Сурет 4.6 «Кейнс кресі» моделі А нүктесінде жиынтық шығындар ұлттық табысқа тең болады. Бірінші жағдайда, егер Y1 ұлттық табыс деңгейі тепе-теңдік Y0-ден жоғары болса, онда жиынтық шығындар өндіріс көлемінен аз болады E1 < Y1, бұл жағдайда ТМҚ көлемі артады. Сатып алушылар тауарларды фирмалардың өндіргеніне қарағанда аз тұтынады, яғни AD < AS құбылысы орын алады. Фирмалар осыны болдырмас үшін өндіріс көлемін Y0-ге дейін қысқартуға мәжбүр болады. Екінші жағдайда, егер Y2 ұлттық табыс деңгейі тепе-теңдік Y0-ден төмен болса, онда жиынтық шығындар өндіріс көлемінен көп болады E2 > Y2, бұл жағдайда ТМҚ көлемі кемиді. Сатып алушылар тауарларды сатып алушылардың тұтынғанына қарағанда кем өндіреді, яғни AD > AS құбылысы орын алады. Сәйкесінше, фирмалар жұмысбастылық пен өндіріс көлемін Y0-ге дейін арттыруға мүмкіндік алады. Сонымен, «Кейнс кресі» моделі – бұл бағалардың икемсіздігі мен экономиканың жұмыспен толық қамтылмағандығы жағдайында игіліктер нарығында инвестициялар мен жинақтардың, жоспарланған шығындар мен ұлттық табыстың және сәйкесінше, жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың тепе-теңдігін қалыптастыру арқылы тиімді сұранысқа қол жеткізуді қарастыратын кейнстік қысқа мерзімді макроэкономикалық тепе-теңдік. Кейнстік макроэкономикалық талдауда мультипликатор теориясы аса маңызды орын алады. Мультипликатор ұғымы дәлме-дәл аударғанда «көбейткіш» деген мағынаны білдіреді. Мультипликатор әсерінің мәні: жиынтық сұраныстың құрамындағы кез-келген автономды құрауыштың (C, I, G, Xn) бір мәрте өсуіне байланысты экономикадағы ұлттық табыстың бірнеше есе артуы. Немесе, ойымызды басқаша өрбітетін болсақ, суға тасталған тас өзінің айналасында толқындарды туғызатындай, экономикаға «тасталған» автономды шығындар табыс пен жұмысбастылықтың өсуі түріндегі тізбекті реакция әсерін туғызады. Мысалы, жиынтық шығындардың бір құрауышы ретінде автономды тұтынудың ұлттық табысқа әсері арқылы автономды шығындар мультипликаторын зерттеуге болады. Автономды шығындар мультипликаторы дегеніміз – ұлттық табыс немесе тепе-теңдікті ЖІӨ өзгерісінің жиынтық сұраныстағы автономды шығындардың кез-келген құрауышының өзгерісіне қатынасын сипаттайтын сандық коэффициент. Олай болса, бұл қатынас былай жазылады: m = ΔY / ΔА, мұнда, m – автономды шығындар мультипликаторы; ΔY – ұлттық табыстың өзгерісі; ΔА – ұлттық табыстың қарқынына тәуелсіз автономды шығындардың өзгерісі. Жоғарыдағы мысалымызды жалғастырсақ, егер автономды тұтыну белгілі бір ΔСa шамасына өссе, онда бұл жиынтық шығындар мен Y ұлттық табысты сол шамаға арттырады, ал өз кезегінде, тұтынуды екінші мәрте арттырады (табыстың өсуінен), бірақ МРС • ΔСa шамасына өседі. Әріқарай жиынтық шығындар мен табыс МРС • ΔСa шамасына артады және тағы да солай «табыстар-шығындар» айналымының жүйесі бойынша өсе береді. Осыған орай мультипликатор әсерін мына тізбек бойынша көрсетуге болады: ΔСa ↑ → AD ↑ → Y ↑ → C ↑ → AD ↑ → Y ↑ → C ↑ → AD ↑ → Y ↑ және т.с.с. Мультипликатор көрсеткіші тұтынуға шекті бейімділікке тура тәуелділікте және жинақтауға шекті бейімділікке кері тәуелділікте болады: m = 1 / 1 – MPC = 1 / MPS Осы тәуелділік арқылы да мультипликаторлық әсерді сипаттауға болады. Айталық, өндіріске қосымша 1000 доллар инвестиция салудың нәтижесінде табыс (жалақы, рента, пайыз, рента, пайда) өсті. Табыс иелері өз қаржыларын негізгі психологиялық заңға сүйеніп жұмсайды, мәселен, табыс өсімінің 80%-ы немесе 800 доллар (1000•0,8) тұтынуға жұмсалды делік, яғни МРС 0,8-ге және MPS 0,2-ге тең. Нәтижесінде тауар өндіретін салаларда табыс өседі. Енді осы салалардағы табыс иелері, өз кезегінде, МРС шамасына қарай тұтынуға 80%-н немесе 640 долларын (800•0,8) жұмсайды. Бұл сома тауар сатушылардың табысына айналады, олар да тағы табысының 80%-н басқа бір нарықта жұмсайды және т.с.с. Нәтижесінде бұл процесс басқа да жаңа нарықтар мен экономикалық агенттерге тарай береді. Сонда бұл кезде өндіріске тартылған бастапқы инвестициядан туындаған ұлттық табыстың өсімі қанша болды? Ол үшін әр нарықтан алынған сомаларды қосу керек: 1000+800+640+...+долл. Сонда ұлттық табыстың бірнеше реттік өсімі 5000 долларға тең, яғни: m = 1 / 1 – MPC = 1 / 1 – 0,8 = 5. Табыс өсімі мынаған тең: ΔY = ΔI • m = 1000 • 5 = 5000 доллар. Демек, өндіріске салынған инвестиция ұлттық табыстың 5 есе артуына септігін тигізді, бұл жағдайда мультипликатор коэффициенті 5-ке тең. Тұтынуға деген шекті бейімділік неғұрлым жоғары және сәйкесінше, жинақтауға шекті бейімділік неғұрлым төмен болған сайын, соғұрлым m коэффициентінің мәні жоғары болады. Мультипликатор әсерін график арқылы да сипаттауға болады.  S,I S E1 Ia Ia E 0 Y0 Y1 Y Сурет 4.6 Мультипликатор әсері Графикке сәйкес, ұлттық табыстың бастапқы тепе-теңдік деңгейі Y0-ге тең. Егер инвестициялық дүмпудің нәтижесінде Ia сызығы жоғары (0Ia кесіндісіне тең аралыққа дейін) көтерілсе, онда S пен Ia қисықтарының қиылысуын E1 нүктесінен көре аламыз, ал тепе-теңдік табыс көлемі Y1-ге тең болады. Y0Y1 кесіндісінің аралығы 0Ia кесіндісінің аралығынан артық. Бұл инвестицияның өсуімен салыстырғанда табыстың артығырақ ұлғайғанын білдіреді. Мәселен, экономикаға салынған 10 млрд. долларды құрайтын автономды инвестициялар ұлттық табысты 10 млрд.