МегаПредмет

ПОЗНАВАТЕЛЬНОЕ

Сила воли ведет к действию, а позитивные действия формируют позитивное отношение


Как определить диапазон голоса - ваш вокал


Игровые автоматы с быстрым выводом


Как цель узнает о ваших желаниях прежде, чем вы начнете действовать. Как компании прогнозируют привычки и манипулируют ими


Целительная привычка


Как самому избавиться от обидчивости


Противоречивые взгляды на качества, присущие мужчинам


Тренинг уверенности в себе


Вкуснейший "Салат из свеклы с чесноком"


Натюрморт и его изобразительные возможности


Применение, как принимать мумие? Мумие для волос, лица, при переломах, при кровотечении и т.д.


Как научиться брать на себя ответственность


Зачем нужны границы в отношениях с детьми?


Световозвращающие элементы на детской одежде


Как победить свой возраст? Восемь уникальных способов, которые помогут достичь долголетия


Как слышать голос Бога


Классификация ожирения по ИМТ (ВОЗ)


Глава 3. Завет мужчины с женщиной


Оси и плоскости тела человека


Оси и плоскости тела человека - Тело человека состоит из определенных топографических частей и участков, в которых расположены органы, мышцы, сосуды, нервы и т.д.


Отёска стен и прирубка косяков Отёска стен и прирубка косяков - Когда на доме не достаёт окон и дверей, красивое высокое крыльцо ещё только в воображении, приходится подниматься с улицы в дом по трапу.


Дифференциальные уравнения второго порядка (модель рынка с прогнозируемыми ценами) Дифференциальные уравнения второго порядка (модель рынка с прогнозируемыми ценами) - В простых моделях рынка спрос и предложение обычно полагают зависящими только от текущей цены на товар.

Дифференциальды диагностикасы





 

Невроздарды психоздардың психотикалық формасынан ажырату жеңіл. Невроздарға мынадай психикалық бұзылыстар тән емес: галлюцинация, сандырақ, интелектуальды-мнестикалық, кататониялық және ауыр аффективті бұзылыстар. Әртүрлі невроздардың симптоматикасы өзіндік сезім және өз жағдайының дертті өзгеруін бейнелейді. Науқас өз жағдайына сын көзбен қарап, өзінің науқас екендігін түсінеді.

Дерт психикалық жарақатпен байланысты екенін кейде науқастардың өздері де айтады. Олардың интелектуальды қызмет сапасы төмендемеген. Аса шаршағыштық байқалады, бірақ оларға жұмыс алдында демалуға жеткілікті уақыт берілсе олар жұмысты дұрыс орындайды. Науқастарда туыстарына деген жылы қатынасы сақталады.

Невроздарды невроз тәрізді жағдайлардан ажырата білу керек, олар көптеген ауруларда, соның ішінде психоз кезінде де кездеседі. Соңғы аталған жағдайларда невротикалық бұзылыстардан бөлек негізгі ауруға тән тұлғалық өзгерістер болады. Сондай-ақ, невроз тәрізді симптоматиканың өзіндік бірқатар ерекшеліктері бар, олар сәйкес бөлімдерде келтіріледі.

 

Емі

 

Невроздар емі кешенді болуы керек және ол тек жүйкелік-психикалық бұзылыстарды және оның себептерін жоюға бағытталып қоймай, сонымен қатар науқастың жалпы жағдайын мығымдандыруға бағытталуы керек. Ең алдымен эмоциональды кернеліс пен үрейді басу керек. Бұл транквилизаторлар көмегімен іске асырылады. Терең невротикалық бұзылыстар кезінде кейбір нейролептиктерді де қолданады. Депрессивті көріністер орын алғанда антидепрессанттар тағайындалады. Неврозбен науқастарда үнемі ұйқы бұзылысы болады, ол транквилизатормен қалпына келтіріледі; егер транквилизаторлар көмектеспесе онда қосымша ұйықтар алдында ұйықтататын дәрі беру қажет. Мұндай жағдайда гипнотикалық қасиеті бар дәрілер қолданылады, мысалы, радедорм, эуноктин, феназепан, хлорпротиксен. Ұйқыға кету (қиындағанда) уақыты ұзарған жағдайда димедрол, пипольфен сияқты дәрілер жақсы әсер етеді, сондай-ақ транквилизатордың жеңіл гипнотикалық әсері бар түрлері - элениум рудотель және т.б. жақсы нәтиже береді. Физотерапиялық емдеу тәсілдері де жақсы нәтиже береді: гидропроцедура, электроұйқы, ионофорез.

Невроздарды емдеуде психотерапияға үлкен рөль беріледі. Психотерапияның алдындағы міндет әртүрлі, біріншіден, невротикалық жағдайға әкелген жарақаттаушы ситуацияның науқас үшін актуальдылығын басу керек. Бірінші міндетті ұтымды орындағанда, келесі міндеттерді шешуге, соның ішінде, стресстік жағдайларға адамның бейімделу дәрежесін жоғарылату жолдарын қарастыру. Егер психогения көзі бұрыс жанұялық қатынас болып табылса, онда дәрігер оны қалыптастыруға көмектесуі қажет.

Невроз кезіндегі психотерапия мен оның міндеттері психопатияларды емдеу кезіндегі мақсат пен принциптерге ұқсас (14 тарау қараңыз).



 

Невроз профилактикасы мен сараптамасы

 

Біріншілік профилактика - психикалық жарақатты жою, екінші және үшінші дер кезінде емдеу, еңбектік ұсынымдар, тұлға аралық қатынастарды жайластыру, психотерапия.

Невроздың біріншілік психопрофилактикасы индивидуум өмірінен жедел немесе созылмалы эмоциональды стресс туғызатын ситуацияларды жою. Ол жағдайлар жанұядағы өзара қатынастан, жақын адамдар арасында, жұмыста және т.б. кездерде пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда алдын-ала болжау әрине қиын. Бірақ олардың дамуын жиі тоқтатуға болады және қиын ситуацияға тап болған адамның жүйкелік дертке шалдығуының алдын алуға болады. Егер эмоциональды стресс жоғары психикалық кернелісті талап ететін жұмыс және қызмет жағдайымен байланысты болса, онда еңбек пен демалыс тәртібі, кернеліс күйін төмендететін шаралар ұсынылады.

