тіндердің жоғары жағынан уыттарды қанмен тарап кетпейтін етіп, тамырларды қысып таңып, содан кейін біртіндеп босату қажет. Қозғалып келе жатқан ауыр заттың денеге немесе қозғалып келе жатқан дененің тұрған ауыр затқа соғылуынан соққы дамиды. Сондай-ақ дененің соққыға ұшырауы үлкен жылдамдықта қозғалып келе жатқан сұйықтар мен газдардың әсерлерінен де болуы мүмкін. Соққының әсерінен терінің, жұмсақ тіндердің, қан тамырларының ішкі ағзалардың жыртылуымен, сүйектердің сынуымен, шытынауымен көрінетін тіндердің тұтастығы бұзылады. Соққының әсерінен пайда болған жарақаттардың түрі: ● әсер еткен бүліндіргіш ықпалдың түрінен (оның өткір немесе доғал зат болуынан, мылтықтың оғы немесе қанжар, сұйықпен немесе газдардың қатты толқынымен болуынан); ● қозғалып келіп тиген заттың жылдамдығынан және оның кинетикалық қуатынан; ● дененің зақымдаушы әсермен түйісу бетінен; ● жалпы организмнің және зақымданған тіннің жағдайларынан -байланысты. Доғал заттармен соғылғанда дененің тері қабаты кейде бүлінбей, ішкі ағзалардың (бауырдың, бүйректің, ішектердің, өкпенің) жыртылуы, содан ішке қан кетулер болатыны белгілі. Соққының әсерінен көптеген сезімтал қабылдағыштар (рецепторлар) және жүйкелердің талшықтары бүлінгенде жергілікті ағзалар мен жұмсақ тіндердің зақымдануы тұтас организмнің бұзылыстарымен қабаттасады. Осыдан жарақаттық сілейме (травмалық шок) дамиды (шокты қараңыз). ШУ МЕН ДЫБЫСТАРДЫҢ ЖАҒЫМСЫЗ ӘСЕРЛЕРІ. Шу — айналадағы тыныштықты бұзатын, пайдалы дыбыстарды қабылдауға бөгет жасайтын, адамға теріс ықпал ететін және оның еңбекке қабілеттілігін төмендететін жағымсыз және қолайсыз дыбыстардың жиынтығы. Адамның құлағы 16 дан 2000 Гц жиіліктегі дыбыстардың толқындарын қабылдайды. 1 мкВт/см2-тен жоғары дыбыстың қарқыны есту талдағышына (анализаторына) бүліндіруші әсер етеді. Дыбыстың қарқыны 3 кВт/см2 асып кеткенде адам есінен танады, аяқ-қолының салдануы болады және селкілдек дамиды. Шудың бүліндіргіш әсері оның қаттылығы мен жиілігіне байланысты. Жоғары жиіліктегі дыбыс толқындары организм үшін зияндырақ болады. Организмге бүліндіргіш әсер етпейтін дыбыстың қаттылығы 40—50 дБ-ден аспауы керек. Оның қаттылығы 80 дБ болса, ол адам денсаулығына зиянды әсер етеді. Адам организміне шу арнайы (спецификалық) және бейнақты (бейспецификалық) ықпал етеді. Оның арнайы әсері есту талдағышының қызметін бұзумен байланысты. 80—100 дБ қаттылығы бар шу құлақтың есту қабілетін төмендетеді, біртіндеп оның мүкістігіне әкеледі. Шудың есту талдағышына бүліндіруші әсері организмнің даралық сезімталдығына байланысты және қарт адамдарда ол айқыи көрінеді. Шудың адам организміне бейспецификалық әсері мидың сыртқы қыртысына, гипоталамусқа, лимбикалық жүйеге, жұлынға қоздырғыш әсер етуімен байланысты. Шудың әсерінен орталық жүйке жүйесінде шектен тыс қатты тежелу болады, артынан оның қалжырауы дамиды. Осыдан адамның қатты қызбалығы, сезім