-қа емес, 50 млрд. долларға арттырды делік. Бұл жерде m=5, яғни ΔY = Δ Ia • m: 50=10•5. Мультипликатор 5-ке тең, себебі алдыңғы мысалда келтіргендей, MPS 0,2-ге тең, яғни m = 1 / MPS = 1 / 0,2 = 5. MPS-тің шамасы неғұрлым жоғарылаған сайын, S сызығы тіктеу және мультипликатордың мәні соғұрлым кіші болады. Алайда, жоспарланған инвестициялар мен жинақтардың арасындағы тепе-теңдіктің жоғалуы экономиканы мынадай екі теріс әсерге әкеліп соқтырады: 1) рецессиялық (дефляциялық) үзіліс және 2) инфляциялық үзіліс. Рецессиялық үзіліс – бұл тепе-теңдік ЖІӨ-ді толық жұмысбастылықтың инфляциялық емес деңгейіне дейін көтеру үшін жиынтық сұраныстың (жиынтық шығындардың) өсуіне қажетті көлем. Е Y=E Рецессиялық үзіліс B E=C+I+G+Xn A ) 45° Y0 < Y* Y Сурет 4.7 Рецессиялық үзіліс Осы суретке сәйкес, егер өндірістің нақты тепе-теңдік Y0 көлемі потенциалды Y* көлемінен төмен болса, онда жиынтық сұраныс тиімсіз болып, жиынтық шығындар ресурстардың толық қамтылуы үшін жеткіліксіз болып табылады. Жиынтық сұраныстың жеткіліксіздігі экономикаға депрессиялық жағдайды туғызады. Рецессиялық үзілістен құтылу үшін және ресурстарды толық қамту үшін тепе-теңдікті А нүктесінен В нүктесіне қарай жылжытып, жиынтық сұранысты ынталандыру қажет. Бұл жерде жиынтық тепе-теңдік табыстың ΔY-ке артуы былай сипатталады: ΔY = рецессиялық үзілістің көлемі × автономды шығындар мультипликаторының көлемі Инфляциялық үзіліс – бұл тепе-теңдік ЖІӨ-ді толық жұмысбастылықтың инфляциялық емес деңгейіне дейін қысқарту үшін жиынтық сұраныстың (жиынтық шығындардың) кемуіне қажетті көлем. Е Y=E Инфляциялық үзіліс А Е=С+I+G+Xn   В ) 45° Y* < Y0 Y Сурет 4.8 Инфляциялық үзіліс 4.9-суретке сәйкес, егер егер өндірістің нақты тепе-теңдік Y0 көлемі потенциалды Y* көлемінен көп болса, онда жиынтық шығындар артық. Жиынтық сұраныстың артықшылығы экономикаға инфляциялық дүмпуді алып келеді. Мұндай жағдайда экономикада барлық ресурстар толығымен қамтылғандықтан, фирмалар өсіп жатқан жиынтық сұранысқа өндірісті кеңейту арқылы жауап бере алмайды, тек бағалар деңгейін көтерумен ғана шектеледі. Инфляциялық үзілістен құтылу үшін және «дүрліккен» сұранысты басу үшін тепе-теңдікті А нүктесінен В нүктесіне (ресурстардың толық қамтылуы деңгейіне) қарай жылжытып жиынтық сұранысты шектеу қажет. Бұл жерде жиынтық тепе-теңдік табыстың ΔY-ке қысқаруы былай сипатталады: ΔY = - инфляциялық үзілістің көлемі × автономды шығындар мультипликаторының көлемі Қорытынды 1. Макроэкономикалық тепе-теңдікті зерттеудің классикалық теориясы Сэй заңымен түсіндіріледі. Сэй заңына сәйкес, экономика тек өндірушілерден тұрады, олардың өндірілген тауарлары мен қызметтері бір уақытта табыстар мен шығындарды қамтамасыз етуі қажет, ешқандай артық өндіру немесе кем өндіру орын алмайды, олай болса, жиынтық ұсыныс жиынтық сұранысты анықтайды. 2. Макроэкономикалық тепе-теңдіктің кейнстік теориясы негізгі психологиялық факторларға сүйенеді, соған сәйкес тұтыну шекті бейімділік, жинақтауға шеті бейімділік, тұтынуға орташа бейімділік және жинақтауға орташа бейімділік деген ұғымдар қолданылады. Кейнстің идеясы классикалық теорияға мүлдем қарама-қарсы болып табылады. Экономикада керісінше, жиынтық сұраныс жиынтық ұсынысты тудырады. Экономикалық дағдарыс болғанда да макроэкономикалық тепе-теңдік орын ала береді. Демек, ол дағдарыс жағдайында жиынтық сұранысты мемлекеттік реттеудің қажеттілігін алға тартады. Кейнстің ойынша, жинақтау мен инвестициялаудың себептері әртүрлі болып табылады, олай болса, макроэкономикалық тепе-теңдік өздігінен қалыптаспайды, оған мемлекет араласу қажет. 3. Тұтынудың қарапайым кейнстік функциясынан басқа тұтынудың кейнстік емес функциялары да бар: Фишердің уақытаралық таңдау теориясы. Модильянидің «Өмірлік цикл» теориясы. Фридменнің перманенттік табыс теориясы және тұтынудың неоклассикалық теориясы. 4. Кейнстік психологиялық заңы былай сипатталады, яғни табыс өскен сайын тұтыну да өседі, бірақ тұтынудың өсуі табысқа қарағанда аз өседі. Олай болса, өскен табыстың қалған бөлігі жинақтауға кетеді. Қысқа мерзімде табыс өскенде тұтыну көлемі салыстырмалы түрде азаяды және жинақтау көлемі артады. Ұзақ мерзімде табыс өскенде тұтыну көлемі тұрақтылық жағдайына бейімделеді. 5. Инвестициялар макроэкономикада пайда табу мақсатында жеке және мемлекеттік сектор капиталдарының ұлттық экономикаға немесе шетел экономикасының әртүрлі салаларына ұзақ уақытқа салынуымен түсіндіріледі. Инвестициялардың өндірістік инвестициялар, тауарлы-материалдық қорларға инвестициялар және тұрғын үй құрылысына салынатын инвестициялар деген түрлері бар. 6. Кейнстік теорияда макроэкономикалық тепе-теңдіктің графикалық көрінісі «Кейнс кресі» үлгісімен түсіндіріледі. Бұл үлгі бағалардың икемсіздігі мен экономиканың жұмыспен толық қамтылмағандығы жағдайында игіліктер нарығында инвестициялар мен жинақтардың, жоспарланған шығындар мен ұлттық табыстың және сәйкесінше, жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың тепе-теңдігін қалыптастыру арқылы тиімді сұранысқа қол жеткізуді қарастыратын кейнстік қысқа мерзімді макроэкономикалық тепе-теңдікті сипаттайды. 