Невроздардың екінші және үшінші ретті профилактикасы - неврозды ерте анықтау және оны тиімді емдеу, терапияға резистентті жағдайда – невроздың созылмалы формасымен науқастарды өмірге бейімдеу.

Неврозбен науқастар қабілетті болып табылады. Невроздың созылмалы ағымында науқастар ұзақ уақыт еңбекке қабілетін жоғалтуы мүмкін, мұндай жағдайда мүгедектік тағайындалуы керек. Мүгедектік жиі жабысқақтық неврозында беріледі.

 

Тарау

РЕАКТИВТІ ПСИХОЗДАР

Реактивті психоздар - психогенді негізді, өмірге қауіп төндіретін, индивидуум сәттілігіне зиян келтіретін факторлар әсерінен дамитын, басым психотикалық сипаттағы бұзылыстар.

Мұндай психикалық бұзылыстар ауыр эмоциональды стресс нәтижесінде пайда болады. Психикалық жарақаттың мазмұны психикалық бұзылыстардың клиникалық көрінісінде бейнеленеді (Ясперс триадасы). Психикалық жарақат әсері аяқталғанда олар жоғалады. Дегенмен, Ясперс триадасының әмбебап мәні жоқ. Ауыр эмоциональді жарақаттан кейін едәуір уақыт өткен соң психикалық бұзылыстардың пайда болғаны бақыланған (кешіккен теакциялар) және эмоциональды жарақат әсері аяқталғаннан кейін де ұзақ сақталған.

Клиникалық көріністеріне байланысты реактивті жағдайлар жедел және созылмалы болып бөлінеді.

 

Жедел реактивті жағдайлар (аффективті-шокты реакциялар)

Аффективті-шокты реакциялар қозу немесе ступорға дейінгі тежелу түрінде көрінеді. Қозу жағдайымен реакциялар тарылған сана фонында өтеді. Аурудың жүріс-тұрысы бұл кезде хаосты, ретсіз болады. Олардың іс-әрекеті мағынасыз, кейде өздеріне зиян келтіреді. Мысалы, өрт кезінде хаосты қозу жағдайындағы адам терезеден секіріп, өліп кетуі мүмкін.

Осындай күйден шыққан науқас болған жайтты нашар есінде сақтайды, жалпы әлсіздік, қалжырау және апатия күйінде болады.

Тежелу күйімен аффективті-шокты реакциялар кезінде жартылай немесе толық қимылсыздық пайда болуы мүмкін (ступор жағдайы). Мұндай жағдайдағы адамдар қимыл-әрекет жасауда қиындықтар сезінеді. Қауіп төнген жағдайда адам аяғында ерекше ауырлық байқайды, оның қозғалысы баяулайды. Осы қауіптен құтылу үшін ол шапшаң және дәл қимыл, іс-әрекет жасай алмайды. Кейде мұндай ситуация кезінде науқас бір орнында қатып, тұрып қалады (ступор). Дегенмен, жартылай немесе толық тежелу күйіндегі адам қоршаған ортаны дұрыс қабылдап, бағалай алады.

Аффективті-шокты жағдайлар, жоғарыда айтылғандай, өміріне қауіп төнген жағдайда пайда болып, бұл жағдайлар жойылғанда кетеді. Мұндай күйдегі науқастар әдетте аурухана жағдайына бақыланбайды.

Ступорозды күй қылмыстық жазалау қаупі төнгенде пайда болуы мүмкін. Соттық ситуация шешілу мерзіміне байланысты бұл күй ұзақ ағыммен ерекшеленеді.

Соттық ситуацияға байланысты пайда болатын осындай психикалық бұзылыстар тобына истериялық деп қарастырылатын басқа да жедел психотикалық құбылыстар жатқызылуы мүмкін. Олар сананың айрықша бұзылысымен ерекшеленеді. Соттық - психиатриялық жағдайларда пайда болған бұл бұзылыстар симуляциялық жүріс-тұрысты бейнелейді, ол Ганзер синдромы (алғаш сипаттаған автор есімі бойынша) және псевдодеменция деп аталады. Ганзер синдромымен науқастарда сана өзгерісі байқалады. Олардың уақыт пен орын бойынша бағдары бұзылған, айналасындағыларды танымайды, сұрақтарға орынсыз жауап береді. Псевдодеменция көрінісі Ганзер синдромымен науқастардың жүріс-тұрысына ұқсайды. Науқастардың орын мен уақыт бойынша бағдары бұзылған. Бірақ бұл науқастарда сананың терең бұзылысы байқалмайды. Псевдодеменция көріністері кейде жас балаларға тән ерекше жүріс-тұрыспен, сөздермен толықтырылуы мүмкін. Науқас жас бала мәнерінде сөйлеп, айналасындағы адамдарға «тәте», «аға» деп көңіл аударады, жас балалар ойынын ойнайды және т.с.с. Пуэрильді деп аталған бұл реакциялар психогенді зияндылықтар жойылған соң басылады.

Келесі топты созылмалы психогенді реакциялар құрайды.

 

Созылмалы реактивті жағдайлар

 

Созылмалы психогенді реакциялар жиі науқас үшін ерекше маңызы бар жағдайлардан (сәтті өміріне қауіп төнгенде, жақынын жоғалту және т.б.) кейін пайда болады. Мұндай реакциялардың типтік формалары реактивті депрессия мен реактивті параноид болып табылады.

Реактивті депрессия. Бұл кезде науқастың көңіл-күйі жабырқаулы. Ауыр жағдайды туғызған себеп жөнінде үнемі ойда жүреді. Егер бұл жақын адамының өлімі болса, оның ойлары тек сол жөнінде болады. Жиі өзін-өзі кінәләу идеялары пайда болады. Науқас өзін оған дұрыс көңіл бөлмедім, әділетті болмадым, өлім аузынан алып қалу үшін қолдан келгенді жасамадым деп жазғырады. Ұйқысы бұзылып, еңбекке қабілеті төмендейді. Соматовегетативті бұзылыстар байқалады, тәбеті қашып, дене салмағы азаяды, іш қатуы болады. Артериялық қан қысымы көтеріледі.