билеуі, ұмытшақтығы, ынтасы мен еңбекке қабілеттілігінің төмендеуі байқалады. Гипоталамустың қозуынан кортиколиберин артық өндіріліп, аденогипофиз бен бүйрек үсгі бездерінің сыртқы қабатының қызметтері көтеріледі, стресс дамиды. Жұлынның қозуынан және қозудың дербес (вегетативтік) жүйке жүйесінің орталықтарына тарауынан көптеген ішкі ағзалардың қызметтерінің өзгерістері байқалады. Осыдан жүрек-қан тамырлары жүйесінің, ас қорыту жолдарының аурулары дамуы ықтимал. Ультрадыбыстардың әсері.20 кГц жиіліктегі дыбыс толқындары ультрадыбыстарға жатады және олар адам құлағымен есгілмейді. Қазіргі дәстүрлі медицинада бұл дыбыстар ауруларды анықтау үшін және оларды емдеу үшін қолданылады. Үлтрадыбыстық толқындардың кеңістіктерде тарау жылдамдықтары және оларды ішкі ағзалар мен тіндердің қабылдауы мен шағылыстыруы әртүрлі дәрежелерде болғандықтан (бауырда, мида, бүйректе, үйқы безінде) өспелер мен тастарды, сүйектердің сынығын және бітуін, жүректің жиырылу-босаңсу кездеріндегі көлемін т. т. анықтау үшін пайдаланылады. Ультрадыбыстар организмге механикалық, температуралық және физикалық-химиялық әсер етеді. Ультрадыбыс толқынында дыбыстың қысымы 3 атмосфера (304 кПа) теріс және соншама оң жаққа ауысып тұрады. Бұл кезде дыбыстың теріс қысымының әсерінен жасушаларда өте майда қуыстар пайда болады. Олар тез тым қатты жабылуы кездерінде ішіндегі сұйыққа соғылып жасушаның қабығында майда жыртықтар пайда болады. Осындай құбылысты кавитация деп атайды. Осыдан дамитын мембрананың деполяризациясы, молекулалардың иондануы тіндердегі химиялық реакцияларды күшейтіп, зат алмасуларын арттырады және оларды қалыпты деңгейге келтіреді. Ультрадыбыстардың 1,5 Вт/см2-ге дейінгі аз немесе 1,5 - 3 Вт/см2 аралығындагы орташа қарқындылығы организм тіндеріне жағымды әсер етеді. Ультрадыбыстардың тіндерге тарауынан жылу пайда болады. 4 Вт/см2 мөлшерінде қарқынды ультрадыбыс 20 секунд әсер еткенде тіндердің ішінде 5-6 см-ге дейінгі тереңдікте температура 5—6° С-ға көтеріледі. Температураның көтерілуі тіндерде микроциркуляцияны жақсартьш, зат алмасуларын арттырады. Үлкен қарқынды ультрадыбыстар (3-10 Вт/см2) жалпы организмге, тіндер мен жекелеген жасушаларға бүліндіргіш әсер етеді. Олар қылтамырларда қанның ағымын бұзады, жасушалардың құрылымдық өзгерістерін туындатады, тіндердің тым қызып кетуіне әкеледі. Жүйке жүйесі ультрадыбыстардың әсеріне өте сезімтал болады. Осыдан шеткері жүйкелердің түйіспелері (синапстары) арқылы жүйкелік серпіндердің берілуі бұзылады. Сондықтан есту, вестибулалық және көру талдағыштарының қозымдылығы төмендейді, үйқы бұзылады, адамның жөнсіз қызбалығы және тез шаршауы байқалады. Қатты шуға қарағанда ультрадыбыстар есту талдағышының қызметіне азырақ әсер етеді. Бірақ олар кеңістіктерде дененің қалыпты кейпін сақтайтын вестибулалық талдағыштың қызметін басымырақ өзгертеді және ауыру сезімталдығын күшейтеді, дене температурасын