7. Кейнстік макроэкономикалық теорияда мультипликатор ұғымы маңызды түрде орын алады. Мультипликатор – ұлттық табысқа тәуелсіз автономды шығындардың ең болмағанда біреуінің бір мәрте өзгеруі салдарынан ұлттық табыстың бірнеше есе өсуін көрсететін сандық коэффициент. Мультипликатор өз әсерін дағдарыс жағдайында береді, яғни экономикалық құлдырау кезінде жиынтық сұранысты арттыра алады. 8. Кейнстік макроэкономикалық теорияны сипаттайтын үлгі тек қысқа мерзімді экономикалық үдерістерді зерттеуге арналған, бағалардың өзгерісін сипаттамайды, сондықтанда ол жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс үлгісінің нақтыланған түрі болып табылады. Дәріске арналған әдістемелік кеңестер: 1. Студент тақырыпты оқу барысында мына мәселелерді міндетті түрде білуі керек: - классикалық үлгідегі макроэкономикалық тепе-теңдіктің ерекшеліктері; Сэй заңын түсіну; - кейнстік төңкерістің орын алуы; - тұтыну функциясы және оның түрлері, жинақтау функциясы, жинақтаудың себептері; Кейнстің психологиялық заңын түсіну; - инвестициялар және оның теориялары; инвестициялау факторлары мен себептері; - Іс жүзіндегі және жоспарланған шығындар, Кейнс кресі үлгісін талқылау; - мультипликатор және акселератор үлгісіне талдау; - «AD-AS» үлгісі мен «Кейнс кресі» үлгісі арасындағы өзара байланысты сипаттау. 2. Тақырыпқа қатысты негізгі мәселелерді графиктер арқылы түсіндіре білуі керек. 3. Статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып отандық экономикаға қатысты мәселелерге талдау жасай білу. 4. Тақырыпты оқу кезінде негізгі әдебиеттер тізімінде көрсетілген оқулықтарды терең меңгеріп игеру қажет. 5-тақырып. Мәселелі дәріс Бюджет-салық саясаты Мақсаты:макроэкономикалық тұрақсыздықтың негізгі белгілерін болдырмауға байланысты экономикадағы мемлекеттің бюджет-салық саясатының жүргізілуінің қажеттілігін түсініп, оның мемлекеттік реттеудегі рөлін, түрлерін, жалпы механизмдері мен ерекшеліктерін жан-жақты талдау және олардың тиімділіктерін анықтау. Осы тақырыпқа мына сұрақтар талқылауға шығарылады. Дәріс жоспары: 1. Бюджет-салық (фискалдық) саясатының мақсаттары, құралдары және түрлері. 2. Бюджет (мемлекеттік шығындар) мультипликаторы. Салық мультипликаторы. Баланстанған бюджет мультипликаторы. Хаавельмо теоремасы. 3. Бюджет тапшылығы, оның түрлері және қаржыландыру әдістері. 4. Мемлекеттік қарыз мәселесі және оны жабу жолдары. Негізгі түсініктер:бюджет-салық (фискалық) саясаты; дискрециондық ФС; автоматты тұрақтандырғыштар; мемлекеттік бюджет; бюджет тапшылығы, бюджет артықшылығы; бюджет мультипликаторы, салық мультипликаторы; баланстанған бюджет мультиплика-торы; Хаавельмо теоремасы; мемлекеттік қарыз; Лаффер қисығы; Лаффер әсері; т.б. Тақырыптың мазмұны. Бюджет-салық (фискалдық) саясаты – бұл макроэкономикалық саясаттың негізгі бір құралы ретінде макроэкономикалық тұрақсыздық пен макроэкономикалық проблемаларды реттеу үшін мемлекеттің шығындар мен салық салу механизмдерін өзгерту арқылы экономиканың іскерлік белсенділік деңгейіне саналы түрде әсер ету шаралары. Бюджет-салық саясаты ұлттық табыс деңгейіне, өндіріс көлемі мен жұмысбастылық деңгейіне және бағаның жалпы деңгейіне әсер ете отырып, жұмыссыздық пен инфляция сияқты макроэкономикалық проблемаларды шешуге бағытталған. Бюджет-салық саясатының мынадай бірнеше мақсаттары бар: 1. Экономикалық циклдің ауытқуларын қалпына келтіріп отыру. 2. Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету. 3. Инфляцияның қалыпты жағдайында жұмысбастылықтың жоғары деңгейіне қол жеткізу. Қалыптастып отырған экономикалық жағдаятқа (коньюнктура) байланысты бюджет-салық саясатын жүргізудің екі түрі бар: 1. Дискрециялық бюджет-салық саясаты. 2. Дискрециялық емес бюджет-салық саясаты. Дискрециялық бюджет-салық саясаты – бұл үкіметтің арнайы шешімдері бойынша салық салуды, мемлекеттік бюджет сальдосын және мемлекеттік шығындар көлемін мақсатты бағытта өзгерту шараларынан тұратын іс-қимылдар. Саясаттың бұл түрін жүргізу барысында үкімет арнайы заңдар қабылдап, инфляция қарқынын, жұмысбастылық деңгейін, өнім көлемі мен төлем балансы жағдайын мақсатты түрде өзгертіп отырады. Дискрециялық саясат экономикалық құлдырау кезеңінде жиынтық сұранысты ынталандыру мақсатында мақсатты түрде мемлекеттік шығындарды арттырып, немесе салық салу деңгейін қысқартып, бюджет тапшылығын тудырады және, керісінше, экономикалық өрлеу кезеңдерінде бюджет артықшылығын қалыптастырады. Соған байланысты, дискрециялық бюджет-салық саясатының өзі екіге бөлінеді: 1. Ынталандырушы бюджет-салық саясаты (экспансиялық саясат немесе қазыналық экспансия) – бұл қысқа мерзімді кезеңде экономикадағы циклдік құлдырауды жою мақсатында мемлекеттік шығындарды арттыру, салық салуды төмендету немесе, осылар арқылы біріктірілген құрастырма шаралардан құралған іс-қимылдар кешені. Басқаша, бұл белсенді фискалдық саясат деп аталады. 