Науқас Б., 60жаста. Психикалық аурумен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Білімі төрт класс, мамандығы слесарь. Үйленген, әйелі қайтыс болған. Ер жеткен екі баласы бар, олармен қатынасы нашар. Балаларының өз жанұясы бар. Науқас бір мезгіл бір баласының, бір мезгіл екінші баласының қолында тұрады. Өзінің айтуы бойынша балаларының әйелдері онымен нашар қатынаста. Бір баласының жанұясымен біраз тұрған соң, оған басқа балаңның қолына бар деп айтады. Науқас осы ситуциялардан шығар жол таппады. Суицидальді ойлар пайда болып, суицидальді әрекет жасаған, осыған байланысты Скилифасовский атындағы институтта ем қабылдаған. Онда көңіл-күйі төмен болған, суицидальді ойлары тұрақтылық танытып, СС.Корсаков атындағы психиатриялық клиникаға ауыстырылды.

Клиникаға түскен кезде санасы анық, орын мен уақытты дұрыс бағдарлайды. Дәрігерлермен әңмелескенде жәй дауыспен көзіне жас алып әңгімелейді, пайда болған жанұялық ситуацияларды уайымдайды, бұл жағдайдан шығар жол таппайды, көңіл-күйі төмен, бірақ суицильді ойлары жоқ, көмек іздейді. Бөлімшеде болған алғашқы 3 күнде «қауіп төндіретін, өзін өлтіргісі келетін адамдардың дауыстарын, «үйден шық деп бұйырған ұлының дауысын естіген». Бұл көріністердің дертті сипатын түсінеді.

Реактивті параноид. Қолайсыз жағдайға байланысты туындаған, жеке адам немесе адамдар тобының науқасқа деген қатынасы бойынша жалған пікір және қорытынды жасау. Бұл қате баға беру аса бағалы, сонымен қатар, сандырақтық идеяларлар сипатын алуы мүмкін. Аса бағалы идея формасында оларды түзетуге болады, науқастың ойлары мен ұстанымдарын толық қамтымайды. Ол жарақаттаушы ситуацияны әсірелеп бағалағанымен, шынайы факттарға сүйенеді. Екінші жағдайда науқас түзетуге көнбейді, оның ойлары мен іс-әрекеттері сандырақтық идеяларға бағынышты. Реактивті параноид психожарақаттаушы ситуация жоғалғанда актуальдылығынан айрылады, және осылайша жазылады.

Науқас Н., 27 жаста. Психикалық аурумен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Анасының жүктілігі мен босануы қалыпты өткен. Ерте даму кезеңі ерекшеліксіз. Жүруі мен сөйлеуі өз мезгілінде дамыған. Мектепке дейінгі мекемелерде болмаған. Әжесінің қолында тәрбиеленген. Науқас мінезі мейрімді, ақ көңіл болған. Шулы, қимылды ойындарды жақсы көрген. Достары көп. Бала күнінде қызылша және скарлатинамен ауырған, асқынусыз өткен. Мектепке 7 жастан барған. Оқу ұнаған, мұғалімнің айтқандарын ынтамен тыңдаған. Бос уақытын достарымен өткізуді ұнатқан, ашық, белсенді күйінде қалған. Кітап көп оқыған. Төменгі класстарда ертегілерді, жоғарғы класстарда махаббат, өмір туралы кітаптарды ұнатты. 17 жасынды мектеп бітірді. Шет тілдер институтына оқуға түсті. Институттағы оқу ұнады. Курстас жолдастарымен жеңіл тіл табысты: бірге театрға, киноға баратын. Жас жігіттермен кездескен, бірақ ешқайсысымен шындап жүрмеген, «өз адамын таппаған». Белсенді күйінде қалды, қоғамдық жұмыспен айналысты. Институтты бітіргеннен кейін орта мектепте ағылшын тілінен сабақ беруге жұмысқа орналасты. Жұмысы ұнады, балаларды оқытудан ләззат алған. Мектепте бір жылдай жұмыс жасады. Бір күні бір мұғалімнің көп ақшасы бар әмияны «жоғалды», күдік ой жас мұғалімге түсті, себебі ол мұғалімдер бөлмесінде басқалардан кейін аз уақыт кідірген болатын. Науқас өзінің айтуы бойынша қатты ашуланып, жылап үйіне жүгіріп кеетеді. Ертесіне жұмыстан шығамын деген оймен мектепке келеді. Мектепке келсе әмиян табылыпты, ол столдың артына түскен екен. Науқас алдында барлығы кешірім сұрайды. Ол аздап сабырланға түскендей болды, өз жұмысымен айналысты, бірақ басында «олар мені ұрыға санады » деген ой жүрді, басым ауырды деп сұранып кетеді, бірақ басына сол баяғы эпизод келе береді. Жұмысқа орналасу кезінде мектеп директорымен өткізген әңгімеде, оның «Сізге қиын болады» деген сөздерін еске алды. Алғашынан-ақ ол ешкімге ұнамағанын сезді, тек сырттан ештеңе білдірмеген. Келесі күні мектепке әрең барды. Ол келген кезде, барлығы тынышталып қалатынын байқады. Келесі күні мектепке барудың қажеті жоқ еді, өйткені каникулдар басталған болатын. Өзінің уайымдарын ұмытамын деп ойлады, бірақ таң атқан бойында әлсіздік сезінді «көкейі ренішке толы» болды. Өзін күштеп тұрғызып, күні бойы мазасызданып, бөлме ішінде кезіп жүрді . Ештеңемен айналыса алмады. Тәбеті мүлдем жойылды. Уақытын өткізу үшін ерте жатып қалды, бірақ түнімен ұйықтай алмады. Таңертең өзін нашар сезінетін болды. Көп мазасызданып, шаршағанын біліп, тынышталу үшін дәрі- дәрмек қажет екенін түсінді. Медициналық интстут бітірген кластасына барып, ақыл сұрайды, ол психиатрға қаралуды ұсынды.