реттеу жолдарын бұзады. БАРОМЕТРЛік ҚЫСЫМНЫҢ ӘСЕРІ. Төмен барометрлікқысымның әсері. Таулық немесе биіктік аурулары. Биік тауға шыққанда, кабинасы бүлінген ұшақтармен, ауа шарларымен биіктікке көтерілгенде немесе атмосфералық қысымды төмендететін барокамераларға орналасқанда адам организміне төмен барометрлік қысым (гипобария) әсер етеді. Бұл кезде организмге екі түрлі ықпал болады: ● барометрлік қысымның төмендеуі. Қалыпты немесе жоғары барометрлік қысымнан төмен қысымға тез ауысуын декомпрессия дейді; ● дем алатын ауада оттегінің үлестік қысымының (рО2) азаюы. Осыдан организмде пайда болатын бұзылыстардың көріністері барометрдік қысымның төмендеу дәрежесіне және оның жылдамдығына байланысты. Қалыпты барометрлік қысым 760 мм с. б. болса, оның 530—460 мм с. б.-на дейін төмендеуі 3000—4000 м биіктікте болады. Барометрлік қысым төмендеген сайын денедегі газдардың еруі азайып, олар газ күйіне айналады. Сондықтан кеңсірік, маңдай, өкпеқап қуыстарында, ішек-қарын жолдарында, ортаңғы құлақ ішінде газ жиналып керіп кетеді. Олардағы сезімтал қабылдағыштарды қоздырып, қатты ауыру сезімін тудырады. Әсіресе құлақ ішінен қатты шаншып ауыртады. 9000 м биіктікте барометрлік қысым 225,6 мм с. б.-на дейін төмендейді. Декомпрессияның нәтижесінде азот көпіршіктеніп қанға түседі, эмболия дамиды. Осыдан ішкі ағзалар мен тіндердің ишемиясы болады. Бұл эмболдар ми мен жүрек тамырларына тұрып қалуынан адамның кенеттен естен тануы, жүректің инфаркты дамиды. 19000 м биіктікте барометрлік қысым 47 мм с. б. дейін азаяды, организмдегі сұйықтар газдың бөлінуінен сарқылдап, қайнаған су сияқты болады. Газдар тері астындағы шелмайға т. б. тіндерге жиналуынан тіндердің биіктік эмфиземасы немесе газ кернеп кетуі дамиды. Демалатын ауада барометрлік қысым төмендегенде оттегінің үлестік қысымы азаюдан биіктік ауруы дамиды. Оның негізгі себебі болып организмге оттегінің жетіспеушілігі, содан қанның оттегіге қанықпауы (гипоксемия) есептеледі. Бұндай жағдай биік таулардың шыңдарына шыққан адамдарда да байқалады. Бұл кездегі организмнің дерттік өзгерістерін таулық ауру дейді. Биіктік ауруын таулық аурудан ажырату қажет. Таулық ауру адамның тауға белгілі күш жүмсап, біртіндеп көтерілуінен, ол бірнеше сағаттан немесе тәуліктен кейін дамиды. Биіктік ауруы өте тез дамиды және организмнің тым ауыр бұзылыстарына әкеледі. Бұл ауру кезінде биікке көтерілген адам өзінің жағдайын дұрыс бағаламай, масаттанып, ешбір ауру белгілеріне шағым айтпайды және алғашқы секунд-минуттардың ішінде есінен танып қалады. Таулық ауру екі сатыда өтеді. Бірінші сатысы теңгерілген, екінші сатысы теңгерілмеген делінеді. Теңгерілген сатысы 1000—4000 м. биіктікте байқалады. Демалатын ауада оттегінің үлестік қысымы азайғандықтан, артериалық қанда оттегінің деңгейі төмендеген, ішкі ағзалар мен тіндерге оның тасымалдануы бұзылған. Сондықтан оларда зат алмасулары соңғы өнімдеріне