2. Тежеуші бюджет-салық саясаты(қазыналық шектеу) – бұл экономиканың циклдік дамуын тежеу мақсатында мемлекеттік шығындарды төмендету, салық салуды арттыру немесе біріктірілген құрастырма шаралардан құралған іс-қимылдар кешені. Демек, бұл енжар фискалдық саясат болып саналады. Дискрециялық бюджет-салық саясатының құралдары: · салық мөлшерлемесін өзгерту; · қоғамдық жұмыс жобалары; · халықты жұмыспен қамту. Дискрециялық емес бюджет-салық саясаты – бұл үкіметтің арнайы шешім қабылдауын талап етпей, автоматты тұрақтандырғыштар арқылы мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарының өздігінен реттелуін қамтамасыз ететін еркін іс-шаралар кешені. Автоматты (кіріктірме) тұрақтандырғыштар – үкіметтің саясатын жиі өзгертпей-ақ, өнім көлемі мен жұмысбастылық деңгейінің циклдік ауытқуларын төмендетуге мүмкіндік беретін экономикалық тетіктер жүйесі. Мұндай тұрақтандырғыштарға үдемелі салық салу, мемлекеттік трансферттер төлемдер, жұмыссыздықтан сақтандыру, пайданы бөлісу жүйелері жатады. Экономиканың өрлеу кезеңдерінде автоматты тұрақтандырғыштар бюджетке түсетін салықтардың артуына және бюджет артықшылығының орын алуына мүмкіндік береді. Ал экономиканың құлдырау кезеңдерінде бұл үрдітер керісінше жүріп отырады. Экономиканың автоматты тұрақтандырғыштары дискрециялық қазыналық саясаттың уақытша кешеуілдеу мерзімінің ұзақтылығы проблемасын салыстырмалы түрде жұмсартып отырады, өйткені бұл механизмдер парламенттің қатысуынсыз да жұмыс істей береді. Сонымен, дұрыс ойластырылған бюджет-салық саясаты мемлекеттің инвестициялық мүмкіндіктерін арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті көтеруге, азаматтардың әлеуметтік қамтамасыз етілуін арттыруға, ел экономикасының бәсекелік қабілеттілігін нығайтуға және де, елдің халықаралық жағдайларын жақсартуға өз септігін тигізеді. Үкімет дискрециялық бюджет-салық саясатын жүргізу кезінде жиынтық сұранысқа да, жиынтық ұсынысқа да бірдей әсер етеді. Кейнстік бағыт шеңберінде бюджет (мемлекеттік шығындар) мультипликаторы, салық мультипликаторы және баланстанған бюджет мультипликаторы сияқты үшін мультипликатордың іске қосылуы есепке алынады. Ал ұсыныс теориясы шеңберінде «Лаффер әсері» қарастырылады. Бюджет мультипликаторы мемлекеттік шығындар динамикасының өзгеруі нәтижесінде ұлттық өндірісте орын алатын өзгерістерді сипаттайды. Ол мемлекеттік шығындардың бір бірлікке ұлғаюы кезіндегі ұлттық өндіріс көлемінің қанша есеге өсетінін көрсетеді және ол мына формула бойынша анықталады: mg = ∆Y / ∆ G = 1 / 1 – MPC = 1 / MPS, мұнда, ∆Y – өндіріс көлемінің өсімі; ∆G – мемлекеттік шығындар өсімі; MPC – тұтынуға шекті бейімділік; MPS – жинақтауға шекті бейімділік. Сонымен, экономиканы жандандыру және өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында мемлекет ынталандырушы бюджет-салық саясатын жүргізу кезінде өзінің шығындарын арттыруы қажет. Және, керісінше, экономиканың қызып кетуі жағдайында мемлекет тежеушілік шараларды қолдану арқылы өзінің шығындарын қысқартуы қажет. Салықтар мөлшерінің өзгеруі де табыстың тепе-теңдік деңгейіне мультипликативтік әсер береді, бірақ оның әсері аса жұмсақтау, яғни салық мультипликаторы өзінің шамасы бойынша мемлекеттік шығындар мультипликаторынан кіші болып келеді және ол мына формуламен есептеледі: mt = ∆Y / ∆T = −MPC / 1 – MPC, және, бұл салықтардың бір бірлікке өзгеруі кезінде табыстың бірнеше есеге өзгеруін, немесе салықтардың өзгеруі есебінен туындаған ұлттық өндіріс көлемі өзгеруінің салықтардың өзгеруіне қатынасын көрсетеді. Ал жиынтық табыстың өзгеруін мына формуладан көре аламыз: ∆Y = −∆Т×МРС / 1 – MPC. Егер үкімет мемлекеттік шығындарды арттыру кезінде бюджеттің баланстылығын сақтауға ұмтылса және ол үшін салықтық түсімдер мөлшерін ұлғайтса, яғни мемлекеттік шығындар мен салықтық түсімдер шамасы бір бағытта өзгерсе, онда баланстанған бюджет мультипликаторының әсері орын алады. Бұл мультипликатордың іске қосылуының мәні мынада: мемлекеттік шығындар мен салықтардың белгілі бір уақытта бірдей шамаға (∆G = ∆T) өсуі кезінде, өндірістің тепе-теңдік көлемі де дәл сол шамаға артады, ∆Y = ∆G = ∆T. Айталық, үкімет қосымша мемлекеттік шығындарды жабу үшін салық саясатын қатаңдатып салық мөлшерлемелерін көтерді. Сөйтіп, осы шараларды іске асырудың нәтижесінде мемлекеттік шығындар да, салықтық түсімдер де 100 мың теңгеге өсті делік. Тұтынуға шекті бейімділік 0,8-ге тең. Енді бұл жерде үкіметтің жүргізген шараларының салдарынан туындаған өндірістің тепе-теңдік көлемінің өзгеру шамасын анықтау қажет. Ол үшін мемлекеттік шығындар мен салық мультипликаторларының мәндерін анықтаймыз: mg = ∆Y / ∆ G = 1 / 1 – MPC = 1 / MPS = 1/ 0,2 = 5, mt = ∆Y / ∆T = −MPC / 1 – MPC= – 0,8 / 0,2 = –4. Бұл жағдайда мемлекеттік шығындар есебінен болған Y-дің өсімі мынаны құрады: ∆Yg = ∆G×mg = 100 × 5 = 500. Алсалықтардың өсуі нәтижесінде болған Y-дің қысқаруы мынаған тең болды: ∆Yt = ∆T×mg = 100 × (–4) = –400. Олай болса, ұлттық өндіріс көлемінің жалпы өзгерісі мынаған тең болады: ∆Y = ∆Yg + ∆Yt = 500 – 400 = 100, яғни өндіріс көлемі мемлекеттік шығындар мен салықтардың бастапқы өзгерістері сияқты шамаға өзгереді. Бұл қорытынды экономикадан 1989 жылғы Нобель сыйлығының иегері, норвегиялық ғалым Трюгве Хаавельмо атымен байланысты «Хаавельмо теоремасы» деген атқа ие болды. Баланстанған бюджет мультипликаторының әрекеті мынамен байланысты, яғни мемлекеттік шығындардың ұлғаюы әсеріне қарағанда, салықтардың өсімінен болған мультипликативтік әсер әлсіздеу болып табылады. Сондықтанда, салық саясаты ЖІӨ көлеміне әсер ететін жанама құрал шараларына жатады, ал сол мезетте мемлекеттік шығындарды өсіру арқылы үкімет ЖІӨ-ге тікелей әсер ете алады. Мұндай ерекшелік бюджет-салық саясатының құралдарын таңдау кезінде шешуші болып табылады: экономикада циклдік құлдыраудың алдын алу үшін мемлекеттік шығындар артады (бұл аса күшті ынталандырушылық әсер болып табылады), ал экономикалық өрлеу жағдайында инфляциялық дүмпулерді басу үшін салықтар өседі (бұл сондай жұмсақ шектеуші шара ретінде саналады). Экономиканың циклдік сипаты мемлекеттік бюджеттің баланстылығын тұрақты түрде қолдап отыруға мүмкіндік бермейді. Экономикалық құлдырау кезінде бюджет тапшылықты, ал өрлеу фазаларында артықшылықты болып табылады. Өз кезегінде, мемлекеттің бюджеттің тапшылығы немесе артықшылығы экономиканың циклдік ауытқуларын жұмсартып отыру механизміне үнемі қатысып отырады. Дискрециялық бюджет-салық саясатының нәтижелерін экономиканың циклдік толқуларының нәтижелерінен айырмашылығын көрсету үшін толық жұмысбастылық бюджетін есептеу қажет. Толық жұмысбастылық кезіндегі бюджеттің негізінде бюджет тапшылығының мынадай түрлері ажыратылады: 1) құрылымдық тапшылық – толық жұмысбастылық пен нақты жұмысбастылық кезіндегі бюджет тапшылықтарының арасындағы айырмашылық, яғни ол толық жұмысбастылық пен нақты салық салу жағдайындағы мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстары арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. 2) циклдік тапшылық – нақты бюджет тапшылығы мен құрылымдық бюджет тапшылығы арасында айырмашылық ретіндегі бюджет тапшылығы. Мемлекеттің алдында бюджет тапшылығын жабу мәселесі тұрады. Бюджет тапшылығын қаржыландырудың бірнеше әдістері бар. Солардың ішінде ең негізгілері болып мыналар табылады: • ақша эмиссиясы; • Орталық банктен қарыз алу; • жеке сектордан және сыртқы көздерден қарыз алу. Бюджет тапшылықтарының ел экономикасына әсер етуі көбінесе, сол елдің тапшылықты жоюда таңдап алған әдісімен анықталады. Ақша басып шығару бюджет тапшылығы мәселесін шешудің ең қарапайым және жылдам жүргізілетін әдісі болып табылады. Көптеген елдер соғыс уақытында және ұзаққа созылған дағдарыстар кезеңдерінде осындай әдісті кеңінен қолданды. Алайда, бұл саясатттың арты экономика үшін жағымсыз салдарлармен ұласатын болды: бақылауға көнбейтін инфляцияның қаупі туындайды және соған байланысты ұзақ мерзімдік инвестициялар үшін ынта бірден жоғалады, халықтың және кәсіпорындардың ақшалай жинақтары құнсызданады, ұлттық валютаның бағамы төмендейді. Орталық банктен қарыз алу әдісі де ақша массасының инфляциялық ісінуін туындататын шара болып табылады. Қазіргі уақытта, көптеген елдердің эмиссиялық банкі атқарушы және заң шығарушы билік органдарынан конституциялық жағынан бекітілген тәуелсіздікке ие болып табылады, сол арқылы үкіметтің баспа құралын қолдану арқылы өз мәселелерін шешуіне мүмкіндік бермейді. Жеке сектордан және сыртқы көздерден қарыз алу құралдары – бюджет тапшылығын жоюдың үшінші әдісі ретінде аса сенімді әдіс болып табылады. Олар мемлекеттік бағалы қағаздарды сату, бюджеттен тыс қорлардан қарыз алу және банктерден несие алу түрінде жүзеге асырылады. Мұндай әдісті қолдану кезінде «ығыстыру әсері» деген ерекше құбылыс пайда болады: жеке сектордың ақшаларын алудың салдарынан сол қаржылардың инвестиция ретіндегі пайдаланылу мүмкіндіктері азайып, жеке секторды экономикадан ығыстыру әсері орын алады. Соңғы нәтижесінде бұл әдіс инфляциялық үрдістердің дамуын болдырып, экономикадағы инвестицияларды қысқартады, тауарлардың өндірісі шектеледі. Мемлекеттік қарыздың пайда болу себептері ең алдымен, экономика үшін қиын кезеңдермен байланысты: соғыстық іс-әрекеттер, терең және ұзақ мерзімдік экономикалық дағдарыстар, осы уақытқа дейін жинақталған бюджет тапшылықтарының көлемі. Мемлекеттік қарыздың ұлғаюының негізгі жағымсыз салдарлары болып мемлекеттің қарыз бойынша төлемдерінің өсуі, ел ішіндегі тұтыну мен жинақтардың қысқаруы. Мемлекеттік қарыз – бұл мемлекеттің алдында тұрған физикалық және заңды тұлғаларға, шетел мемлекеттеріне, халықаралық ұйымдар мен субъектілерге деген қарыздық міндеттемелері. Мемлекеттік қарызды бағалау келесідей көрсеткіштердің көмегімен жүзеге асырылады: 1. Мемлекеттік қарыздың жалпы көлемінің ЖІӨ көлеміне қатынасы. Қарыз / ЖІӨ. 2. Қарызға нақты қызмет көрсету коэффициенті – қарызды жабуға бағытталған қаржы көлемінің (қарызды және сол бойынша пайыздарды біртіндеп жабу) бюджет шығындарына қатынасы. Егер бұл көрсеткіштің мәні 20%-дан асса, онда қарыздың ауыртпашылығы өте жоғары және тым ауыр деп саналады. 