Психикалық жағдайы: жұмысында болған ерекше жағдай жөнінде түпкілікті әңгімеледі. Ол жерде оны дұрыс қабылдамағанын айтады. Өзінің көптеген қасиеттері (жоғары принципиальдылық, оқушылармен жұмыс кезінде педагогиканың әдістемелік принциптерін қатаң ұстануы және т.б.) мектеп деректорына және кейбір мұғалімдерге ұнамағанын түсіндіруге барынша тырысты. Мектептегі болған жайтты талықлай келе, өзінің мүмкін қателескендігін мойындайды («әмиян жоғалуына байланысты оқиғаны жүрегіме тым жақын қабылдадым»).

Стационарда транквлизаторлар, аз мөлшерде нейролептиктер қабылдады, психотерапиялық әңгімелер жүргізілді. Жағдайы жақсарды. Дертті идеяларына сын көзқарас пайда болды. Клиникадан шыққан соң, бұрынғы жұмысына қайта оралды.

Реактивті пароноидтарға индуцкияланған пароноид (сандырақ) та жатады. Сандырақ сонымен қатар психогенді әсер нәтижесінде де түзіледі. Сандырақтық идеялармен зардап шегетін науқас өзінің дертті идеяларын, көзқарасын басқаларға жармастырады. Бұл жағдай науқаспен тығыз қарым-қатынастағы, оған бағынышты адамда дамиды.

Сандырақ идеялар мазмұны жиі соңына түсу, даукестік және т.б. сипатында болады.

 

Реактивті психоздардың этиологиясы мен патогенезі

 

Реактивті күйге алып келетін этиологиялық факторлар психикалық жарақаттар болып табылады. Реактивті жағдайлар екі жағдайға байланысты, олар реактивті күйдің клиникалық көрінісін анықтайды: психикалық жарақаттың күші және оның тұлға үшін мәні. Өмірге тікелей қауіп төнген жағдайда бас миының қызметі бұзылады, нәтижесінде кейбір ситуацияларда адамның саналы жүріс-тұрысы шектеледі немесе іс-әрекетін (қозу, ступор) ситуацияға сәйкес басқара алмайды. Жоғарғы жүйке және психикалық қызмет бұзылысына әкелетін факторлар шамадан тыс аффект (қорқыныш, қайғы және т.б.), осындай жағдайларға бейімдейтін тұлғалық ерекшеліктер - эмоциялық тұрақсыздық болып табылады.

Реактивті күйлердің өзге түрлерінің пайда болуында тұлғалық ерекшеліктердің маңызы зор. Ганзер және псевдодеменция синдромдарымен, сондай-ақ пуэрильді реакциялармен көрінетін реактивті жағдайлар истериялық мінез сипатымен адамдарда жиі бақыланады, реактивті параноид - күдікшіл, өзін-өзі жоғары бағалайтын, инертті ойлы және жағымсыз күйзелістерге қадалып қалуға бейім адамдарда бақыланады.

Реактивті психикалық бұзылыстарды болжау үшін психикалық жарақат пен науқас жағдайының маңызы бар. Мысалы, науқаста психикалық жарақат жағдайы ол үшін шешімін таппаса реактивті ступор ұзақ сақталуы мүмкін. Реактивті күйдегі науқастарда бас миы қызметінің қосалқы бұзылыстары органикалық, токсикалық әсерлерден, эндокринді ауытқуларға (жас кезеңіне байланысты) байланысты жағымсыз болжамға алып келеді.

Мұнан басқа, әр адамның стрессті ситуацияға реакциясы индивидуальды екендігін ескеру керек, және бір адам қайталанған ситуацияға алғашқыдан өзге реакциямен жауап беруі мүмкін. Сондықтан реактивті психоз мазмұны жиі ізінен реактивті психоз туындатқан психикалық жарақат ерекшеліктеріне емес, субьект ерекшелігімен анықталады.

Реактивті күйдің дамуына әкелетін бірқатар факторларды ескерген жөн. Біріншіден оған қажу, мәжбүрлі сергектік, алкоголизация, соматикалық аурулар және т.б. жатады. Бұл шартты-патологиялық факторлардан басқа реактивті психоздың пайда болуына жүктілік, жасқа байланысты криздер (пубертатты,инволюциялық) тәрізді физиологиялық жағдайлар әкеледі.

 

Реактивті психоздарың дифференциальды диагностикасы

Реактивті психоздардың дифференциальды диагнозы үлкен қиындық туындатпайды. Психикалық жарақаттан соң психикалық бұзылыстардың пайда болуы, психопатологиялық көріністерінде психикалық жарақат мазмұнының бейнеленуі жоғарыда көрсетілген формаларды ескере отырып реактивті күй диагнозын қоюға негіз болады. Психикалық жарақаттан соң басқа да психикалық аурулар басталу мүмкіндігін ескеру керек, мысалы, шизофрения, маниакальді депрессивті психоз, кәрілік және кәрілік алды кезеңіндегі психоздар. Реактивті психозды осы аталған психикалық аурулардан ажыратқанда жоғарыда суреттелген ерекешеліктерді, осы екі топ психикалық ауруларының психикалық бұзылыстары құрылымының және динамикасының ерекшеліктерін ескерген жөн.

Психикалық жарақат ситуациясы бірқатар жағдайларда эндогенді аурулардың ұстамасына әкелуі мүмкін. Диагнозды дұрыс қою үшін науқасты клинико –психопатологиялық тексеруден мұқият өткізіп, психожарақаттық ситуация мен депрессияның клиникалық көрінісінің ауырлық күштерінің арақатынасын, оның құрылымы мен ұзақтығын, сонымен қатар науқастың анамнездік ерекшеліктерін ескерген жөн. Шизофрениялық дипрессияға ең алдымен науқастың эмоциональді бұлыңғыр аффектісі және күйзелістерін ашық айтпауы, депрессияның ұзақ ағымы және т.б. нұсқайды.