дейін жүрмей аралық қышқыл өнімдер жиналып қалады, метоболизмдік ацидоз дамиды. Осыдан оттегінің тапшылығы, жиналған қышқыл өнімдер қан тамырларындағы химиялық рецепторлар арқылы рефлекстік түрде мидағы тыныстық және тамырлардың қимылдық орталықтарын қоздырады: тыныс алу, жүрек соғуы жиілейді. Бұл кезде симпатикалық жүйке жүйесінің межеқуаты (тонусы) көтеріледі. Осыдан шеткері қан тамырларының, тегіс салалы ет жасушаларының жиырылуы, терінің бозаруы, артериалық қан қысымының аздап көтерілуі, қанның жиналған қорларынан тамырларға шығарылуы болады. Шеткі қанда эритроциттер көбейеді. Ары қарай сүйек кемігінде эритроциттердің өндірілуі артады. Содан шеткері қанда олардың саны шынайы көбейеді және жас эритроциттер (ретикулоциттер) пайда болады. Сонымен бірге гемоглобин молекуласының оттегін байланыстыру қабілеті көтеріледі және тотыққан гемоглобиннің тіндерге оттегін беруін жеңілдетеді. Тіндерде заттар алмасуының анаэробтық жолмен жүруі артады. Сол арқылы организм тіршілігіне қажетті азды-көпті қуат (АТФ, КрФ) өндіріледі. Бұл келтірілгендер оттегінің жетіспеушілігіне қарсы бағытталған организмнің теңгеру-икемделу жолдарына жатады. Дегенмен, бүл кезде орталық жүйке жүйесінде қозу үрдісі басым болады, адамның жөнсіз қызбалығы, өз жағдайын дүрыс бағалай алмаушылығы, қимыл-қозғалысының үйлесімсіздігі байқалады. Адам тоқмейілсіп, көп жағдайларға мән бермейді, араққа мас болған адамдай көңіл күйін шаттық билейді (эйфория). Ары қарай 5000 м биіктіктен астам көтерілгенде таулық аурудың теңгерілмеген сатысы дамиды. Бұл кезде терең жиі тыныс алудың нәтижесінде организмнен СО2 артық шығарылып кетеді. Қоректік заттардың толық тотықпауынан тіндерде СО2 газының түзілуі азаяды. Осы екі жағдайдан организмде (қанда) СО2газының деңгейі төмендейді, гипокапния дамиды, газдық алкалоз байқалады. Сондықтан мидағы тыныс алу, қан тамырларының қимылдық т.с.с. орталықтардың қозымдылығы азаяды. Енді көңіл-күйдің көтеріңкілігі (эйфориясы) қатты түнжыраумен (депрессия) ауысады, орталық жүйке жүйесінің тежелуі болады. Бұл кезде науқас адамның қимыл-қозғалысы азаяды, тез шаршағыштығы байқалады, барлық шартты, шартсыз рефлекстері жоғалады, ол терең ұйқыға батады. Осыдан науқастың тыныс алуы сиреп, үзілісті (Чейн-стокс, Биот) тыныс алу пайда болады. Оттегінің жетіспеушілігінен, гапокапниядан және алкалоз дамуынан мидағы тыныс алу орталығының салдануы адамның өліміне әкеледі. Жоғары барометрлік қысымның әсері. Кессон ауруы. Терең суга сүңгігенде, теңіз, мүхит суларының астында жұмыс атқарғанда адам организміне жоғары барометрлік қысым (гипербария) әсер етеді. Әрбір 10,3 м. су асты тереңдікте барометрлік қысым 1 атмосфераға көтеріледі. Қалыпты атмосфералық қысымнан жоғары барометрлік қысымға тез ауыс-қанда дененің қысылуы (компрессиясы) болады. Ол, әсіресе дене қуыстарында байқалады. Сондықтан құлақтың жарғағын ішіне қарай қысып, Евстахий түтігі |