3. Сыртқы қарызға қызмет көрсету коэффициенті – сыртқы қарызды жабу бойынша шығындардың экспорт көлеміне қатынасы. Мемлекеттік қарызды төмендетудің келесідей механизмдері бар: • қарызды қайта құрылымдау; • қарызды конверсиялау. Қарызды қайта құрылымдау деп біз «ескі» қарыздық міндеттемелерді қарызды жабудың аса жақсы, әрі «жеңіл» шарттарымен (аса төмен пайыздық мөлшерлемелер, төлем мерзімдерін ұзарту және т.б.) Көрсетілген бұл шара кедей және жағдайлары аса төмен елдерге тән құбылыс болып табылады. Мемлекеттік қарызды конверсиялау дегеніміз – бұл қарыз міндеттемелерін тауарлық жеткізілімдерге немесе кәсіпорын акцияларына (своп) айырбастау. Алайда, біздің елдің шетелдіктерге қарыздық міндеттемелер үшін бергісі келетін акциялары әрқашанда әлемдік нарықтарда сұранысқа ие бола бермейді. Қорытынды 1. Бюджет-салық саясаты – макроэкономикалық саясаттың негізгі бір құралы ретінде макроэкономикалық тұрақсыздық пен макроэкономикалық проблемаларды реттеу үшін мемлекеттің шығындар мен салық салу механизмдерін өзгерту арқылы экономиканың іскерлік белсенділік деңгейіне саналы түрде әсер ету шаралары. Бюджет-салық саясаты ұлттық табыс деңгейіне, өндіріс көлемі мен жұмысбастылық деңгейіне және бағаның жалпы деңгейіне әсер ете отырып, жұмыссыздық пен инфляция сияқты макроэкономикалық проблемаларды шешуге бағытталған. 2. Бюджет‑салық саясатының дискрециялық және дискрециялық емес деген түрлері бар. Дискрециялық бюджет-салық саясаты елдің экономикалық белсенділігін өзгертуге бағытталады және ол ынталандырушы және тежеуші болып бөлінеді. Дискрециялық емес бюджет-салық саясаты үкіметтік арнайы шешімдерін талап етпей-ақ автоматты тұрақтандырғыштарға негізделеді. 3. Үкімет дискрециялық бюджет-салық саясатын жүргізу кезінде жиынтық сұранысқа да, жиынтық ұсынысқа да бірдей әсер етеді. Кейнстік бағыт шеңберінде бюджет (мемлекеттік шығындар) мультипликаторы, салық мультипликаторы және баланстанған бюджет мультипликаторы сияқты үшін мультипликатордың іске қосылуы есепке алынады. Ал ұсыныс теориясы шеңберінде «Лаффер әсері» қарастырылады. 4. Бюджет-салық саясатының мән-мағынасын жете түсіну үшін мемлекеттік бюджет туралы қарастыруымыз қажет. Мемлекеттік бюджет – мемлекеттің міндеттері мен қызметтерін қаржы-ландыруға арналған ақша-қаражаттарын қалыптастырудың және шығындаудың нысаны; заңдылық тәртіппен бекітілген мемлекеттің кірістері мен шығыстары-ның құрылымы. Мемлекеттік бюджеттің атқарылуын талдауда мемлекеттік шығындардың орны ерекше болып табылады. 5. Толық жұмысбастылық кезіндегі бюджеттің негізінде бюджет тапшылығының мынадай түрлері ажыратылады: 1) құрылымдық бюджет тапшылығы – толық жұмысбастылық пен нақты жұмысбастылық кезіндегі бюджет тапшылықтарының арасындағы айырмашылық; 2) циклдік бюджет тапшылығы – нақты бюджет тапшылығы мен құрылымдық бюджет тапшылығы арасында айырмашылық ретіндегі бюджет тапшы-лығының бір түрі. Циклдік тапшылық экономикалық белсенділіктің ауытқу себептерімен түсіндіріледі. 6. Бюджет тапшылығын қаржыландырудың бірнеше әдістері бар: 1) ақша эмиссиясы; 2) Орталық банктен қарыз алу; 3) жеке сектордан және сыртқы көздерден қарыз алу. Бюджет тапшылықтарының ел экономикасына әсер етуі көбінесе, сол елдің тапшылықты жоюда таңдап алған әдісімен анықталады. 7.Мемлекеттік қарыз – мемлекеттің алдында тұрған физикалық және заңды тұлғаларға, шетел мемлекеттеріне, халықаралық ұйымдар мен субъекті-лерге деген қарыздық міндеттемелері. Мемлекеттің ішкі және сыртқы қарыздары болады. Ішкі қарыз – мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу үшін ел ішін-дегі резиденттерден алған қарыз сомалары. Сыртқы қарыз – мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу үшін шетелдердегі резидент емес тұлғалардан (үкіметтен, ұйымдардан, азаматтардан) алған қарыз сомалары. Дәріске арналған әдістемелік кеңестер: 1. Студент тақырыпты оқу барысында бюджет-салық саясатының мәнін, түрлерін, елдің бюджеттік жүйесін, мемлекеттік бюджеттің табыстары мен шығындарының негізгі баптарын, елдің мемлекеттік бюджетінің тапшылығы мен мемлекеттік қарыз мәселелерін, дискрециялық және автоматты бюджет-салық саясатының жүргізілуін, сонымен қатар, бюджет мультипликаторын, салық мультипликаторын және баланстанған бюджет мультипликаторын міндетті түрде білуі қажет. 2. Студент тақырыпты оқи отырып мыналарды игере алуы керек: - елдегі бюджет-салық саясатының тиімділігін анықтай білу; - мемлекеттік шығындар (бюджет) мультипликаторын, салық мультипликаторын және баланстанған бюджет мультипликаторын есептей білу. 3. Студент бюджет-салық саясатын талдау және оның қоғамның макроэкономикалық жағдайына әсерін бағалай алу сияқты қабілеттіліктермен шыңдалуы қажет. 