 

Реактивті психозбен науқастардың емі

 

Жедел шокты реакциялар ұзаққа созылмайды. Психикалық жарақат жойылған соң олар жоғалады, мұндай науқастар дәрігер бақылауына сирек түседі. Қимылдық қозуды тоқтату үшін фенотиазин қатарындағы препараттарды иньекция түрінде қолданады. Ступорозды науқастарға антидепрессанттар мен нейролептиктерді тағайындауға болады. Препараттардың осындай комбинациясын реактивті депрессиямен, галлюцинациямен науқастарға қолдануға болады. Реактивті параноидпен науқастарға нейролептиктер қолданады.

Реактивті психоздар емі (әсіресе созылмалы ағымдағы) бұл күйді басумен шектелмейді. Сонымен қатар жалпы әлдендіретін және реабилитациялық шаралар қолдану қажет. Бірақ барлық компонентерді кешенді бірлестіру керек, яғни психофармакологиялық, жалпы әлдендіретін және реабилитациялық шараларды үйлестіру керек. Осы шаралардың маңызды элементі психотерапия болып табылады. Психотерапияның маңызды міндеті - психожарақаттаушы ситуацияда шападан тыс фиксациялануды болдырмау, және келесі сатысы ретінде - психожарақаттаушы ситуацияның салдарына науқастың адаптациялық механизмін күшейту. Ол жанұялық өмірдегі, қызметтік қатынастардағы өзгерістер түрінде болуы мүмкін. Қажет жағдайда дәрігердің міндетіне науқастың әлеуметтік мәселелерін шешуге тікелей қатысу да кіреді. Көп жағдайда болжамы жайлы және психожарақаттаушы ситуацияның жойылуы психикалық денсаулықтың қалыптасуына алып келеді. Қосымша экзогенді немесе негативті факторлар орын алған жағдайда болжам аздап жайсыздау болады. Бұл жағдайда реактивті күйдің ағымы созылмалы сипат алуы мүмкін.

Реактивті психоз күйінен шыққан соң науқастар еңбекке қабілеттілігін сақтайды. Тек реактивті күй ұзақ, созылмалы сипат алаған адамдар бұл тізімге кірмейді.

 

Соттық-психиатриялық сараптама

Соттық - психиатриялық сараптама реактивті психоз жағдайы заң бұзушылық сәтінде ғана емес, одан кейін пайда болғанда да жүргізіледі. Реактивті психоз жағдайында заң бұзушылық орын алғанда бірқатар факторлар ескеріледі: психикалық бұзылыс деңгейі, психикалық жарақат сипаты, патологиялық негіз рөлі және т.б. Кейде қылмыс жасалғаннан кейін, жауапкершілік қаупіне байланысты реактивті жағдай пайда болады. Реактивті жағдай кезеңінде бұл адам сот немесе тергеу алдында жауап беруге қабілетсіз, жазасын өтей алмайды. Бұл шаралар науқас реактивті психоз жағдайынан шыққан соң қолданылуы мүмкін.

Созылмалы реактивті психоз жағдайларында тактика аздап басқаша. Науқаста психотикалық бұзылыстардың ұзақ уақыт сақталуына байланысты ол психиатриялық ауруханаға емге жолданады, сауыққан соң сот алдында жауапқа тартылып, жазасын өтеуі керек.

 

Тарау

ПСИХОПАТИЯЛАР

Психопатиялар – интеллект өзгерісінсіз, тұлғааралық қатынас және қоршаған ортаға адаптациялану бұзылыстарына алып келетін туа және жүре пайда болған мінез-құлықтың тұрақты бұзылыстарының тобы.

Психопатия кезіндегі психикалық дисгормония психикалық қасиеттердің бірінің басымдығымен және өзгелерінің дұрыс жетілмеуімен байланысты. Мысалы, аффективті стимулдармен шақырылатын өз жүріс-тұрысы мен реакциясын бақылаудың бұзылысы кезіндегі жоғары эмоциональды қозу; қоршаған ортаны адекватты бағалау жетіспеушілігі және шынайылық сезімін жоғалту кезіндегі үрейшілдік, сенімсіздік және күдікшілдік; қабілеттілік, мүмкіндік және т.б. болмаған жағдайдағы эгоцентризм, өзінің мәнді орын алатындығына аса көңіл аударту. Аталған психикалық қасиеттер психикалық тұрғыдан қалыпты адамға да тән, бұл кезде олар тепе-тең көрініс береді. Психикалық қасиеттердің тепе-теңдігі тұлғаның тұрақты, гормониялық құрылымын түзейді. Тұлға гормониялылығы мен дисгормониялылығы - психикалық жағдайларды квалификациялауда қолданылатын түсініктен әлдеқайда кең. Тұлғаның гармониялылығы физикалық немесе психикалық қасиеттерінің оптимальді қосылысы ретінде кейбір талаптарға жоғары дәрежеде сәйкес жауап беріп, өзгелеріне сәйкестігі төмен болуы мүмкін. Бірақ психопатиямен тұлғаларда бұл қасиеттер әлеуметтік адаптацияны қиындататын қасиеттермен бірге жүреді.

Психопатиялық күйлерді көптеген психикалық жағдайлар ішінен анықтау кезінде тұлғаралық қатынастар мен тұлғаның әлеуметтік адаптациясының бұзылуына алып келетін түрлері айрықша көрініп тұрады.

Клиникалық көрінісі

 

Психопатиялардың клиникалық көріністері келесі ерекшеліктерімен сипатталады. Осы дертке шалдыққандар тұлғалық қордың дисгармониясымен ерекшеленеді, ол айқын болған жағдайда әлеуметтік адаптация бұзылысы орын алады. Психопатиялық көріністер тотальды, яғни адам қызметінің барлық сферасында көрініс беріп отырады, және тұрақты.

Психопатия кезінде өмірлік адаптация мүмкіндігі екі жағдайға байланысты: тұлға дисгормониясының айқындылық дәрежесіне және сыртқы факторларға.

Психопатиялық тұлға өзіне қолайлы жағдайда қанағаттанарлық дәрежеде адаптациялануы мүмкін (компенсация жағдайы) және өзіне тән психопатологиялық көріністер, соның ішінде невротикалық көріністер айқын болғанда, қолайсыз жағдайларда (декомпенсация) дезадаптацияланады.