4. Тақырыптағы негізгі мәселелердің графикалық көріністерін түсіндіре білу. 5. Тақырыпты оқу кезінде негізгі әдебиеттер тізімінде көрсетілген оқулықтарды терең меңгеріп игеру қажет. 6-тақырып. Жалпы шолу дәрісі Ақша нарығы Мақсаты:ақша рөлінің және макроэкономикалық қызметтерінің мәнін ашу, ақшаға сұраныстың негізгі теорияларын талқылау, ақша ұсынысы, ақша мультипликаторы, ақша базасы сияқты мәселелерді қарастыру, Ақша нарығының тепе-теңдігін қарастыру. Ол үшін дәрістің төмендегідей сұрақтарын талқылау қажет. Дәріс жоспары: 1. Ақшаның макроэкономикалық мәні, қызметтері, агрегаттары. 2. Ақшаға деген сұраныс және оның теориялары. 3. Ақша ұсынысы және ақша мультипликаторы. Ақша нарығындағы тепе- теңдік. Негізгі түсініктер:ақша; ақшаның қызметтері; ақша агрегаттары; атаулы пайыз мөлшерлемесі; нақты пайыз мөлшерлемесі; нақты кассалық қалдықтар; ақшаның сандық теориясы; Фишер теңдеуі; ақшаның бейтараптылығы; ақшаға деген сұраныс; ақшаға деген сұраныстың үлгілері; ақша ұсынысы; ақша нарығындағы тепе-теңдік; ақша базасы; ақша мультипликаторы; ақша ұсынысының қысқа және ұзақ мерзімдегі қисықтары; т.б. Тақырыптың мазмұны.Ақшалар нарықтық экономикада аса маңызды элемент ретінде жұмыс істейді, ал ақша нарығы мен бағалы қағаздар қаржы нарығының құрамдас бөліктері ретінде игіліктер нарығы және еңбек нарықтарымен қатар, негізгі макроэкономикалық нарықтар болып табылады. Ақшалар (ақша массасы) және бағалы қағаздар (ең алдымен, акциялар мен облигациялар) қоғамның қаржы активтерінің негізгі түрлері болып табылады. Ақшаның негізгі қызметтері бар: • құн өлшеу құралы ретінде – тауарлардың бағалар түріндегі құндарын өлшеу және салыстыру үшін қызмет атқарады; • айналым құралы немесе жалпылама айырбастау құралы ретінде – айырбас кезінде делдалдық қызмет атқарады; • жинақтау (құнды сақтау) құралы ретінде – болашақта сатып алушылық қабілетті қамтамасыз ету қызметін атқарады; • төлем құралы ретінде – несиелік төлемдерді қайтару үшін қызмет атқарады; • әлемдік ақшалар ретінде – әлемдік нарыққа қызмет көрсету үшін қолданылады. Өтімділік (ликвидтілік) деген аса маңызды макроэкономикалық категория ақшалармен тығыз байланысты, ол ақшаның ерекше қасиетін және белгісін білдіреді. Активтің немесе мүліктің барлық түрлері үшін өтімділік олардың өз құнын еш жоғалтпай ақшалай формаға тез айнала алу қабілетінің болуын сипаттайды. Өз кезегінде, ақшалар абсолютті өтімділікке ие: әртүрлі тең жағдайларда олар тауардың кез-келген түріне айырбастала алатындай қабілетке ие болып табылады. Ақша массасы – бұл экономиканың шаруашылық айналымына қызмет көрсететін және жекелеген тұлғаларға, фирмаларға және мемлекетке тиесілі қолма-қолды және қолма-қолсыз түрдегі төлем құралдарының жиынтығы. Ақша массасы экономикада біртекті (стандартты) болып табылмайды. Оның құрамына сатып алушылық және төлемдік құралдармен қатар, депозиттік сертификаттар, чектер, жинақтаушылық шоттар және басқа да құралдар ретіндегі компоненттер кіреді. Бұларды «квази-ақшалар» (ақша сияқты) немесе өтімділігі бар активтер деп атайды. Бір-бірінен өтімділік дәрежелері бойынша ерекшеленетін ақша массасының құрылымдық элементтерін ақша агрегаттары деп атайды. Ақша агрегаттарының мынадай түрлері бар: М0 = айналыстағы қолма-қол ақшалар; М1 = М0 + жинақ банктеріндегі, коммерциялық банктердегі халықтың және кәсіпорындардың талап етілгенге дейінгі депозиттері, халықтың және кәсіпорындардың есеп-айырысушылық және ағымдық шоттардағы қаржылары, саяхатшылардың чектері; М2 = М1 + кіші жедел салымдар; М3 = М2 + ірі жедел салымдар, банктердің депозиттік сертификаттары, мемлекеттік займ облигациялары. Сонымен қатар, нарықтық экономикасы дамыған елдерде L деген агрегат та қолданылады, яғни, L = M3 + қазыналық жинақ облигациялары, коммерциялық қағаздар, қысқа мерзімдік мемлекеттік міндеттемелер және т.б. Макроэкономикалық талдауда М1 және М2 ақша агрегаттары аса жиі қолданылады. Нақты ақиқат ақшалар немесе тар мағынадағы ақшалар болып макроэкономикада М1 агрегаты табылады. Ал қалған агрегаттар (М2, M3, L) «квази-ақшалар» ретінде сипатталады. Сонда M1 мен «квази-ақшалардың» қосындысы кең көлемді ақшалар деп аталады. M2 және M3 ақша агрегаттары айналым құралы ретіндегі қызметінен гөрі жинақтау құралы қызметін атқаратын қаржы активтерінің алуан түрлілігінен құралады. Ақша агрегаттарының динамикасы нарықтағы пайыздық қойылымның деңгейіне байланысты өзгеріп отырады. Ақшаның нарығында пайыздық қойылым (атаулы және нақты) ақшаның альтернативтік құны ретінде көрінеді және жинақтарды ақшалай формада сақтауға байланысты жіберіп алған балама табысты сипаттайды. Ақшаға деген сұраныс (Мd) – бұл тұрғындар мен фирмалардың берілген уақыт мезетінде белгілі бір төлем операцияларын жүргізу үшін нақты қаражаттар көлемін өз қолдарында ұстағысы келетінін білдіретін қалаулары; нарықтың ақша қаражаттарына деген жалпы қажеттіліктері. Бұл сұранысты сол ақшаның көмегімен әрдайым сатып алуға болатын тауарға сұраныс деп түсінуіміз қажет. Ақшаға сұраныстың әртүрлі теориялық модельдері бар: Ақшаға сұраныстың