Психопатия басқа аурулардан, соның ішінде психикалық аурулардан да ерекшеленеді. Психопатия тұлғалық ерекшеліктермен, оның ұстанымдарымен тығыз интеграцияланған, ал аурулар, психикалық ауруларды қосқанда науқас тұлғасы үшін бөтен болып табылады. Психопатия динамикасы ауру динамикасымен салыстырғанда ерекше. Психопатия кезінде ремиссия жоқ. Психопатияны емдеуде тұлға корекциясына және тұлғаның өзіне, қоршаған ортасына қатынасын қайта құруға маңызды орын беріледі. Психопатияның таралу дәрежесіне баға беру қиынға соғады. Психопатиямен науқастар дәрігер бақылауына декомпенсация жағдайында немесе қоғамдық заңды бұзу жағдайларында түседі.

Психопатияны оқып, зерттеу соттық психиатрия дамуына тығыз байланысты. Алғаш рет психопатияны басқа психикалық бұзылыстардан бөліп қарау отандық психиатрлар И.М. Балинский және О.М. Чечоттан басталды. Олар жүргізген соттық-психиатриялық сараптама негізінде қылмысты іс жасаған кезде кей адамдар жан ауруының белгілерін байқамағандығы анықталған. Олардың жағдайы психопатиялық деп анықталды (И.М. Балинский және О.М. Чечоттың 1884 жылы Семенованың ісі бойынша қорытынды сараптамасында осылай болған). Бірақ бұл термин қазіргі қолданыстағы терминнен мазмұны бойынша ажыратылады. И.М. Балинский жеке О.М. Чечотт жан бұзылысының белгілері жоқ, бірақ дені сау деп те санауға келмейтін, тұлғаның жалпы психикалық толымсыздығының көрсеткіші ретінде «психопатия» және «психопатиялық жағдай» терминдерін қолданды. И.М. Балинский мен О.М. Чечоттың соттық – психиатриялық қорытындысы бойынша көптеген келіспеушіліктер болды. Семенованың ісіне аса назар қойған сол кездегі газет пен журналдардың беттерінде ‛‛Психопатия’’және‛‛Психикалық жағдай’’терминдері орын алды. Осы статьялардың бірінде Семеноваға ‛‛психопатка’’ деген атау берілді.

1891-1893 жылдары психопатиялық жетіспеушілікпен тұлғалар неміс психиатры Кохпен сипатталды. Э.Крепелиннің аурулар жүйесінде психопатиялар оның түрлерінің көрсетілуімен арнайы топқа бөлінді. Сонымен қатар олардың ерекшеліктері мен басқа аурулардан принципиальды айырмашылықтары келтірілді. Одан әрі психопатияның негізі мен жүйесін бағалауда екі тенденция байқалды. Бір жағдайларда психопатия жеке психикалық аурулар мен психикалық саулық жағдайлары арасындағы аралық күйлер, ал басқа жағдайларда - тұлғалық қасиеттердің өткірленуі ретінде қарастырылады. Аралық жағдайларда ауруға тән үдемелілік белгілері байқалмайды, және осымен қатар науқас тұлғасын сипаттайтын айқын белгілері бар. Осыға сүйене отырып психопатияның келесі варианттары ажыратылады: шизоидты, эпилептоидты, циклоидты. Психопатия анықтамасында жеке психикалық қасиеттердің шеткі көріністеріне бағытталу таза психологиялық жіктеудің пайда болуына және келесі «қоғам жауы», «интриганттар», «мифомандар» (өтірікшілер) сияқты варианттардың бөлініп шығуына себеп болды. Психопатияны екі жақты позициямен қарау олардың пайда болуының себептерін сәтті зерттеуге септігін тигізбеді және олардың клиникасының бір жақты айқындалуына алып келді.

Психопатияның болмысы мен клиникалық көрнісін зерттеуде белгілі кеңес психиатры П.Б.Ганнушкин үлкен еңбек жасады. Ол психопатияның негізгі критерияларын қалыптастырды, конституция типтері мен психопатия варианттарының өзара қатынасын қарастырды, психопатиялардың нақты клиникалық сипаттамасы берілді. Клиникалық суреттеуде ең алғаш осы аурудың психопатологиялық көріністерінің динамикасына көңіл аударды. Динамиканың фазалары мен сатылары бөлінді. Психопатияның психопатологиялық көріністерінің көп түрлілігі, динамикасындағы, пайда болу жағдайларындағы айырмашылықтар психопатияларды, психопатиялық күйлерді қосымша бөлуге негіз болды. Осылайша ядролық және шеткі психопатия пайда болды (О.В.Кербиков). Алғашқысы ерте балалық шақта дамиды, жиі айтарлықтай себептерсіз пайда болады, психикалық бұзылыстардың айқын көрінуімен ерекшеленеді және науқастарды тұрақты дезадаптацияға әкеледі. Шеткі психопатиялар, немесе тұлғаның патологиялық дамуы қолайсыз факторлар (эмоциональды жарақаттаушы) әсеріне байланысты дамиды. Патогенді факторлар психопатияның психопатологиялық көріністерінің ерекшеліктеріне де, сонымен қатар айқындылық дәрежесіне де әсерін тигізеді. Соңғы кездері акцентуацияланған тұлғалар түсінігі ажыратылды (К.Леонгард). Бұл тұлғалар психикасы сау адамдар мен психопатиялы тұлғалар арасында аралық орын алады. Оларда тұлғаның психопатиялық ақауы болмайды, бірақ өзінің ерекшеліктері жағынан дені сау адамдардан ажыратылады. Бұл ерекшеліктер (акцент) ауру көрінісі ретінде қарастырылмайды, бірақ өзінің психикалық айрықша түрлілігі бар және қиын жағдайларда адаптация бұзылысының, тұлға аралық қатынастар бұзылысының себебі болуы мүмкін. Психопатияның жалпы психопатологиялық көріністері тұлғаның дисгармониялық ерекшеліктеріне байланысты. Соңғысы осы бұзылыстардың құрылымын анықтайды.