классикалық сандық теориясы. Классиктер ақшаға сұранысты ақшаның сандық теориясымен түсіндіреді және ол айырбас теңдігі арқылы көрсетіледі: MV = PY, мұнда, М – айналыстағы ақшаның саны; V – ақша айналысының жылдамдығы; Р – бағалар деңгейі (бағалар индексі); Y – шығарылым көлемі. Ақша айналымының жылдамдығы тұрақты деп есептелінеді. Бұл жағдайда атаулы ЖІӨ ақша массасына тура байланыста өзгеріп отырады. Классикалық теорияға сәйкес, нақты ЖІӨ баяу өзгереді. Сондықтанда, атаулы ЖІӨ-нің өзгерісі баға деңгейінің өзгерісін көрсетеді. Сөйтіп, ақша массасының өзгерісі нақты көрсеткіштерге әсер етпейді, тек атаулы көрсеткіштерге ғана әсер етеді. Бұл құбылысты «ақшаның бейтараптылығы» деп атайды. Ақшаға сұраныстың кейнстік теориясы – өтімділікке артықшылық беру теориясы деп атайды. Осы теория бойынша адамдарды қолма-қол ақша сақтауға итермелейтін негізгі үш себеп қарастырылады: 1. Келісімдер уәжі (трансакциондық мотив), мұнда ақшаға сұраныс әрдайым тауарлар мен қызметтерді сатып алуға немесе ағымдағы мәмілелерге қажетті қолма-қол ақшаның қажеттілігі ретінде қарастырылады. 2. Сақтық уәжі (мотив), мұнда ақшаға сұраныс болашақтағы күтпеген кездейсоқ жағдайларға байланысты адамдардың қолма-қол ақшаға қажеттілігін білдіреді. Мұндай себеп әдетте, адамдарда көзделмеген төлемдерге тап болғанда пайда болады. 3. Алыпсатарлық уәжі (спекулятивтік мотив), адамдардың өз байлықтарын қаржылық активтер түрінде сақтауға тілек білдіруіне байланысты ақшаға сұраныс ретінде қарастырылады. Мұндай сұраныс кезінде ақша қаржы активтерін сату және қайта сату арқылы табыс әкеледі. Ақшаға сұраныстың бұл түрі пайыздық қойылым мен құнды қағаздар бағамына байланысты. Пайыз артқан сайын құнды қағаздардың құны төмендей береді, соған сәйкес, құнды қағаздарға сұраныс өседі. Бұл қолма-қол ақшаны азайтып, ақшаға деген сұранысты төмендетеді. Осыған байланысты, пайыздық қойылым мен ақшаға сұраныс арасындағы кері тәуелділіктің бар екенін байқауға болады. Келісімдер уәжі мен сақтық уәжі ақшаға трансакциондық сұранысты сипаттайды, яғни қазіргі және болашақ кезеңдерде келісімдер үшін қажетті ақшаның көлемін анықтайды. Ақшаға деген трансакциондық сұраныс ең алдымен, табыс деңгейіне тәуелді, ал пайыздық қойылымға тәуелді емес. Сондықтанда, оның сұраныс қисығы тік сызық түрінде орналасады (сурет 6.1 а). Ақшаға алыпсатарлық сұраныс пайыздық қойылымға тәуелді және оның сұраныс қисығы теріс көлбеулі болып табылады (сурет 6.1 ә). Кейнс теориясы бойынша ақшаға жиынтық сұраныс екі өзгермелі функцияны көрсетеді: а) табыс; ә) пайыздық қойылым. Md = M (Y, r) r r Mdт (Y) Mda (r) 0 М 0 М а) ә) Сурет 6.1 Ақшаға деген трансакциондық және алыпсатарлық сұраныс Сонымен, екі теорияны қорыта келе, ақшаға деген сұранысқа әсер ететін мынадай факторларды атап көрсетуге болады: 1) табыс деңгейі; 2) пайыздық қойылым; 3) ақша айналымының жылдамдығы. Классикалық теория ақшаға сұранысты нақты табыспен байланыстырса, кейнстік теория ақшаға сұраныстың негізгі факторы ретінде пайыздық қойылымды алға тартады. Ақша ұсынысы (Ms) – бұл банктен тыс айналымдағы ақша көлемі. Ол қолма-қол ақшалар (С) мен экономикалық агенттердің талап еткенге дейінгі депозиттерінен (D) құралады немесе ақша ұсынысын M1 ақша агрегаты деп қарастыруға болады: Ms = C + D. Екінші деңгейлі банктер депозиттерінің бір бөлігін ғана резерв түрінде сақтайды, ал қалған бөлігін несиелер түрінде қарыз беру үшін және активті операциялар жүргізу үшін пайдаланады. Басқа қаржылық институттарға қарағанда, банктер ақша ұсынысын өсіре алады. Ақша ұсынысын өсіру банктік немесе несиелік (депозиттік) мультипликаторын іске қосу арқылы жүзеге асырылады. Банктік мультипликатор – екінші деңгейлі банктер жүйесі шеңберіндегі төлем құралдарының эмиссиялық үрдісі. Қосыша ақша ұсынысының жалпы түрі жаңа депозиттің пайда болуы нәтижесінде туындайды: Ms = 1/rr × D, мұндағы, rr – банктің орталық банкте сақтайтын міндетті резервтерінің нормасы; D – алғашқы депозит түріндегі салым: 1/rr – банктік немесе депозиттік мультипликатор. Орталық банк ең алдымен, ақша базасын реттейді. Себебі, елдегі ақша массасы ақша базасының көлеміне байланысты болады. Ақша базасы (МВ) – банк жүйесінен тыс қолма-қол ақшалар (С) мен Орталық банкте коммерциялық банктердің міндетті түрде сақтайтын резервтерінің (R) қосындысы: MВ = С + R. Ақша ұсынысының жалпы үлгісіне ақша мультипликаторы да кіреді. Ақша мультипликаторы (m) – бұл ақша ұсынысының ақша базасына қатынасын сипаттайтын сандық коэффициент: m = Ms / МВ = Ms = m × MB. Ақша мультипликаторы ақша базасы бір бірлікке өскенде, ақша ұсынысының қалай өзгеретіндігін көрсетеді. Ақша мультипликторын депозиттеу коэффициенті (cr) және резервтеу нормасы (rr) арқылы да анықтауға болады: m = Ms / МВ = C + D / C + R, егер, екі өрнектің алымын да бөлімін де D-ға бөлсек, онда: m = cr + 1 / cr + rr, мұнда, cr = C / D; rr = R / D. cr – депозиттеу коэффициенті, оның шамасы халықтың қолма-ақша мен депозитті қандай пропорцияда бөлетініне байланысты болады. rr – Орталық |