Психопатияның түрлі формадағы клиникалық көріністерінің әрқилылығына қарамастан ортақ ерекшеліктерін атауға болады. Ереже бойынша психопатия кезінде галлюцинация түріндегі қабылдау бұзылысы байқалмайды. Дегенмен аффективті кернеу жағдайында жеке иллюзиялық бұзылыстар болуы мүмкін. Және де сенестопатия формасында түйсік бұзылысы бақылануы мүмкін. Бұл кейбір соматикалық ауруларда кездесетін сенестопатияға ұқсас. Психопатия ОЖЖ-нің органикалық зақымдануымен байланысты өзге психикалық аурулар немесе шизофрения кезінде бақыланатын интеллектуальді патологиямен бірге жүрмейді. Психопатиямен науқастар өзіндік «Менді» бағалауда айрықша пікірмен ерекшеленеді. Ақпаратты біржақты таңдауға тенденция бар, яғни тұлға ұстанымдарына сәйкес және ол үшін ерекше эмоциональды мәнге ие ақпаратты қабылдау. Бұл критерияларға қарсы немесе сәйкес келмейтін ақпараттар еленбейді және қабылданбайды. Осыған байланысты тұлға аралық қатынастардың мәнін түсінуде және өзін бағалауда, әсіресе өз қызығушылықтарына тиіп кеткенде обьективтілік болмайды және қателіктер жіберіледі. Осы негізде психопатиямен науқастардың салыстырмалы интеллектуальді жеткіліксіздіктері жөнінде айтылды. Психопатиямен науқастар өз қатесінен қажетті сабақ толық ала алмайды. Олар өздері үшін эмонациональды маңызы бар құбылыстар мен жағдайларды бағалауда толымсыздық көрсете отырып, психикалық дені сау адамдар тәрізді қабілеттер мен мүмкіндіктерді игереді.

Психопатиялық тұлғалардағы айқын бұзылыстар эмоцианалды – еріктік сферада байқалады. Эмоциональды реакциялар кейбір науқастарда аса айқын, ашу-ыза ұстамасымен және агрессивті әрекеттермен көрінеді, ал кейбіреулерінде - өзінің толымсыздығы сезімін күйзелумен, үреймен қорқынышпен көрінеді. Бұл мінез-құлқындағы ерекшеліктерден айналадағылар немесе олардың өздері зардап шегетін адамдарды психопаттар деп атауға негіз болды. Бұл аффективті көрністер қарапайым эмоцияға жатады, олар науқастың аффективті өмірінде үстемдік көрсетеді. Бұл жағдай кейбір мамандарға психопатияның негізгі белгісі жоғарғы эмоцияның жетілмегендігі және оны олиготимия деп квалификациялауға жол берді. Психопатия кезіндегі ерік бұзылысы оның жеткіліксіздігімен көрінеді, ал кейде аффективті стимулдармен, тұлғаның жалпы реттеуші және адаптациялық механизмдерінің төмендеуімен анықталатын аффективті реакциялар мен жүріс-тұрысты басқарудың толық болмауымен көрінеді. Психопатияның көптеген симптоматикаларының ішінен психопатияның кейбір варианттарына тән психопатологиялық көріністерді, сонымен бірге неврозда кездесетін психикалық бұзылыстарды көруге болады: бас ауыруы, шаршағыштық, ұйқы бұзылыстары және т.б. Невротикалық симптом әдетте декомпенсация жағдайымен бірге жүреді және жағымсыз факторлардың әсерінен болады, және де динамика ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Тұлғаның психопатиялық қасиеттері жиі науқасты конфликттерге әкеліп соқтырады, конфликт психогенді реакция шақырады, нәтижесінде психопатия ағымы ауырлайды («психопатиялық цикл», Кербиков О.В., 1963). Психопатиялық тұлғаны декомпенсациялайтын факторларға соматикалық және инфекциялық аурулар, уланулар, эмоциональды стресстерді де жатқызуға болады.

Психопатияны жеке клиникалық топқа бөлгеннен бастап олардың көріністерін жүйеге келтіруге талпыныс үнемі жасалып келеді. Психоптиялардың әр кезеңде болжамды жіктеулері басты психикалық бұзылыстарының жеке формаларын бөлу арқылы клиникалық принципке негізделіп құрылды. Осы негізгі бұзылыстардың сипатына қарай олардың формаларының атауы анықталды.

Сонымен қазіргі уақытта психопатияның келесі түрлері ажыратылады: қозғыш (возбудимая), параноидты, шизоидты, психастениялық, истерялық, аффективті және т. б.

Қозғыш психопатия

 

Психопатияның бұл формасы науқас мүдделеріне сәйкес келмейтін, және науқастың ойынша оның құқығы тапталған жағдайларда тітіркену, наризалық және ашу көріністерімен күшті аффект күйімен ерекшеленеді. Науқас үшін эмоциональды маңызы жоқ жағдайларда оның аффективті реакциялары толығымен адекватты болуы мүмкін. Жоғарыда аталған жағдайларда жүріс-тұрыстары мен әрекеттері жеткілікті логикалық бағалаудан өтпейді, мүмкін болатын жайсыз салдары ескерілмейді. Кейде олар импульсивті болуы мүмкін. Психопатияның осындай түрімен науқастар айналадағылармен қақтығысқа жиі түседі және жиі агрессивті қылықтар жасайды. Осыған байланысты коллективте қарым–қатынасы нашар болады. Осы аталғандардың барлығы психопатиялық тұлғаларда декомпенсация шақыратын стресске себепші болады. Өзінің бұрыс қылықтарын және реакцияларын олар адекватты бағалай алмайды. Үнемі осы қылықтарын ақтайтын себептер табуға тырысады.

Науқас Қ.,30 жаста. Әкесінің ағасы ақ қызбадан (алкогольді делирий) қайтыс болды. Әкесі созылмалы алкоголизммен зардап шеккен, бірнеше рет психиатриялық ауруханаға түскен. Әкесі науқастың 14-жасында үйінен кетіп қалған. Мінезі ашуланшақ, шатақ адам болған, мас күйінде перверзді тенденция байқалған. Қазіргі уақытта бұзақылығы үшін сотталған.

Анасы - медбике, мінезі жұмсақ, ақкөңіл, баласының ауруханаға түскенін қатты уайымдайды.

Бала мерзімінде 1-ші жүктіліктен туылған. Емізулі кезеңде анасының айтуы бойынша бала мазасыз, жылауық және ұйқысы нашар болған. Кейде «көгеріп» кеткенге дейін жылау ұстамалары болған. Бала бақша тәрбиелеушілері оны қиын бала қатарына қосқан. Өте қозғалғыш, төбелес құмар болған. Өз құрдастарымен керісіп қалған жағдайда қатты айқайлап тырнап, тістеп алуға дейін баратын болған. Ескерту берген жағдайда еденге құлап, басын жерге ұрып және т.б. қылықтар көрсеткен. Үйде де осындай жағдайлар болған. Мектепке 7-жасында барған. Бастауыш кластарында үлгерімі нашар болған. Мұғалімдер интеллектуальды қасиеттері жаман емес, бірақ бір орында отыра алмайтын, сезімтал, ренжігіш бала ретінде мінездеме берген. Басқа оқушылармен басы қосылмайды, төбелеске шатасқан, осы себептен анасы мектепке бірнеше рет шақырылған. Бос уақытында өзінен кіші балалармен ойнаған. Осы кезеңдерде әкесінің алкоголизміне байланысты семьядағы қарым-қатынас нашарлай түскен. Әкесі мас болып әйелін, баласын сабап және оларды бірнеше рет үйінен қуып жіберген жағдайлар да болған. Науқас шешесімен бірге өзін бірнеше жыл тәрбиелеген әжесінің қолына кетуге мәжбүр болды. Аурудың бұзақылығы жоғары кластарда күшейе берген. Мұғалімдерге қарсы сөйлеген, сабақ кезінде басқа іспен айналысып отыратын болған, ескерту берсе орнынан тұрып есіктен шығып жүре беретін болған. Тәртібі жөнінде көп ескерту берген биология пәнінің мұғалімін өте жек көрген. Осы оқытушының бір ескертуінде ол орнынан тұрып, бөлме терезесін сындырған және үйірменің асыранды теңіз шошқасын басқа оқушылар алдында тұншықтырған. Науқас мұғалімдердің нариза келбеттерін көргенде үлкен ләззат алғандығын айтады. Осыдан кейін мектептен шығарылған, білімін ПТУ - да жалғастырған. Осы кезеңде анасы әкесімен қайта қосылған, әкесі бірден 14-жасар ұлын ішкілікке әуестендірген. Өзінің бос уақытын ауладағы бұзақылар арасында өткізген. Осы кезеңде аса ұшқалақ, төбелес құмар, ашушаң болып кеткен. 15 жасында оқушы балалардан ақша бопсалағаны үшін милиция есебіне алынған. Үйіне жиі мас болып келіп анасына қол жұмсаған және әкесіне өлтіремін деп ұмтылған.

Сексуальды әуестігі аса айқын болған. 14 жасынан бастап кезеңмен анонизммен айналысқан. 15-жасынан бастап жыныстық қатынасқа түскен. 16- жасында өзіне ескерту жасаған қарт кісіні соққыға жығып 3-жылға бас бостандығынан айырылған .

Мерзімін өтеп шыққан соң автобазада шофер болып жұмыс істеген. Жұмысында әкімшілік мүшелерімен қақтығысып, басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр болған. Соңғы бесжылдықта 4- жұмыс орнын ауыстырған. Қазіргі уақытта гаражда слесарь болып жұмыс істейді.

1975 жылы үйленген, жарына сүйіп қосылған, 3-жасар қызы бар. Соңғы кездері маскүнемдікке салынып, тітіркенгіштік, ашушаңдық күшейген. Жанұясында ұрыс - керіс жиілеген. Әйелі мен анасының өтінішімен науқас клиникаға келіп түскен.

Соматикалық жағдайы: орта бойлы, дене бітімі - атлетикалық, аздап дене салмағы басым. Ішкі мүшелерінде патология жоқ.

Неврологиялық статусында бас миының органикалық бұзылысының белгілері байқалмайды. Вегетативті лабильділік, возомоторлық реакциялардың жеңіл көрінуі, алақан, табан гипергидрозы, қызыл дермографизм байқалады. Бас сүйегі рентгенограммасында және көз түбін зерттегенде патологиялық өзгеріс жоқ.

Психикалық жағдайы: науқастың уақыт, орын, өзіндік тұлғасы бойынша бағдары дұрыс. Сөйлескенде құнықсыз жауап береді, өзін сақ ұстайды. Жауаптары біртекті. Кезеңмен жандана түседі, өзінің тітіркенгіштігі, ашушаңдығы, ұстамсыздығы жөнінде белсенді әңгімелейді, өзін электрлеп қойғандай, бір сөз айтылса болды төбелеске ұмтыламын дейді. Өзінің әйелі мен анасы жөнінде тітіркене еске алады, олар өзін түсінбейді, әдейі менің ашуымды шақырады деп есептейді. Өзінің маскүнемдігін «аз ғана бой сергіткім» келеді деп түсіндіреді. Жұмысындағы нашар қатынасты оның өткен шағындағы асоциальды жүріс-тұрысына байланысты қалыптасып қалған қатынас деп қарайды. Өзін өз ісіне жауап бере алатын адам деп санайды, бірақ біршама ұстамсыздық және шамадан тыс ашуға берілу өміріме кедергі келтіреді дейді.

Асоциальды қылықтарына байланысты сұрақтар қойылғанда, қызарып қозып, дөрекі түрде жауап беруден бас тартады. Бөлімшеде алкоголизммен зардап шегетін науқастармен араласады. Кейде аурухана тәртібін сақтамай, медицина қызметкерлерімен шатасып қалады. Бақылау бөлмесіне жіберілген кезде агрессия көрсетіп, санитарға қол жұмсаған. Клиникаға келгеннен бері продуктивті психопатологиялық симптомдар байқалмаған. Интеллектуальды бұзылыстар байқалмайды. Өз жағдайына сыни көзқарас төмен. Кезекті қақтығыстан кейін өзінің табанды сұранысы бойынша ауруханадан шығарылған.

 





©2015 www.megapredmet.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.